Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс жалғасып жатыр. Оның салдары екі елмен де бір тудың астында болған елімізге де оңай тиіп жатқан жоқ.
Ресейдің бейбіт тұрғындары арасында да дүрбелең бар. Ресейден көшуге бет алған халықтың алдымен бет алатын жерінің бірі Қазақстан екені даусыз. Осыған орай әлеуметтік желіде әртүрлі қауесет қаптап кетті. Олардың көбінде біздің елдің аумағына ресейліктердің көптеп енгеніне қарсылықтар айтылады. Оның үстіне қазір Ресей Федерациясы Қазақстан мен Моңғолияға жермен өтетіндер үшін барлық кедергіні алып тастады. Ал басқа мемлекеттерге өту әлі де шектеулі. Алдында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Ержан Біржанов 30 наурыздағы мәліметке қарағанда Қазақстанда 101 мың ресейлік жүргенін айтқан еді.
Осыған орай біз Солтүстік Қазақстан облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасына хабарласып, көшіп келушілер туралы мәлімет алған едік. Мәліметтерге қарағанда, мәселе соншалықты күрделі емес, қалыптағыдан соншалықты ауытқу жоқ.
Солтүстік Қазақстан облысы ПД Көші-қон басқармасының бастығы, подполковник Т.Әбілевтен алынған мәлімет биыл жылдың 1 қаңтар мен 30 наурыз аралығында Ресей Федерациясынан Солтүстік Қазақстан облысына 915 ресейлік азаматтың өткенін айтады. Ал өткен жылдың сәйкес мерзімінде бұл сан 984 болған екен. Келгендер не мақсатпен кірді деген сауалға мынадай жауап алдық: жұмыс бабымен – 581 адам, отбасымен бірігу үшін – 243 адам, оқу мақсатымен 26 және т.б. келген. Ал тұрақты тұруды мақсат етіп келгендер саны – 32. 2021 жылдың сәйкес мерзімінде бұл сан 39 болған. Әрине, келу мақсатын жасырып, теріс көрсететіндер көп болады. Бірақ қалай десек те, аталған мерзімде кіргендер саны былтырғыдан көп емес екенін көреміз.
Көші-қон қызметі бізге Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдер азаматтарының Қазақстан Республикасында болуына рұқсат етілген мерзім – 90 күн екенін айтты. Ал бұл мерзімнен үш күн асқанда ескерту жасалады, бес тәулік болса 10 АЕК көлемінде, ал бес тәуліктен асып он тәулікке жетсе 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады екен. Ал он тәуліктен асса 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, әкімшілік жолмен шекарадан күшпен шығарып жіберіледі.
Көші-қон қызметінің дерегіне қарасақ, Солтүстік Қазақстан облысынан Ресей Федерациясына 1 қаңтар мен 30 наурыз аралығында тұрақты тұру үшін 363 азамат көшкен. Өткен жылдың сәйкес мерзімінде бұл сан 348 болған еді.
Аталған мерзімде Ресейден келгендер арасынан Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға 18 адам өтініш жасаған. Ал былтыр осы мерзімде өтініш жасағандар саны 27 болған. Айта кететін жайт, 2021 жылы Солтүстік Қазақстан облысынан Ресей Федерациясына тұрақты тұруға барлығы 2 110 азамат кеткен. Ал Ресейден Солтүстік Қазақстан облысына тұрақты тұруға 329 азамат тіркелген. Сонымен қатар былтыр барлығы 110 адам Қазақстан Республикасының азаматтығын алған.
Деректерге қарағанда, «ресейліктер Солтүстік Қазақстанға қаптап келіп жатыр» деген дүрбелеңге еш негіз жоқ. Көшелерде сырттан келіп жатқан бөтен адамдарға кездеспедік. Сондықтан жел сөзге ермей, сабырлы болайық, ағайын.
Солтүстік Қазақстан облысы