• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Сәуір, 2022

Ашаршылықтың айтылмаған ақиқаты

940 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасындағы «Достық үйінде» Академик Е.Бөке­тов атындағы Қарағанды университетінің ұйымдас­ты­руымен «Орталық Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы ашар­шы­лық: архивтік құжаттар мен естеліктер жинағы» атты кітаптың тұсау­кесеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

Ел тарихының күрделі кезеңінен жан-жақты және терең сыр шертетін бұл кітап қазақ және орыс тілдерінде 100 дана таралыммен жарық көрген. Жинақ авторларының бірі профессор Айнаш Мустояпова жобаның университет ректоры Нұрлан Дулатбековтің идеясымен дүниеге келгенін айтады. Жалпы бұл игі істі жүзеге асыру мақсатына аталған оқу орнының 4 млн теңге көлемінде грант бөлгенін де ерекше атап өтуге болады.

– Жобаға кіріскен кезде біз алды­мыз­ға қолға алған жұмыс турасында қо­­­ғамға ғана емес, ғылыми ортаға да ақ­­­парат беріп отыру міндетін қой­дық, – дейді А.Мустояпова. – Біз жинаған мате­риал­дар Қарағанды облысында күштеп ұжымдастырудың, кәмпескелеудің қалай жүргізілгенін, астық пен мал азығының қандай жағдайда дайындалғанын, со­нымен қатар тұрғын­дар­дың осы нау­қан­шылықтарға қайтіп қарсылық көр­сеткені турасындағы күш­тік құры­лым­дардың есептерін қамтыды.

Іс-шара барысында аталған уни­вер­си­теттің Археология, этнология және отан тарихы кафедрасының профессоры З.Сақтағанова, Ғ.Мейрамов атындағы орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры А.Мус­тоя­пова, ассистент-профессорлар Ж.Ибраи­мова, Л.Харитонова баяндама жа­сап, қозғалған тақырып төңірегінде құн­ды пікірлерімен бөлісті.

Тұсауы кесілген туындыны тарих­шылар мен филологтердің бір жыл­дан астам уақыт айналысқан ғылы­ми жобасының нәтижесі деп сенім­мен айтуға болады. Кітапты құрас­ты­рушылардың бірі, филология ғылым­дарының кандидаты Лариса Хари­тонова жаңа туындыда бұрын жария­лан­баған мұрағат материалдары мен ашаршылық куәгерлерінің естеліктері жинақталғанын атап өтті.

– Жобаның мақсаты мұрағаттық құжаттарды, сондай-ақ сол қайғылы кезеңдер туралы әңгімелер сақталған отбасылардың естеліктері мен сұхбат­та­рын жинау болды. Жиналған материал­дар Қарағанды облысындағы ста­лин­дік ұжым­дастыру салдарының толық кө­рі­ні­сін оқырман назарына ұсынады, – дейді Л.Харитонова.

Кітап жазу барысында авторлардың көп тер төгіп, табанды түрде еңбек­тен­ге­нін айтқан ләзім. Соның нәтижесінде тарихшылар жүзге жуық мұрағаттық құжаттар тапқан. Тіпті, олардың 80%-дан астамы бұрын еш жерде жарияланбаған тың деректер болып шықты. Жалпы, мұндай ауқымды зерттеудің тұңғыш рет аймақтық бөлімде жүргізілгенін айта кеткен жөн.

Жаңа туындыға филолог маман­дар­дың да қосқан үлесі қомақты. Мысалы, олар далалық іздеу тәсілімен елді ме­кен­дерді аралап, тірнектеп дерек жи­ған. Ашаршылық кезеңінің тікелей куәгерлері бүгінде өмірде жоқ болса да, ғалымдар олардың ұрпақтарын тауып алып, суыртпақтап сыр тартқан. Соның нәтижесінде аталған жинаққа ашаршылықты бастан кешкен 100 отба­сы­ның тарихы кірген екен.

«Орталық Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы ашаршылық: архивтік құжат­тар мен естеліктер жинағы» туын­ды­сын Қарағанды университетінің бас­пасынан сатып алуға болады. Ал ҚарУ-дың ректоры Нұрлан Дулатбеков ал­дағы уақытта бұл еңбекті еліміздің кітап­ха­на­ларына да таратудың жоспарда бар екенін айтады.

 

ҚАРАҒАНДЫ