Кейінгі уақытта жаһанды жайлаған пандемия, аласапыран оқиғалар медициналық-санитарлық алғашқы көмектің (МСАК) көкейкестілігі мен сапасын көтеруді күн тәртібіне қайта шығарды. Осы саланың мамандары болмаса, МСАК-қа қатысты Қазақстанда екі бірдей негізгі жаһандық декларация қабылданғанын көпшілік біле бермес. Мәселен, 1978 жылы мүше мемлекеттер қабылдаған Алматы декларациясы әлемде денсаулық сақтаудың дамуына игі ықпалын тигізсе, қырық жылдан кейін 2018 жылы МСАК жөніндегі жаһандық конференция алаңында ДДҰ-ға мүше мемлекеттер оның ізбасары – МСАК жөніндегі Астана декларациясын қабылдады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросының басшысы Ханс Клюгенің Қазақстанға арнайы келуінің мәнісі бар. 2016 жылы ДДҰ мен Қазақстан бірігіп, елімізде ДДҰ Еуропалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығын құрған болатын. Енді міне, араға алты жыл салып, ДДҰ Еуропалық бюросы мен Қазақстанның бірлескен әрекетінің қорытындысын шығаратын уақыт келді. Ханс Клюгенің осы сапарында ДДҰ-ның Қазақстандағы медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі Демонстрациялық платформасын құру көзделіп отыр. Айта кетерлігі, ДДҰ МСАК жүйесіндегі озық тәжірибелерді көрсету үшін үздік алаң ретінде Қазақстанды таңдады. Осы сапарда лауазымды тұлға Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы ауылдық денсаулық сақтау нысанын көрді. Доктор Ханс Клюге демонстрациялық платформа үлгісінде, әсіресе ауылдық денсаулық сақтауда МСАК-тың үздік тәжірибелерін ілгерілету жөніндегі Қазақстанның күш-жігеріне таңданысын білдірді.
«Елді мекендерде денсаулық сақтау қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету өте маңызды. Бұл – денсаулық сақтаудың жаңа дәуірі. Ол тұрақты даму мақсаттарына және ДДҰ Еуропалық бағдарламасына өте жақын», деді Ханс Клюге.
ДДҰ өкілі Қазақстанның медициналық-санитарлық алғашқы көмекті нығайтудағы тұжырымдамадан іс-қимылға көшу жөніндегі мысалы МСАК ұлттық қызметтерін дамытуда басқа елдерге жәрдемдесуге бағышталғанын атап өтті. ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросының басшысы мен еліміздің Денсаулық сақтау министрі алдымен С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студенттерімен «Біздің денсаулық сақтау жүйеміздің болашағы: медициналық-санитарлық алғашқы көмек үшін бедел, құлшыныс, құзыреттілік» тақырыбында кездесу өткізді.
«Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көп ел ұмтылып отырған денсаулық сақтау жүйесінің барлық мақсатына қол жеткізудің кілті. Яғни бұл – халықтың денсаулығын жақсарту, денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамтуға көшу, ауруларды асқындырмай анықтауға және емдеуге баса назар аудару арқылы теңсіздікті азайту, жұқпалы емес аурулардан болатын мезгілсіз өлім-жітімді азайту», деді мәртебелі мейман.
ДДҰ өңірлік бюросының директоры әлем тез өзгеретін кезеңде прогресс пен трансформациядағы жастардың жетекші рөлін ерекше атай келе: «Жастардың қатысуы қазіргі іс-әрекеттеріміздің ұрпақтың болашақ қажеттіліктері және мақсаттарға қол жеткізу мүмкіндігіне кепілдік береді. Бұл өз кезегінде, қауіпсіз және әділ қоғамның негізі», деді.
А.Ғиният студенттерге Қазақстандағы медициналық алғашқы көмектің дамуының негізгі кезеңдері туралы баяндады. Бүгінде МСАК ұйымдарында 12 мыңнан астам учаске жұмыс істесе, онда 9 мың жалпы практикалық дәрігер пациенттерді қабылдайды. Денсаулық сақтау министрі 1998 жылы отбасылық дәрігерлерді дайындау мен оны елде жаппай енгізу басталғанын, 2010 жылы МСАК-қа әлеуметтік және психологиялық қызметтерді енгізу үлкен жетістік болғанын еске түсірді. 2014 жылы патронаждық қызметтің әмбебап прогрессивті моделі, 2018 жылы созылмалы инфекциялық емес аурулары бар адамдарды қолдауға арналған ауруларды басқарудың бағдарламалары енгізілген. Ведомство басшысының айтуынша, барлық қолданыстағы және жаңадан қабылданатын шара халыққа, оның ішінде шалғай ауыл тұрғындарына медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ елімізде геронтологиялық учаскелерді енгізу де жоспарлап отыр. Министр пандемия кезінде үлкен ауыртпалық МСАК деңгейіне түскенін еске салды. Медицина қызметкерлерін материалдық қолдау мен дәрігер мамандығының мәртебесін арттырудың нақты шаралары туралы айта келе жыл сайынғы дәрігерлердің жалақысын арттыруды ескере отырып, 2023 жылы 550 мың теңгеге дейін ұлғайту қарастырылғанын, бұл экономика бойынша орташа жалақымен салыстырғанда 2,5 есе жоғары екендігін жеткізді. Сонымен қатар студенттерге арналған грант пен стипендия көлемін арттыру, ауылдық жерге жұмыс істеуге келген медициналық жоғары оқу орындарының түлектері үшін әлеуметтік пакетті жақсарту мәселелерін қозғады. Министр кездесуді қорытындылай отырып, Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп, МСАК-тың денсаулық сақтау жүйесінің қызметтерін қамтамасыз етудегі жетекші вектор болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросы мен Қазақстанның алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласындағы ынтымақтастыққа арналған дөңгелек үстел өтті. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстанға да, әлемдік қоғамдастыққа да денсаулық сақтаудың болашағы маңызды екенін атап өтті. Өйткені тұрақты даму саласындағы №3 мақсат барлық адамның денсаулығы мен әл-ауқатын нығайту қажеттілігін білдіреді. Ол ДДҰ елдік кеңсесінің Қазақстан Үкіметімен нәтижелі ынтымақтастығы туралы баяндап, қоғамдық денсаулық сақтаудың өзекті мәселелерін шешуде техникалық, консультациялық және әдіснамалық қолдаудың маңыздылығына тоқталды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына пандемия кезінде медициналық құралдар мен жабдықтар, тесттер, ақпараттық материалдар, жеке қорғаныс құралдары түрінде көрсетілген техникалық және гуманитарлық көмек үшін алғысын білдірді.
