• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Сәуір, 2022

Бөліну мен бірігудің арасы

2168 рет
көрсетілді

Ел Президентінің Жолдауындағы Ұлытау облысын құру туралы бастамасының жария болғанына да үш аптадан асып барады. Уақыттың осы аралығында Қарағанды облысының әр түкпірінде түрлі мүдде мен алуан пікір тамызық болған «ақпараттық майданның» қазаны бұрқ-сарқ қайнап берді.

Әуелгі әңгіме Ұлытау облысы бөлініп шыққанда, ол қандай әкім­шілік-аумақтық үлеске ие болады деген мәселеден шықты. Мәселен, 1973 жылдан 1997 жылға дейін бұ­рынғы Жезқазған облысының құра­мында болған Шет, Ақтоғай аудан­дарының және Балқаш қаласының тұрғындары бөлініс болған кезде Қарағанды облысының құрамында қалғылары келетінін ашықтан-ашық білдіріп, қазірдің өзінде дабыл қағып отыр.

Бұл жерде басты мәселе аталған аудандардың жаңадан ашылатын облыс орталығы Жезқазғаннан жы­рақта жатқандығынан туындап отыр деп сеніммен айтуға болады. Бір ғана мысал, Ақтоғай ауданындағы Айыртас деген ауыл Жезқазғаннан 1 100 шақырым қашықтықта орын тепкен екен...

Ал енді Жезқазған-Ұлытау өңірі тұрғындарының бұл мәселеге байланысты байламы мүлде басқаша сипатқа ие. Мәселен, осы аймақтың өз сөздерімен айтқанда, «жүрегіміз жарылуға шақ қалды, төбеміз көкке екі-ақ елі жетпегендей күйге түстік, көктен тілегеніміз жерден табылғандай қуандық» деген бір топ жақсы мен жайсаңның Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа, Мәжіліс Төрағасы Е.Қошановқа және Премьер-Министр Ә.Смайыловқа жолдаған Үндеуінде мынадай жолдар бар: «Ұлытау облысының территориясы Сіздің Жолдауда атап көрсеткеніңіздей, «бұрынғы Жезқазған облысының аумағында» құрылғаны жөн. Біздің басты өтіні­шіміз осы. «Кейбір аудандар облыс орталығынан  қашықтап кете­ді» деген сөздердің негізі жоқ. Өйт­кені қазіргі заман – цифрландыру заманы. Көптеген анықтаманы үйде отырып та реттеуге болады. Дәрігерлерге жолдама да портал арқы­лы беріледі. Бұл ретте адамдар арасында түсінік жұмыстарын жүргізу керек. Кезінде Жезқазған облысы Қарағандыға қандай аумақта қосылды, енді солай бөлінуі нағыз әділеттілік болар еді».

Сонымен бірге аталған аймақ азаматтары хатта Жезқазған өңірінің тамырына қан жүгіртіп тұрған алпауыт кәсіпорын – «Қазақмыс» корпорациясы төңірегіндегі қалыптасқан ахуалға да алаңдаушылық білдіреді. «Қазақмыс» корпорациясы жаңадан құрылатын облыстың негізгі тірегі болады деп ойлаған едік. Бірақ бізге мәлім болған ақпараттарға қара­ғанда, корпорацияның бас офи­сін, сондай-ақ корпорацияның ен­­ші­лес кәсіпорындарының негіз­гі офистерін де Қарағандыда қал­ды­ру туралы ұсыныстар айтылып жат­қанға ұқсайды. Біздің ойымыз­ша, бұған мүлде жол беруге болмайды. Өйткені офис қайда тіркелсе, салық та сонда түседі. Ұлытау облысын «Қазақмыс» корпорациясынсыз, ал «Қазақмысты» Балқашсыз елестету мүмкін емес. Сізден «Қазақмыс» офис­терінің Жез­қаз­ған қаласына көші­рілуін тіке­лей бақылауыңызға алуыңызды өтінеміз», дейді Жез­қаз­ған-Ұлытау халқының атынан сөйлеген үндеу авторлары.

