«Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді қазекем. Сол сынды түзеуші – жұртшылық пен мемлекеттік органдар арасындағы «алтын көпір» рөлін атқарады деген ниетпен құрылған қоғамдық кеңестер болуға тиіс. 2015 жылы қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң, міне, осы мақсатты көздейді. Содан бергі уақытта осы қоғамдық институт өзіне жүктелген маңызды міндетті ойдағыдай атқарып, көпшілік көңілінен шыға алды ма?
Бұл сауалға жауап іздегенде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында: «Біз елімізде азаматтық белсенділікті жандандыруымыз керек. Мемлекет пен қоғамның саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашуымыз қажет. Сол себепті орталық және жергілікті органдардың, квазимемлекеттік сектордың жанындағы қоғамдық кеңестерді дамытып жатырмыз. Мен бірнеше рет олардың қызметіне қатысты сын айтқан болатынмын. Дегенмен бұл кеңестердің орасан зор институттық әлеуеті бар. Соны толығымен жүзеге асыру керек. Биыл менің бастамам бойынша осы кеңестердің құрамы және жұмыс жоспары түбегейлі жаңаратын болады», деген тұжырымды пікірі ойға оралады.
Расында да қоғамдық кеңестердің бәрі бірдей талап деңгейінен көріне алмағаны және өз әлеуетін толық пайдаланбағаны анық. Мұны арнайы жүргізілген әлеуметтік зерттеулер де айғақтап берді.
Қазір еліміздегі қоғамдық кеңестердің саны 251-ге жетіп, 3 801 белсенді азаматтың басын біріктіріп отыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, осы консультативтік-кеңесші, байқаушы органдар министрліктердің және облыстардың, облыстық маңыздағы қалалар мен аудандар әкімдерінің жанынан құрылған.
Республикалық және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, орталық және жергілікті атқарушы органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету олардың басты міндеттері болып саналады. Қоғамдық кеңестер жұртшылықты толғандыратын мәселелер бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу, қоғамдық мониторинг жүргізу, қоғамдық сараптама жасау, мемлекеттік органдар жұмысының нәтижелері туралы есептерді тыңдау арқылы ықпалды қоғамдық бақылау орната алады. Алайда Қазақстан Республикасындағы қоғамдық кеңестердің 2021 жылғы қызметі туралы ұлттық баяндамада атап көрсетілгеніндей, өткен жылы жүргізілген сауалдамаға қатысқан респонденттердің 29,5 пайызы ғана қоғамдық кеңестер жұмысын біршама тиімді деп санаған. Бұл ретте ел өңірлеріндегі жағдай әркелкі екенін айтқан жөн.
Мәселен, сауалдама сұрақтарына жауап берген Қарағанды облысы тұрғындарының 81,9 пайызы, атыраулықтардың 79,5 пайызы, қостанайлықтардың 76,2 пайызы жергілікті қоғамдық кеңестердің қызметінен мүлдем хабарсыз болып шыққан.
Қоғамдық кеңестердің жұмысын тиімді деп нық сеніммен бағалаған тұрғындар саны Қызылорда облысында – 50 пайыз, Түркістан облысында – 38,2 пайыз, Батыс Қазақстанда 20,5 пайыз болған. Ал сауалдамаға қатысқан Қостанай облысы тұрғындарының бірде-біреуі жергілікті қоғамдық кеңестердің жұмысы тиімді деп санамаған. Осы жөніндегі көрсеткіш Қарағанды облысында небәрі 2,1 пайызды, Маңғыстау облысында 2,4 пайызды, Ақтөбе облысында 3,5 пайызды, Жамбыл облысында 4,5 пайызды, Солтүстік Қазақстанда 5,1 пайызды, Алматы қаласында 5,8 пайызды құраған.
Міне, осы ала-құла мәліметтерге қарағанда, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысын жүйелі жолға қойып, жұртшылық көкейінде жүрген талай түйткілді мәселенің түйінін тарқатқан және оның негізінде Ұлттық құрылтай ұйымдастыруды һәм қилы заманда ел бірлігінің бастауы болған дала демократиясын жаңғыртуды ұсынып отырған Мемлекет басшысының игі бастамасы өңірлердің әкімдерінің бәріне бірдей ой сала қоймаған сияқты.
