• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Сәуір, 2022

Еңбек нарығы білікті маманға зәру

654 рет
көрсетілді

Қазіргі жағдайда еліміздің еңбек нарығындағы ахуал сын көтер­мейді. Зерттеулер көрсеткендей, түлектердің 30 пайыздан астамы болашақ мамандығын өз еркімен таңдамайды. Олардың жұ­мысқа орналаса алмау себептерінің бірі де осыған байланысты.

Бүгінгі еңбек нарығындағы жағдайға сыртқы факторлардың да әсері бар. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі колледждер мен өн­дірістер базасында жаппай дайын­дау мен біліктілікті арттыру орталықтарының санын кө­бейтуді жоспарлап отыр. Мұн­дай орталықтардың басым көп­шілігі жастар көп шоғырланған аймақтарда орналасады. Аталған ведомствоның мәліметі бойынша, Америка және Еуропа, Азия елдерінде жемісін берген тәжі­рибенің дағдарысты жағ­дайда Қазақстанға да оң әсері бар. Ес­керіліп отырған заманауи әдіс­тің нәтижесінде түлектер екі-үш ай­да біліктілігін арттырып, еңбек на­рығына шығуға мүмкіндік алады.

Соңғы деректер бойынша, әлемде қалыптасқан ахуалға байланысты Ресейдің 100 мыңға жуық IT маманы елден кетуі мүмкін. Мұның еңбек нарығында бәсеке тудыратыны басы ашық жайт. Олардың көпшілігі IT саласы, консалтинг, ақпараттық қауіпсіздік салаларына маман­данған. Сарапшы мамандар ресейлік IT компаниялардың Қа­зақстан нарығына келуінің жағым­ды тұстарын атап өтеді. Бұл үшін Қазақстан нарығына келген қандай да бір компанияға арнайы шарт болуы керек. Яғни заманауи технологиялар тілін меңгерген жоғары оқу орындары және колледждер түлектерін өндірістік тәжірибеден өткізіп, ары қарай жұмысқа орналасуын қарастыру еңбек нарығының салмағын біршама жеңілдетеді. Осы тұста қазақстандық түлектердің бә­секеге қабілеттілігіне байланысты да сұрақтар туындайтыны анық.

Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова Үкімет назарына жаңа мамандықтар ашуды ұсынған болатын. Өңірлерге барған сапарында депутат көпсалалы кә­сіптік-техникалық колледж­дерде мамандар даярлаудағы әдіс­теменің ескіргеніне, жоғары оқу орындарымен сабақтастықтың жоқтығына, жұмысшы мамандық­тардың коммерциялық бағытта дайындалмауы сияқты біраз кедергі бар екеніне көз жеткізген. Кәсіптік бағдарлау, еңбек нары­ғын зерттеу сынды шаралар жүргі­зілмейді. Өндіріс орындарымен байланыс жолға қойылмаған. Түлектердің алған дипломының жарамсыз болып қалуы да осы себептерге байланысты. Осы орайда бағыттау шараларын 7-сыныптан бастап, мамандық таңдауға жағдай жасау, пәндерге басымдық беру, еңбек олимпиадаларын өткізу мен колледж, жоғары оқу орындарымен өзара сабақтастық орнатумен қатар әр облыс аума­ғындағы шаруашылықтарға, биз­нес-құрылымдарға қандай маман­дардың қажет екенін зерттеуді ұсынған еді. Бүгінде орман, ауыл шаруашылығы, туризм саласына қажетті және омарта ісі сияқты мамандықтарға сұраныс жоғары. Ал оқыту жүйесінде теориялық білімге 20%, тәжірибеге 80% көңіл бөлу, мамандықтарды интеграция­лай отырып, колледж базасына кәсіпкерлерді тарту ескеретін жайт. Бұл болашақ мамандардың еңбек нарығы талаптарын жылдам игеріп кетуіне мүмкіндік береді.

Осы орайда Білім және ғылым министрлігінің колледждерде оқу үшін мемлекеттік тапсырыс санын 10 мың орынға ұлғайтып, оқуға ынталы қазақстандықтардың санын 100 мыңнан асыруды көздеп отырғаны аталған мәселелерді шешуге бағытталған ілкімді қадам­дардың бірі болмақ.

«Сапалы білім» ұлттық жобасы аясында 9-сыныптың барлық түлегі кезең-кезеңімен тегін білім ала алады. Биылғы оқу жылында алғаш рет азаматтардың әлеу­меттік осал топтарынан шық­қан балалар үшін де арнайы квота белгіленді. Сонымен қатар сарапшылар алдағы уақытта кол­ледж­дердің академиялық дер­бест­ік алуына байланысты білім бағдарламаларын заманауи талаптармен ұштастыруы өз нәти­жесін береді деген сенімде. Яғни нарық сұранысына ие мамандарды даярлауға елімізде толық мүмкіндік бар. Бұрын оқу жос­парлары мен бағдарламаларын дайындаған кезде колледждер типтік жоспарларын басшылыққа алса, енді жаңа тенденциялар мен нарық талаптарына сай жұмыс істей алады. Сонымен қатар ма­ман­дықтың күрделілігі мен оқу нәтижелерін ескере отырып, оқу мерзімін өз бетінше анықтайтыны колледж мамандарының нарық талаптарымен ықпалдастығына жол ашады.

Техникалық-кәсіптік білім беру саласында мамандар жетіс­пеушілігі де таяу уақытта шеші­мін табуы тиіс мәселе. Бүгінде бұл салаға қажеттілік 2,5 мың маманды құрайды. Мамандардың үштен бір бөлігінің жас мөлшері 55-тен асқан. Осы орайда педаго­гикалық кадрларды жастар арасынан қарас­тыру мәселесі де уа­қыт күт­тір­мейді. Еңбек ресурс­тары ор­талығының деректері бойын­ша, 2025 жылға дейін білім беру саласында кадрларға деген қажеттілік 200 мың адамға жетеді. Кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламаларын әзірлеуде сұранысқа ие кадрларды даярлау үшін бизнес субъектілерімен ық­палдастық мәселесі дұрыс жол­ға қойылуы қажет.

 

АЛМАТЫ