Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған маңызды міндеттерді жүзеге асыру жас ғалымдарға ерекше жауапкершілік жүктеп отыр.
Бүгінде елімізде, сондай-ақ шетелдерде білім алып жатқан жастар алған білімі арқылы еліміздің таяу жылдардағы дамуына серпін беретін рухани, мәдени әрі экономикалық келешегі зор әлеуетке ие.
Жастар қай салада болсын жылдамдық, цифрлы серпілістер мен дәстүрлі білімді ұштастыра отырып, инновациялық жетістіктерді іс жүзіне асыруға дайын. Бұл бағытта болашағын шетелдерден іздеп елден кетіп жатқан жастарға көңіл бөлу, сонымен бірге алдағы екі-үш жылда жоғары білім мен техникалық кәсіптік білім орындарын бітіретін жастардың әлеуметтік ахуалына көңіл бөлу, оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету уақыт күттірмейді.
Сонымен бірге білімді жастардың шетелдің үздік оқу орындары ғана емес, өндірістік орталықтарында тәжірибеден өткізіп, осы біліктерін еліміздің дамуына бағыттау шаралары да кешенді жүзеге асуға тиіс деп білемін.
Кейінгі жылдары технократ жастарды оқыту, тәрбиелеу мәселесі жиі көтеріліп жүр. Осы орайда техникалық білім беру орындарын тәмамдайтын түлектердің жұмысқа орналасуы, олардың кәсіби тәжірибе алаңдарында біліктіліктен өтуіне назар аудару да маңызды мәселе.
Сонымен қатар еліміздегі барлық оқу орны түлектерінің форумдарын, дискуссия алаңдарын жиі ұйымдастырып отыру жастардың болашаққа деген нық әрі сенімді қадам жасауына ықпал етуге қызмет ететіні сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға үлкен үміт арта отырып, Ұлттық ғылым академиясы мен ғылыми-зерттеу институттары ғалымдарының белсенділігіне сеніммен қарайды.
Экономикалық, әлеуметтік секторда қордаланған мәселелердің шешімін табуы нақты іс пен кәсіби бағдарға байланысты екені белгілі. Осыған орай жастардың кәсіби өсуі, білікті маман деңгейіне жетуін мақсат ететін орталықтардың жоғары оқу орындары жанында белсенді жұмыс істегені маңызды. Ол белгілі бір дәрежедегі жас мамандарды ғана емес, креативті ойы ұшқыр кез келген жастың тәжірибе алаңына айналуға тиіс деп білемін.
Отансүйгіштік, ұлттық құндылықтарды нығайту жолындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда жастарды шет қалдырмай, тәрбие ошақтарының барлық деңгейінде басты байлығымыз – Тәуелсіздігіміздің тұғырын сақтау мен ұлттық бірегейлікті нығайту, еліміздің жаңаруына бағытталған жобаларды жүзеге асырудың маңызды екендігіне баулу, заманауи жетістіктерді ел дамуының келешегі жолында жүзеге асырудың маңыздылығын түсіндіру қоғамдық өмірдің барлық саласына қатысты болуы қажет.
Тимур ӘПЕНДИЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты
Тарихи демография және Қазақстан халқы Ассамблеясы бөлімінің меңгерушісі