Биыл қазақтың ұлы әншісі, КСРО халық әртісі, Қазақстанның халық қаһарманы – Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев әйгілі әншінің атын ұлт жадында мәңгілік сақтау үшін еліміздің руханият пен мәдениет саласына бірқатар тапсырма бергені белгілі. Соған орай Отанымыздың үлкен қалаларындағы мәдениет ошақтарында атаулы датаға байланысты іс-шаралар өтті. Елордадағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік бірлестігіне Роза Бағланованың аты берілді. Әншінің костюмі, марапаттары, тұтынған заттары Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік музейге қойылды. Осынау игілікті істің басы-қасында жүрген мәдениет майталмандары – Жеңіс Сейдоллаұлы, Арыстанбек Мұхамедиұлы сынды азаматтардың әнші тойына қосқан үлестерін айта кеткен артық болмас. Екі ғасырдың куәсі, аты жарты әлемге жария болған Роза Тәжібайқызының шығармашылық жолы жарқын болды. Десек те өмір даңғылында тағдырдың «тар жол, тайғақ кешуін» көп көрген қазақтың қаһарман қызының ұлттық эстрада жанрының қалыптасуына сіңірген зор еңбегі туралы осы бір мөлтек мақаламызды арнағымыз келеді.
Эстрада! Эстрада!
Қай заман, қай ұлт болса да әлеуметтік һәм ойын-сауықтың авангарды осы өнер. Эстраданың күллі адамзатқа ортақ мәдени жәдігерге айналғанына бір жарым ғасырдан аса уақыт өтіпті. Оның ұрмалы-соқпалы жойпат екпіні мен еріксізді еліте кететін жеңіл әуезі «кәрі құрлық» (Еуропа) арқылы Еуразияға озды, кейіннен патшалық Ресейдің жалғасы болған Кеңес Одағы (КСРО) шекарасын көктей отырып, қазақтың байсал даласына да жетті. Өнер тарихын барласақ, біздің дарынды халық осы өнерді жатсынбай бойына тез сіңіріп ала қойғаны байқалады, тіпті өзіндік ұлттық реңкі бар жаңаша музыкалық калейдоскопқа айналдыра алған. Осынау Ұлы даладағы ұлттық мазмұндағы қазақтың эстрадалық музыкасының қалыптасуына тер төккен ғасыр бұлбұлы – Роза Бағланова еді!
Кешегі күндерде – Роза, Нағима, Сембек, бүгінде Димаш, Рухия, Иманбек секілді таланттарымен, «Досмұқасан», «Гүлдер», «А Студио», «Ұлытау» сынды аспапты ұжымдарымен әлем назарын аудартқан қазақ эстрадасының өзіндік үлгімен қалыптасқан кәсіби мектебі де, шежірелі тарихы да бар. Әлбетте, эстрада этностық яки дәстүрлік сипатты көксейтін жанр емес, анығында, халыққа кең тарайтын бұқаралық танымал музыканың жиынтығы, қысқаша түйіндесек, эстрада өнері жалпы адамзатқа ортақ құндылық бола алатын бұқаралық мәдениеттің бір парасы. Солай десек те бұл өнер түрінің қоғамнан алар өз орны бар (әсілі эстрада өнерінің әуесқой және кәсіби түрлері болады, мысалы филармониялық ұжымдар мен шоу-бизнестегі дербес топтар эстраданың кәсіби түрімен айналысады, ал «той бизнес» саласындағы коллективтер мен тұрмыс-салт думанының көрігін қыздырумен айналысатын жеке орындаушылардың көбісі әуесқой творчество өкілдері екені белгілі). Осынау музыкалық бағыттың қазақ жерінде тамыр жаюы ұлттық өнердің де жаңа ағыммен бітеқайнаса синтезделіп, белгілі бір белеске көтерілуіне ықпал еткені анық.
Роза Бағланованың сахнадағы саналы ғұмырының дені КСРО кезеңіне тап келді, сондықтан әнші шығармашылығының бастауын бағамдау үшін кеңес заманындағы эстрада тарихына қысқаша шолу жасалық...