Бұған қоса олар соңғы жылдары «Қазақмыс» корпорациясының түр­лі құрылымдық өзгерістерге ұшырағанына да қынжылыс біл­діреді. Үндеу авторларының айтуынша, Kazakhmys Holding, Kazakhmys Smelting, Kazakhmys Distribution, Kazakhmys Energy және тағы басқа атаулармен бірнеше еншілес компания құрылып, олардың барлығы Жезқазғаннан тыс, Қарағанды, Балқаш қалалары мен Топар және басқа да елді мекендерде тіркелген екен. Осы орайда олар Мемлекет басшысынан аумақ­тық өзгерістер аясында аталған ком­паниялардың да құрылымын мемлекет мүддесі, салық саясаты тұрғысынан оңтай­ландыру мүм­кін­діктерін қарастыруға Үкіметке тапсырма беруін өтінеді.

Сонымен, облыстардың әлі бө­ліне қоймаған әкімшілік-аумақтық территориясы осылайша көкпардың серкесіндей тартысқа түскенде, тағы бір әңгіменің құлағы қылтиып шыға келді. Бұл шетін мәселені көтеруші ағайын­ның бірі – Қарқаралы ауда­нын­дағы Егіндібұлақ өңірінде туып-өскен азаматтардың  да айтар уәжін орынсыз деуге ауыз бар­май­­ды. Бұған олардың Қазақ­стан Пре­зидентіне, Мәжіліс Төр­аға­сына, Пре­мьер-Министрге және Қара­ған­ды облысының әкімі Жеңіс Қасым­бекке жолдаған Ашық хатын оқи отырып, көз жеткізуге болады.

Егіндібұлақ демекші, тәуелсіз­дік­тің алғашқы жылдарында саяси және экономикалық себептерге байланысты жабылып қалған бұл ауданның тарихы да қилы һәм тағдырлы. Мәселен, бұл өңір 1928-1963 жылдары Қу ауданы атауымен тарихта қалса, 1965-1993 жылдары Егіндібұлақ ауданы болып түтін түтетті. Ал 1993 жылы Қазыбек би ауданы болып атауы өзгерді де, 1997 жылы жабылып тынды.

Рас, бұрынғы Қазыбек би ауданы ұлт тарихында ойып орын алған ірі оқиғалар өткен, ұлы тұлғалар өмір сүрген қасиетті өңірдің бірі һәм бірегейі. Мысалы, топырағына кие сіңген бұл өлкеде қазақтың атақты үш биінің бірі Қаздауысты Қазыбек, Бекболат би, Тіленші би, аруақты би Алшынбай, күй тәңірі Тәттімбет, өлең сөздің бұлбұлдары Қалдыбай мен Кемпірбай, Балта мен Мауқай, күрескер ақын, әнші-композитор Мәди, ұлы Абайдың анасы Ұлжан, бәйбішесі Ділдә, атымтай жомарт Ақайдың Хасені, қоғам қайраткерлері Мұстақым Мал­дыбаев пен Нығымет Нұрмақов, әйгілі әншілер Ғаббас Айтбаев, Қали Байжанов, Қуан Лекеров, Нұғы­ман Әбішев, Жүсіпбек Елебеков, Мағау­ия Көшкімбаев, басқа да тұлғалар, ақын-жазушылар, ға­лым­дар мен суретшілер өмір сүрді.

Міне, осындай кесек-кесек қисын­ның бәрін жіпке тізе келе, Егін­­дібұлақ өңірінің азаматтары бы­лай дейді: «Мемлекетіміз жаңа ғана аяғынан қаз тұрған кезде та­ра­тылған Қазыбек би ауданын қал­пы­на келтіретін уақыт келді. Қазір­гі Жаңа Қазақстан әлемдік қауым­дас­тықтан лайықты орын алған, экономикасы ұдайы даму үстіндегі қуатты мемлекеттің біріне айналды. Бейбітшілік пен келісімді үлгі тұтқан Қазақстан болашақта да өркендей беретіні күмәнсіз. Егер Қазыбек би ауданы қайтадан ашылып, әкімшілік бөлініс қалпына келтірілсе, ол жер республиканың қара шаңырағын берік ұстау үшін қадалатын алтын уықтардың бірі болары анық».

