• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 30 Наурыз, 2022

Фаризаның жетімдері

570 рет
көрсетілді

Әдебиетте белгілі бір жастар тобының әдеби салонның, журналдың, газеттің, әдеби тұлғаның, клубтың төңірегіне топтасу дәстүрі әу бас­тан бар. Әдетте оларды нақты бір идея біріктіреді. Сол идея ағымдар мен мектептерді қалыптастырады. Бізде оның бірнеше жарқын үлгілері бар. Абай айналасы, Жамбылдың ақындық ортасы. Қасымның төңірегі, Мұқағалидың маңайы, Жұматайдың қағанаты.

Мұның өзі де шартты нәрсе. Орта ақын­ды қалыптастырады немесе ақын ортаны қалыптастырады. Екіншісін, белгілі бір аймақтардағы әдеби процестен анық көруге болады. Біріншісі, үлкен орталардағы ахуал. Онда теңіздің астындағы ағыстай бірнеше қуатты ағындар қатар жүріп жатады.

Тәуелсіздік жылдарындағы әдеби кеңіс­тік жайлы сөз айтқанда, біз бірнеше ай­мақтардағы ақын-жазушылардың сол өңірдегі жастардың қалыптасуына үлкен мектеп болғанын аңғарамыз. Ақтөбедегі Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев, Арқадағы Серік Ақ­сұң­қарұлы, Шымкенттегі Мар­хабат Бай­ғұт, Қаныбек Сары­баев, Семейдегі Тыныштықбек Әбді­кәкімов, Жамбылдағы Елен Әлімжан, Несіпбек Дәутайұлы, Серік Томанов, Маңғыстаудағы Сабыр Адай, Свет­қали Нұржан, Сырдағы Шәки­зада Әбдікәрімов, Керекудегі Арман Қани...

Әрбірі бір тау тектес осы қалам­герлер аймақтарда тұрып-ақ әдеби дәстүрлерді қалыптастырды, жастарды өсірді, ең бас­тысы – байтақ елдің биік әдебиетін сомдады. Аймақта жатып-ақ ахуал жасады.

Ал Алматының әдеби ортасы өзінің асқақ қалпымен, алып ақында­рымен, арынды ағындарымен мәңгілік арқырап, арнасына сыймай, телегейдей тебіреніп, бірде бауырына басып, бірде кеудеден итеріп, жатырқап, тосырқап, сағынысып, сағым құшып, сәт сайын жаңарып жататын құбылыс емес пе?!.

Елорда енді еңсе тіктегенде...

Жалпы, астаналық әдеби ортаның қалып­тасуы аса баяу жүргенін жаттан естімей жақсы білеміз. Әуел баста Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова, Әкім Тарази, Төлен Әбдік, Несіпбек Айтұлы, Әнес Сарай, Қажығали Мұханбетқалиұлы, Алдан Смайыл, Серік Тұрғынбекұлы, Әлібек Асқаров санатты қазақ әдебиетінің қадау-қадау тұлғалары көш бастап келді. Ілесе, сондағы жастар, қазіргі орта буын өз орнын тапты. Көктемді өлкелерден алып келген көшеттей жас шыбықтар бірден жерсінбеді ме, әдеби миграция ұзақ жүрді. Бірі келді, бірі кетті. Келдің деген де ешкім болған жоқ, кеттің деген де.

Бірақ осы көктем құстары да елорданың қысқы кештеріне бауыр баса бастады. Ар­лан бөрі ұлығандай Арқаның боранына да, жалғыздық аязына да, жатырқау үсігіне де иммунитет қалыптасты.

Елорданың қазіргі әдеби өмірі кі­сі қызы­ғардай өзгеріп келеді. Жаңа қайратпен іске кіріскен Жазушылар одағының филиалы, кітапханалармен қызу байланыстар, «Егемен Қазақ­стан» газетінің әдеби ортасы – бәрі-бәрі мұн­дағы әдеби өмірді жаңарта, түлете түсті. Астанаға алып ақын­дардың жаңа көші келе бастады: Ғалым Жайлыбай, Гүлнәр Салықбай, Сұраған Рахметұлы. Алғашқы көшпен келген алыптардың аяғын ала келген албырт жастар да тоңы жібіген топыраққа тамыр жіберді.

Астанаға алғаш келгендер Фариза Оңғар­сынованы іздейтін, әлі де сол, бейітінің басына барып булығып тұрады, Алматыға барғандардың Мұқағалиды іздейтіні іспетті. Айт­қысы келеді. Бәрін. Жа­нының ауыр­­ғанын, жанын ауырт­қанын. Оң­ғарсынова елорда әдебиет айдынында маяк секілді болатын. Желке­нін енді көтерген жас жүректер соған ұмтылатын. Жастармен бірге жылайтын, күлетін, ызаланатын. Солардың сөзін сөйлейтін. Кейін өтпей қалған көп фестивальдердің де басында Оңғарсынова тұратын. Ол кеткен соң...

Орыс әдебиетінде «Ахматованың жетім­дері» деген ұғым бар. Бұл ұғым­ды Аннаның жанына жиналған, қам­қорлығын көрген, өздері де көмектескен, ойлас, сырлас, мүдделес болған жастар енгізді. Ол жастардың басында Иосиф Бродский тұратын. Иосиф Бродский, Дмитрий Бобышев, Анатолий Найман, Евгений Рейн секілді ақындардың «Ахматова учила нас не поэзии, не поэ­тическому ремеслу, — ему тоже, но походя, и, кому было нужно, тот учился. Это был факультатив. Она просто создавала атмосферу определенного сос­тава воздуха» деген сөзі де содан қалған.

Ауа... Ақындық ауасы... Кейде көз жасын көрсеткісі келмей қыстығып тұрған жастарды көргенде апасын жоғалтқан баланы – Оңғарсынованың жетімдерін көргендей аласапыран күй кешемін.