А.Ғинияттың айтуынша, коронавируспен күрестің қиын кезеңдерінде ДДҰ қолдауымен денсаулық сақтаудың 6 мыңдай ұлттық маманы оқытылған.
«Бүгінде денсаулық сақтау жүйесі емделушіге және адамдарға бағдарлануы тиіс. Біз мұндай модельдерді көреміз. МСАК жүйесі іс жүзінде пациенттерді ауруларды басқару бағдарламаларына тарту жағына қарай өзгереді, онда науқас пен дәрігер өз күш-жігерін біріктіреді. Бұл үшін мобильді қосымшаларды, денсаулық жағдайын бақылауға арналған жабдықты пайдаланамыз. Біздің міндетіміз – пациенттер үшін өз хал-жағдайын дұрыс бақылауға, дәрігерлік тағайындауларды ұстануға ынталандыру», деді министр.
ДДҰ ЕАБ директоры Ханс Клюге соңғы екі жылда ДДҰ-ның алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Еуропалық орталығы өзінің жаңа тұжырымдамасын әлемнің өзгеріп жатқан қажеттіліктеріне бейімдей отырып, өз жұмысының қарқынын едәуір арттыруға қол жеткізгенін атады. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ДДҰ-ның күн тәртібінде басты орында тұр. Пандемияға байланысты Еуропаның барлық елі медициналық-санитарлық алғашқы көмектің бұрынғыдан да маңызды екенін мойындады.
2020-2021 жылдары елімізде 93 медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығы ашылған. Сонымен қатар 2025 жылға қарай 500-ге жуық МСАК нысанын салу және ашу жоспарда болса, оның ішінде 420-сы ауылдық жерде пайда болады. Сондай-ақ 350 МСАК нысаны күрделі жөндеуден өтеді. Медициналық ұйымдарды қаржыландыру бірыңғай тарифтер жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
«ДДҰ-ның МСАК жөніндегі Еуропалық орталығының соңғы екі жылдағы жұмыс нәтижелерін ұсынып отырғанымызға қуаныштымыз. COVID-19 пандемиясы кезінде елдер алғашқы медициналық-санитарлық көмектің шынайы әлеуетін толығымен түсінді. Біз техникалық сараптамаға негізделген пандемия кезіндегі елдердің іс-әрекеттері мен тұжырымдаған сабақтарын жинақтап бірегей ресурстарға біріктіре алдық. Мысалы, аналитикалық шолулар, елдік шолулар, мүше-мемлекеттерге арналған кеңестер, «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы сөйлесейік» ток-шоуы, алғашқы медициналық-санитарлық көмек жұмысын басқару бойынша тренингтер және тағы басқалары. Орталық еуропалық барлық 53 мүше-мемлекеттің алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін нығайтуға қолдау көрсетеді және техникалық көмек көрсету үшін 20 елмен тығыз жұмыс істеп отыр», деді ДДҰ Еуропалық орталығының алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі кеңсесінің басшысы Мелитта Якаб.
Ең бастысы, Қазақстан әлемге алғашқы медициналық-санитарлық көмекті нығайтуда тұжырымдамадан әрекетке көшудің үлгісін көрсетуде. Келесі міндет – басқа елдерге осы жетістіктер жөнінде білім мен тәжірибе алмасудан пайда алуын қамтамасыз ету. Доктор Ханс Клюге 2016 жылы ДДҰ мен Қазақстан бірлесіп ДДҰ Еуропалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығын құрғанын атап өтті. Кейінгі екі жылда жұмыс айтарлықтай қарқын алды.
«Біз аймақтағы 20-дан астам елге медициналық-санитарлық алғашқы көмекті нығайту мақсатында техникалық кеңес беру арқылы қолдау көрсетеміз. Саяси кеңестер береміз және елдер арасындағы халықаралық алмасуды ұйымдастырамыз. Орталықтың кейінгі екі жылдағы жұмысын қорытындылап, бірлескен жұмысымызды әрі қарай қалай күшейтуге болатынын талқыладық. Ісімізді ілгерілетуді қолдағаны үшін Қазақстан Үкіметіне алғысымды білдіремін!», деді ол.
АЛМАТЫ