«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында «Ақтөбе облысы үздік ұстаздарының іс-тәжірибе жұмыстарын тарату» атты республикалық семинар өткізілді. Семинарға Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, барлық облыстардың білім басқармасының кадр мәселелері бойынша бөлім жетекшілері, мамандары, облыстық, Астана және Алматы қалалары, аудандық, қалалық әдістемелік кабинеттерінің меңгерушілері, кадр жөніндегі мамандары, озық іс-тәжірибесі облыс көлемінде таратылған ұстаздар қатысты.
Үздік ұстаздар бас қосқан алқалы жиында облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова сөз алып, өңірде білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Білім беру сапасын арттыру, ұстаздар қауымының беделін көтеру бағытында жасалып жатқан шараларды тілге тиек етті.
Семинарға қатысушылар алдында Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру департаментінің бас сарапшысы Айман Дүйсенбаева «Мұғалім мәртебесінің жоғары болуы – білім беру жүйесін жаңғыртудың басты шарты», Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Нұргүл Әбішева «Облыс педагогтарының инновациялық іс-әрекеттік әлеуетін көтеруге әдістемелік қолдау көрсету», Ақтөбе қалалық ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Ж. Мұхамбетова «Әдіскерлердің заманауи өзіндік инновациялық кеңістігін жобалау» деген тақырыптарда баяндама жасады.
Содан кейін семинарға қатысушылар баяндамаларда қозғалған білім беру саласының өзекті мәселелері бойынша пікір алысты, ой бөлісті, ұсыныстарын айтты. Семинар аясында Ақтөбе облысының білім саласы үздіктері марапатталды. Семинардың екінші бөлімінде түрлі тақырыптарда шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.