Сонымен, қазақтың тұңғыш ға­рышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров бастап, екі мыңнан астам адам қол қойған Ашық хаттағы ар­зу тілек Мемлекет басшысына қара­та айтылған мынадай сөздермен аяқталған: «Алты Алаштың ардағы, қара қылды қақ жарған әділ би, көр­некті қоғам қайраткері, мәмілегер-дипломат, Қазақ елінің ұлы перзенті Қаздауысты Қазыбек бидің есімін өзі қоныс еткен жерінде ұлықтап, 1997 жылы тарап кеткен ауданды «Қазыбек би ауданы» деген атаумен қайта ашуды Сізден сұраймыз».

Дәл осындай жағдай облыстың Шет ауданындағы Ақадыр кентінің басында да тұр. Бұрынғы Жезқазған облысының құрамында өз алдына аудан болған бұл елді мекен тұрғындарының да айтары бар. Жал­пы, бұрынғы Ақадыр ауданы 1973 жылы ашылып, арада ши­­рек ғасыр өткенде жабылған еді. Сол кезде бұл өлкені 43 548 адам ме­кен еткен. Иә, аудан болып тұрға­­нында Ақадырдың дәурені жүрген еді. Мұнда қаладағыдай авто­бус­тар жүріп, аялдамалар самсап тұ­ратын. Басым бөлігі темір жол кә­­сі­п­­орындарында еңбек еткен тұр­ғын­дарының да тұрмыстық жағдайлары жоғары болатын...

Жоғарыға Ашық хат жолда­ған Ақадыр азаматтары тоғыз жол­дың торабында тұрған кенттің бүгін­де бұрынғы шырайынан айы­рылғанын айтады. Бір кездері 14 мыңға жуық адам тұрған елді мекен хал­қының саны қазір екі есеге дейін азайып кеткен. Бұдан бөлек, төңі­ректегі Мойынты, Киікті, Босаға ауыл­дарының тұрғындары аудан орта­лығына бару үшін Ақадырға пойыз­бен келіп, одан әрі 90 шақы­рым­дай жердегі Ақсу-Аюлы кентіне так­си жалдап барады. Яғни жол ма­шақаты тұрғындарды әбден титықтатқан.

Айтып-айтпай не керек, жоға­рыдан қанат қаққан игі бастама ел ішіне жеткенде, қанша жерден қым-қиғаш десеңіз де қисыны бар осындай әңгімелерге бой алдырып отыр. Ел тілегін арқалаған азаматтардың айтқанынан артық-ауыс бір ауыз сөз таппайсыз: бәрі де жылдар бойы шемен болып, қалың елдің көкейінде жатқан өтініш-тілек. Иә, қалай болған күнде де көптің көңіліне қонатын шешім шығару, «Өгіз өлмейтін, арба сынбайтын» жолды табу жоғары жақ үшін оңайға түспейтін түрі бар.

Ал таяуда Қарағанды облыстық мәслихатының кезектен тыс XI онлайн сессиясы өтіп, онда депутаттар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытау облысын құру жөніндегі бастамасын қолдап, бірауыздан шешім қабылдады. Аталған сессияда облыстық экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов Ұлытау облысын құрудың әкімшілік-аумақтық құрылымы мәселелерін шешудің алгоритмі әзірленгенін хабарлады.

– Тиісті жұмыстардың бар­лығы белгіленген мерзімде аяқта­лады. Жүргізіліп жатқан қайта құру­ларға ғылыми сараптама және эконо­мика­лық есептеулер жүргізу мәселесі пысықталуда, – деп атап өтті ол.

Ал облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүл­нәрайым Қаңтарбекова болса, жаңа өңір­ге атау берудің заңнамалық тәрті­бін түсіндірді. Мысалы, жаңа облыс ұлтаралық қатынас тілінде «Улы­тауская область» емес, «Ұлы­тау облысы» деп аталатын болады. Мәс­лихат сессиясында бұл жөніндегі материалдардың тиісті қорытынды алу үшін Республикалық ономастикалық комиссияға жібері­летіні белгілі болды.

 

Қарағанды облысы