• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Технология 03 Сәуір, 2022

Жасанды интеллект: Жаһандық дамудың жаңа кезеңі

517 рет
көрсетілді

Білектің күші мен найзаның ұшына сенетін кезең келмеске кеткенімен, ғылым мен ілімді, жаңа технологияларды жарытып игеріп жатқанымыз шамалы. Өткен үш онжылдықта роботтехниканың, жасанды интеллектінің жалына жармасып, ауыз толтырып айтуға болатын отандық өнім де өндіре алмадық. Бұл – аға буынға айтылған өкпе-наз емес, жалынды жастардың жігерін жанудың, қажыр-қайратына қамшы салудың амалы. Жаңалықты өскелең ұрпақтан күтеміз.

Роботтың тілін тапқан ел әлемнің тілін табады

Жасыратыны жоқ, бүгінде жасанды интеллект, роботтехника, электронды инженерия, цифрлы технологиялар заманауи әлемнің балталаса бұзылмайтын бөлшегіне айналды. Осынау тың техно­логиялардың, роботтардың тілін таба біл­гендер көп жағдайда көш бастап келеді. Қазба байлығы, шикізаты болмаса да дамыған елдердің басым көпшілігі өмір сүру, нарықты дамыту, ғылымды жетілдіру дағдысын мүлде жаңа деңгейге көтерді. Айбардың емес – ақылдың, білектің емес – білімнің жемісі һәм жеңісі бұл. Қазақстандық ғалымдардың, маң­дайы жарқыраған жастардың осы үрдістен кейін қалуға қақы жоқ. Ол үшін ең алдымен жас буынды ынталандырып, дұрыс бағыт көрсетіп, мол мүмкіндік сыйлай алуымыз керек.

Ынта демекші, биылғы 3-наурыздан бері елорда төріндегі Astana Mall сауда ойын-сауық орталығында ересектерді, кішкен­тай балақайларды жасанды интел­лектімен, электронды инженериямен жақындастыра түсетін роботтар фестивалі өтіп жатыр. Байқасақ, ағылған жұрттың қатары қалың. Сәті түскен күні көрікті іс-шараны көріп қайтайық деп біз де бардық. Роботтар топтастырылған алаңға аяқ аттап басқанда аузымыздың суы құрып, аң-таң болдық та қалдық.

Мәселен, аквариумда жүзіп жүрген сазанға ұқсас «балыққа» көзіміз түсті. Балықтың жаңа технологияға қандай қатысы бар дерсіз. Алайда бұл қарапайым балық емес – робот балық. Атауы – Мира. Оны Оңтүстік Кореядағы Airo компаниясы әзірледі. Бұл робот жасанды интел­лектіге ие әрі тірі балықтың қозға­лысын дәлме-дәл қайталайды. Сенсорлар арқылы айналасын бағдарлап, өз еркімен жүзеді. Камера, сенсор арқылы алдында тұрған түрлі кедергіні де айналып өтеді. Мира ірі аквариумдарда сәндік робот ретінде қолданылады. Сонымен қатар таяз көлдерді зерттеуге көмектеседі.

Ал Францияның Robopek компаниясы әзірлеген Рита есімді роботты мамандар үйде қолғабыс жасайтын нағыз көмекші ретінде таныстырды. Ол дауыстық коман­далардың көмегімен әлемдегі соңғы жаңалықтарды, күн райын айтып бере алады. Бет пішініндегі ерекшелік арқылы аса эмоционалды сөйлеседі. Бұдан бөлек Үндістанның Square off компаниясы әзірлеген «Сиқырлы шахмат» та бейжай қалдырмайтыны анық. Бұл шахмат тақтасы мен тастары күрделі электроника арқылы жұмыс істейді. Тақтаның астында орналасқан магниттер мен ме­ханикаландырылған қолдар арнайы алгоритмнің және телефонның көмегімен шахмат тастарын жылжытады. Қосымша арқылы ойыншы кез келген елден қар­сылас таңдай алады. Немесе жасанды интеллектімен ойнай алады. Фестивальде бұдан өзге де балаларды қызықтыратын, ойнауға, бұйрық беруге, әңгімелесуге болатын алуан түрлі роботтар ұсынылған. Терезе жуатын, іс тігетін, сусын құйып бере­тін, даяшы болуға жарайтын роботтар да бар.