Шынтуайтында, өздерін «жарты патша» санап, сын айтқанға сыздана қарайтын кейбір әкімдер қоғамдық кеңестерге де барынша әмір жүргізу пиғылымен олардың құрамына тек өз ыңғайларына жығылып тұратын, тіпті жағымпаздық дертінен де сау емес адамдарды өткізуге күш салатыны жасырын емес. Соның салдарынан кей аймақтарда жергілікті билік пен бұқараның сындарлы диалог алаңдары болмай отыр.
Әлеуметтанушылардың пікірлеріне сүйенсек, еліміздегі қоғамдық кеңестердің қызметін қайта қарауды талап ететін үш теріс үрдіске жол беріліп келген. Біріншіден, осы консультациялық-кеңесші органдардың құрамын қалыптастыру, олардың дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету үдерісі онша айқын емес. Қоғамдық кеңестер құрамының кемінде үштен екісі азаматтық сектор өкілдері болуға тиістігі жөніндегі қағида формальді түрде орындалғанымен, олардың мүшелігіне көбінесе өңір басшысының айтқанынан шықпайтын бұрынғы мемлекеттік қызметшілер мен депутаттар, бюджеттік ұйымдардың басшылары қабылданады. Әдетте жергілікті биліктің шешіміне балама нұсқа ұсынуға қабілетті, сыни пікірін ашық айта алатын тұлғаларға, өзіндік пікірлері бар сарапшылар мен ғалымдарға, оппозиция өкілдері мен қоғамдық пікір көшбасшыларына жол жабық. Осындай келеңсіздік қоғамдық кеңестердің беделін түсіріп, маңызын кемітіп келді.
Екіншіден, қоғамда әртүрлі себептерге байланысты туындаған наразылықты азайтуға жете көңіл бөлінбеді. Жергілікті деңгейде оппозициялық және сыншылдық көңіл күйдегі азаматтар өз талаптарын айтып, көтерілген мәселелерді шешу жолдарын билікпен бірлесе қарастыратын алаңдар жоқтың қасы болды. Мұның өзі Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына қайшы келіп, қоғамдағы тұрақсыздық қаупін күшейтті.
Үшіншіден, қоғамдық кеңестер қызметінің тиімділігі шамалы. Жұртшылық олардың мүшелері жылына бірнеше рет жиналып, әкімдердің өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есептерін тыңдағанымен, ешқандай өзекті мәселені көтермейді деген пікірде.
Осыған орай, қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң әзірленіп, Парламентте жан-жақты талқыланғаннан кейін оған Мемлекет басшысы 2021 жылғы 3 қаңтарда қол қойған. Сонымен қатар Президент халықтың қоғамдық кеңестердің қызметіне деген сенімін арттыру және азаматтардың сыни пікірлер айтып, баламалы ұсыныстар жасауы үшін шынайы алаң қалыптастыру мақсатында Үкімет пен облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдеріне қоғамдық кеңестердің құрамына саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық белсенділер, бейбіт митингілерге қатысушылар қатарындағы сындарлы оппозиция өкілдерін енгізу, сондай-ақ мемлекеттік органдар өкілдерінің санын азайту жөнінде тапсырма берген. Бұған қоса, Үкімет мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігін арттыру мақсатында әзірлеп, Парламент Мәжілісінің қарауына енгізген «Қоғамдық бақылау туралы» Заң жобасында да қоғамдық кеңестердің рөлін арттыруға мүмкіндік беретін жаңашылдықтар бар.
Әйткенмен, өңірлерде қоғамдық кеңестердің жаңа құрамын қалыптастыруға қатысты дау-дамайлар әлі тыйылар емес. Мысалы, биыл Солтүстік Қазақстан облысының және Петропавл қаласының қоғамдық кеңестеріне осы өңірдің кәсіподақтар орталығы ұсынған 2 кандидаттың екеуі де өткізілмеген. Кәсіподақтар орталығының басшылығы бұған «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңды бұзушылықтарға байланысты, соның ішінде қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер ескерілмей, қоғамдық кеңестерді қалыптастыру жөніндегі жұмыс топтарын бұрынғыша Солтүстік Қазақстан облыстық және Петропавл қалалық мәслихаттарының хатшылары басқарғандығы себепті жол берілді», деп санап, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне шағым жолдапты. Ал осындай кері тартушылықтардың кімдерге керектігі айтпаса да түсінікті...