1918 жылғы қазан төңкерісінен кейін большевиктік Ресей қалаларында алғашқы джаз-банд топтар, эстрадалық шағын оркестрлер пайда болды. Кеңестік джаз өнерінің «пионері» атанған – Леонид Утесов, эстрада әншілері – Любовь Орлова, Клавдия Шульженко, Александр Вертинский, Вадим Козин, т.б. өнер иелері кеңестік кезеңдегі эстрада өнерінің іргетасын алғаш қалаушылар еді, олардың шығармашылығын большевиктік билік те қамқорсып қолдап отырды. Соның арқасында «интернационалдық мазмұндағы» кеңес эстрадасы біршама қарқындап өсе бастады. Алайда өткен ғасырдың 1920-1930 жылдарындағы мәдени-саяси репрессия салдарынан эстрада жанрындағы әртістер мен композиторлардың көбі «халық жаулары», «космополиттер», «жат элементтер» атанып қудаланды. Бұл нәубет 1941-1945 жылдар арасында, яғни екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ғана аздап толастағандай болды. Кеңестік идеология эстрадалық жанрдың саяси мазмұнын өзгертті де үгіт құралы ретінде соғыс тақырыбына лайықтап пайдаланды. Осыдан кейін майдан даласында шырқалатын эстрадалық туындылардың кең насихатталуына жол ашылды, патриоттық бағыттағы әндер соғыстағы жауынгерлердің көңіліне дем беретін күшті саяси идеология құралына айналды.
Ал енді қазақ даласына эстрада өнерінің келуі екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңнің тұстары. 1941 жылы Алматыға эвакуацияланған зиялы қауымның ішінде Кеңес эстрадасының алдыңғы қатарлы өкілдері де болды, олар қазақ әндерін жаңаша ырғақпен заманауи саз қосып өңдей бастады. Бұл іс алғашында халықтық дәстүрі берік бұқараға тосындау болғанымен насихаты белсенді болған соң ел жадына жұғысты бола алды Дүкендерге радио, патефондар әрқилы эстрадалық әндер мен билердің күйтабақтары түсе бастады. Үлкен қалалардағы «ресторандық-кабактық» эстрадалық топтар да қарапайым еңбекші елдің әуесін алды. Жұртшылық біртіндеп эстрадалық ырғаққа бой үйрете бастады, әлеумет жеңіл ырғаққа бейім туындыларды кинофильмер арқылы да сүйсіне тыңдап жүрді.
...1946 жылы сол кездегі КСРО астанасы Мәскеу қаласында өткен эстрада шеберлерінің Бүкілодақтық жарысына Қазақстаннан Роза Бағланова қатысты. Он бес республика өнерпаздарының ішінде өз шеберлігімен көзге түсіп, конкурстың дипломанты атанды, ол уақыттарда «дипломант» атағы қазіргі халықаралық конкурс жүлдесіне барабар атақ еді. Бұл қазақ елі үшін шын мәнінде сенсациялық сүйініш болды, себебі бұған дейін кеңестік эстрада саласы аясында иісі қазақтан мұндай табысқа ешбір өнерпаз қол жеткізген емес еді. Яғни осы оқиға дерегін бүгінгі көзқараспен сараптар болсақ, Роза Бағланова қазақ эстрадасының тұңғыш кәсіби өкілі болғанын мойындаймыз әрі мақтанамыз. Қазіргі отандық музыка туралы әдебиеттерімізде әншінің қазақтың ұлттық эстрада мектебінің бастауында тұрғаны анық тұжырымдалып, ескеріле бермейтіні өкінішті.
1949 жылы Будапешт қаласында өткен «Әлем жастарының дүниежүзілік фестивалі» да халықтық-эстрадалық бағыттағы өнер сайысы еді, Роза Бағланова 80 мемлекет өнерпазы қатысқан осы жарыста оза шауып лауреат атанды. Бұл қазақ ән өнерінің эстрадалық форматта әлемдік деңгейге шыққанын айғақтайтын тағы бір тарихи оқиға болды.
Роза Бағланованың концерттік репертуары туралы бірер сөз. Ол әуелі қазақтың халық әндерінің үздік орындаушысы болды. Отандық сазгерлердің заманауи әндерімен қатар орыс және шетел композиторларының эстрадалық бағытта жазылған танымал туындыларын орындады. Оның ішінде жаһанға кең тарағаны орыстың халық әні – «Ах, Самара-городок». Бұл әнді ол соғыс жылдары орыстың халық әншісі Лидия Руслановадан естіген. Ол орыс сырнайының сүйемелімен халықтық нақышта шырқады. Роза Тәжібайқызы бұл әнді өзіндік интерпретациясымен орындады, композитор Андрей Костиннің эстрадалық өңдеуімен бұл әнді жарқыратып қайта туғызғандай болды. Кейіннен Лидия Русланова да қазақ әншісінің өнеріне ризашылық сезімін білдірген деседі, яғни екі тұлғаның арасында үлкен творчестволық достық байланыс болғаны анық.