Ересекке – ермек, балаға – бақыт

– Бұл роботтар фестивалі Ресейдің көптеген қаласында болып, көрерменін тәнті етті. Онымен шектелмей, Беларусь, Польша мемлекеттерін, Еуропаның бір­неше қаласын (Вильнюс, Прага, Милан) аралап, кейін ТМД елдері аумағына сапар шегу туралы шешім қабылданды. Алғашқы болып Қазақстанды таңдадық. Сонау 2019 жылы Алматыда көрерменнің қошеметіне бөленеміз бе деп ойладық. Алайда пандемияның салдарынан жоспарымыз жүзеге асқан жоқ. Ресейге қайтып келіп, бірнеше сәтті көрме ұйым­дастырдық. Кейін қазақ жерінде екінші рет бағымызды сынап көрмек болып Алматыға, сосын міне Нұр-Сұлтанға табан тіредік. Алдағы уақытта осы мемлекеттің тағы бірнеше қаласын аралап көрмекпіз. Бұған қоса дәл осындай көр­мені Ыстанбұлда және Неапольда ұйым­дастырып жатырмыз, – деді робот фести­валін ұйымдастырушы Александр Чуж­маров.

Оның айтуынша, роботтар дүние жүзіндегі бірнеше мемлекеттен (Италия, Оңтүстік Корея, Жапония, Ресей) сатып алыныпты. Олардың арасында жалға алынғандары жоқ. Компания ай сайын әлемдік жаңалықтарға зер салып, жаңа робот сатып алады. Ал осы фестивальге келушілерді бас-аяғы 85 роботтандырылған алаң таңғалдыруға тырысады. Соның ішінде сан-алуан роботтар, түрлі шоу, шеберлік сыныптары, виртуалды шындық, ауқымды суретке түсу алаңы, көңіл көтеру кешендері бар. Әрине, фестивальді тегін тамашалай алмайсыз. Соған қарамастан келушілер саны жетіп артылады. Ересектер үшін де, балаларға да таңданып, таңдай қағатын дүние табылады.

– Бүгінде әртүрлі салада адамды алмастыра алатын роботтар қызмет етеді. Ондай роботтар өзін-өзі сіз бен біз секілді ұстайды. Сөйлеседі. Қарым-қатынас орнатады. Промоутер, экскурсия жүргізуші, кассир болып жұмыс істей алады. Бізде де мұндай робот алаңдары бар. Мәселен, жасанды интеллект салған суретке қарап таңғалмау мүмкін емес. Соның бәрін көрген кейбір келушілер роботтарымызды сатып алғысы келіп жатады. Алайда біз сатумен айналыс­паймыз. Бұл – тек интерактивті фес­тиваль. Көрермен осы іс-шараға келіп, роботпен әрекеттесе алады. Не болмаса роботтехниканың қыр-сырын меңгереді. Яғни біздің мақсатымыз – робот сату емес, баланың бойында роботтехникаға деген қызығушылығын, ынтасын ояту. Ондай балалар өсе келе осы бағытта еңбек ететін болса, әлемді әлдеқайда жақсы жаққа қарай түрлендіреді деп сенемін, – деді фестиваль ұйымдастырушы.

А.Чужмаровтың айтуынша, роботтар­дың негізгі мақсаты – адам өмірін жеңіл­детіп, қолайлы орта қалыптастыру. Зама­науи технологиялар, жасанды интеллект, роботтар жаһанды жаулап алуға емес, керісінше оны көркем, қауіпсіз, барынша бейбіт, берекелі ету үшін қажет. Бүгінгі робот жасаушылар ең алдымен осы қағиданы ұстанғаны жөн.

