Соңғы жылдары қоғамды отбасындағы, білім мекемелеріндегі әлімжеттік, қараусыз қалған балалар тағдыры алаңдатуда. Ел болашағына қауіп төндіріп отырған келеңсіз жайттармен күресуге мемлекет тарапынан қарекет жасалып жатқанымен, бала құқығына қатысты мәселенің басы ашық қалып отыр.
Өткен жылы отбасы мүшелерінің жауапкершілігін арттыру, бала тәрбиесін күшейту, мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайту мақсатында «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Жарты жылдан астам уақыт ішінде 13 мыңнан астам ата-ананы игі іске жұмылдыра білген бірлестіктің Алматы қаласында да өкілдігі ашылып, қоғам қайраткерлері, ұстаздар саналы ұрпақ тәрбиелеу мәселесін талқылау үшін бас қосты.
Ұлттық кітапханада өткен жиынды бірлестік төрағасы Рақымбек Жолаев ашып, өңірлерде ата-аналармен тығыз байланыс орнату мақсатындағы іс-шараларға тоқталып өтті.
Р.Жолаевтың айтуынша, тәжірибе көрсеткендей, қоғамда баланың болашағына алаңдайтын, білім саласына жанашыр, белсенді ата-аналар аз. Ал тоқсан пайызға жуығы бала тәрбиесін білім беру ұйымдарына ысырып қойғанды жөн көреді. Табыс табу, әлеуметтік мәселелерге байланысты бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөле алмайтын отбасылар бар. Соның салдарынан буллинг, суицид, отбасындағы агрессия сияқты қоғам өміріне қауіпті жайттар белең алуда.
Жиында «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Нұркен Асанов, Адам құқықтары жөніндегі заңгер, PhD Халида Әжіғұлова, тағы да басқа мамандар өзекті тақырыпқа орай ой бөлісті.
Көпшілікті сапалы тұлға тәрбиесіне қоғам болып атсалысуға шақырған Сенат депутаты Дана Нұржігіт отбасындағы зорлық-зомбылықты, мектеп пен ата-ананың бала тәрбиесіндегі кемшін тұстарын сөз етті. Депутат буыны қатып үлгермеген балаларды ақпараттық агрессиядан қорғау, тиімді диалог құру мәселесінің қоғамда өткір тұрғандығын жеткізді.
Ал сенатор Динар Нөкетаева білім мен тәрбиені қатар алып жүргенде ғана нәтижелі іс болатынын жеткізді.
Бүгінде елімізде заманауи балабақшалар, мектептер, оқу орындары жеткілікті. Алайда балаға тек сапалы білім ғана емес, тәрбие де керек. Әл-Фараби айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы».
Бала тәрбиесінде ведомстволық органдардың әрқайсысы өз ісіне жауапты болуы керектігін алға тартқан Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова балалардың білімі мен тәрбиесі қоғамға ортақ міндет екенін атап өтіп, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлінің жоғары екендігіне тоқталды.
Алайда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты түйткілді мәселелер тыйылмай тұр. Бұл бағытта агрессормен күрес механизмдерін жүзеге асыратын органдар жұмысын жетілдіру уақыт күттірмейді. Өйткені өмірлік қиын жағдайда қалған балалардың тағдыры алаңдатады. Ал бірлескен істе әрбір тиісті мекеме өз міндетіне жауапты болуға тиіс.
Осы орайда «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің мамандары қоғам болып атсалысатын маңызды мәселелерден шет қалмауға шақырды.
АЛМАТЫ