В.П.Соловьев-Седойдың «Черноглазая казачка» атты әнінің бағын асырған да Роза Бағланова. Әннің авторы мен мәтінін жазған орыс ақыны А.Фатьянов «На солнечной полянечке» деген туындысын Роза Тәжібайқызының дауысына арнайы жазды. Бұл да қазақ қызының одақ көлеміндегі шексіз танымалдығын айғақтайтын дерек. Словак халқының «Биле-биле» әні одақтық шекараны аса шырқалды, бүгінгі сөзбен қайырсақ КСРО заманындағы «Варшава келісіміне» кіретін еуропалық мемлекеттер арасында «дәуір «хиті» болып дүркіреді. Әншінің репертуарында корей, неміс, ағылшын, чех, қытай, үнді, бирма тілдеріндегі туындылар және Кеңес Одағы халықтарының да вокалды шығармалары болды, бұлар әншінің шетел сапарлары барысында дайындаған концерттік бағдарламаларына енген қазына еді.
Әрине, Роза Бағланованың шығармашылық ғұмырнамасына байланысты зерттеулер аз жазылған жоқ. Әнші өміріне қатысты көптеген маңызды деректі жинағандардың ішінде – жазушы Мақсұтбек Майшекиннің еңбегі елеулі. Ол өз жазбасында әншінің өнердегі алғашқы қадамы 1932 жылы басталғанын баян етеді. Бұл қазақ даласына «ақсүйек ашаршылық» зұлматы тап келген кер заман болатын. Он жастағы Роза Бағланова Орынбор қаласында жасөспірім өнерпаздар олимпиадасының бас жүлдегері болған. Бұл биографиялық зерттеу тұрғысында әншінің бала дәуренінен ақпар бере алатын тың деталь болар еді. Ал енді Өзбекстандағы қайраткерлігі жөніндегі мәліметтер жеткілікті жинақталған, дегенмен Ташкент филармониясының архиві арқылы тың деректермен толықтырылса жөн болар еді деп өз тарапымыздан ой қосқымыз келеді. Себебі Роза Бағланова өзбек халқы үшін де мемлекеттік деңгейдегі аса беделді кәсіби өнерпаз болғаны әмбеге аян.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қазақ эстрадасына электрондық музыка ағымы келді. Бұрынғы акустикалық аспаптардың орнын жаппай электрондық жабдықтар мен құрылғылар басты. Ендігі жерде дыбысы күшейтілген, жартылай вокалды, жартылай аспапты топтар (ВИА) мен эстрадалық-симфониялық оркестрлер халық назарын аударды. Бұрын халықтық немесе камералық аспапты ұжымдармен жұмыс істеуге дағдыланып қалған аға буын орындаушылардың дені дағдарып қалғаны рас. Роза Бағланованың осы жаңа электрмузыкалық бағытты мүлде жатырқамағаны, керісінше сол салада шабытты өнер танытқаны еріксіз таңдандырады. Ол отандық жас композиторлардың өзіне арнайы жазған жаңа тынысты эстрадалық әндерін аса жоғары деңгейде орындап, елдің шексіз ілтипатына ие болды. Роза Тәжібайқызы шырқаған қазақы эстрадалық әндер әлі күнге дейін ел жүрегінде, кейінгі буын өнерпаздары арқылы түрлене жалғасып келеді. Әсіресе Ескендір Хасанғалиевтың «Әдемі-ау», «Асыл арман», Төлеген Мұхамеджановтың «Іңкәрім-ай» әндері ұлттық эстрадалық өнеріміздің жауһары ретінде қазақ радиосынан жиі беріледі, «QAZAQSTAN», «ABAI TV» арналарында әнші туралы деректі фильмдер мен киноконцерттер сақталған.
Халқымыздың маңдайына біткен күміс көмей әнші Роза Бағланованың мұрасы мәңгілік, отандық эстраданың алғашқы қарлығашы болған тұлғаның ұлт мәдениетіне сіңірген ұлық еңбегі қазақтың жүрегінен ешқашан өшпейді.
Жанғали ЖҮЗБАЙ