Әлемнің сегізінші кереметі

– Фестиваль ұйымдастырушылары қызметкер іздеп жатқанын hh.kz порталы­нан білдім. Түйіндемемді ұсы­нып, әңгіме­лесуден өткен соң, жұмысқа қабылдандым. Мұндай ұйымдастырушылар ең алдымен осы роботтар, технологиялар туралы мәлімет беріп, қалай жұмыс істей­тінімізді түсіндірді. Мәселен, қандай да бір жағдай орын алған кезде қалай әрекет етуді үйретті. Алайда роботтар­ды жөндеу, дәнекерлеу ісіне араласпаймын. Бұл өте күрделі жұмыс әрі роботтардың құны да тым қымбат. Өзім бүгінде ақпа­раттық-технология саласында білім алып жүрмін. Мамандығым осы фестиваль бағытымен ұқсас болған соң, роботтар туралы мәлімет алу, онымен етене жұмыс істеу ең алдымен өзім үшін қызықты болды. Бұрын-соңды көрмеген технологиялармен танысып жатырмын. Бұл жұмыс бір жағынан қаржылай көмек болса, екінші жағынан тың технология саласындағы танымымның көкжиегі кеңейіп, жаһандық жаңалықтарды көзбен көру мүмкіндігіне ие болдым. Мектепте роботтехника сабағы өткен кезде осы заманауи құрылғыларға қызығатын едік. Өз басым роботты әлемнің сегізінші кереметі санаймын. Осы фестивальден соң болашақта робот жасау ісіне араласуға деген қызығушылығым оянды, – деді фестиваль консультанты Фариза Көшкінбаева.

Алып ғимараттың ауыз толтырып айтарлық ауқымды бөлігінде қанат жайған фестивальді көруге ең алдымен балалар қауымы асығатыны анық. Ал оларды алып баратын – ата-ана. Балаға тың дүниені таныстырамын деп жүріп, ересектер қауымы де еріксіз таңғалысып жүр. Себебі мұндай роботтар мен тың технологияларды күнделікті өмірде көре бермейтіні белгілі.

– Әлемнің қалай, қай бағытта дамып жатқанын жақсы білеміз. Себебі заманауи технологиялар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Қаламызда осындай фестиваль өтіп жатқанын естіп, баламды әдейі ертіп алып келдім. Болашақта оның да робот жасаушы, технолог болғанын қалар едім. Олай етпесе де өкінбейтінім анық. Менің парызым жол сілтеу ғана ғой. Сондықтан баламды ғажайып технологияларды, қызықты роботтарды көрсін, ынтасы оянсын деген мақсатпен жетелеп келдім. Шынын айту керек, балам ғана емес, өзім де таңғалып шықтым. Расымен де, біз біле бермейтін кереметтер баршылық. Әйел адам ретінде маған терезе жуғыш робот пен кесте тігер машина қатты ұнады, – деді фестивальді тамашалап шыққан Анар Қабдіуәлиева.

– Бұрын роботтар туралы мультфильм­нен, әртүрлі компьютерлік ойындардан, роботтехника сабағынан естіп-біліп жүрдім. Енді бүгін кейіпкерлеріммен бетпе-бет кездесіп, қуанып тұрмын. Барлық роботқа қызыға қарадым. Әсіресе билейтін, әңгімелесетін, бұйрығыңды орындайтын роботтар қатты ұнады. Үйімде де болғанын қалар едім. Амал жоқ, анама сатып алып берші деп едім, олай істеуге болмайды екен. Есесіне болашақта робот жасаушы боламын деген шешім қабылдадым. Сатып алғанша, өзім қалаған роботты жасап алмаймын ба? Анама да осылай дедім. Қатты қуанды. Үйге бара салысымен ең алдымен роботтардың суретін салуды бастаймын, – деді Абылай есімді кішкентай көрермен.

Қазақстан жаңа технологияларды жат көріп, роботтехникадан қол үзіп қалды деу­ден аулақпыз. Кейінгі жылдары балаларды мектеп қабырғасынан-ақ робот жасауға баулу үрдісі қалыптасты. Жас робот жасаушылар арасында түрлі жарыстар, конкурстар ұйымдастырылады. Соған қарамастан жаңа технологияларды жалпы қоғам болып игеруге, гаджет, смартфон, компьютер, робот өнімдерін өндіруге жаппай бел буған жоқпыз. Ең бас­тысы, дарынды, қабілетті, арманшыл жастар бар. Ондай жастарды ынталандыруға, жігерлендіруге күш салуымыз керек. Ал мұндай робот фестивальдары арманға қанат бітіретіні айдан анық.