Өткенде ауылға барғанмын, сәуірдің екісі күні. Оған дейін қар көбесі сөгіліп, жер қарая қоймағанын Арқа жұртшылығы жақсы біледі. Бірақ бірінші сәуірден күн жылып берген. Екісі ертелетіп отарбаға отырып, түс ауа тамбурдан секіріп түссем, топырақтың иісі бұрқ ете қалды. Қар суымен көтерілген жердің иісі қандай, ә?! Кеуде тұсым көтеріліп, алқынып кеттім бе, толқынып кеттім бе, білмеймін. Әйтеуір кеудем көтеріліп, ішім алай-дүлей болғанын білем. Қараптан-қарап жүріп топырақтың иісін өмірімде тұңғыш сезгендеймін. Не сұмдық десеңізші?! Неше жыл осы ауылдың топырағына аунап, шаңына көміліп өскенде сезінбеген ғаламат кеудемді көтеріп жібергеніне таңмын. Әбден сағынып қалыппын дейтін емес, ауылына жиі баратын екі адам болса, бірі – біз.
Бір ақын досымнан естігенім бар. Оған аса білікті бір дәрігер айтыпты. Аллергия деген аурудың түрін білмейтін адам кем де кем шығар. Емі жоқ бұл аурудың бір парасы шөпке байланысты душар болады екен ғой кісі баласына. «Олай болатынының бірнеше себебі бар, солардың арасындағы бір себебі» депті әлгі дәрігер: «кейбір кісінің туған топырағынан ажырап қалуына байланысты». Адам туған топырағынан құнар тартатын бір өскін іспетті. Туған жерінде ерекше гүлдейтін өсімдіктің бірінің тозаңы оның бойына иммунитет ретінде қалыптаспай қоймайтын көрінеді. Кейін әлгі адам туған жерінен алыстап кетіп, бірнеше жыл өткенде әлгі тозаңнан қалыптасқан иммунитет бойынан жоғалып бітеді екен-ау. Сосын кейінде ол өсімдік басқа жерде гүлдегенде топырағынан ұзап кеткен кісіге кері әсер ететінін айтыпты. Ата-бабасы қазақ, бірақ өзі басқа мәдениетпен тәрбиеленіп, соған кірігіп алған соң, өз ұлтына ытырына қарайтын қазіргі кей дүмбілездер сияқты ғой. Топырағынан ажырап, тамырынан қиылып қалды деген сол емес пе? Оның үстіне қазақтың көне жырлары мен дүниетанымына қатысты еңбектерді оқып отырса, біздің ұлт атамекеніне кіндігінен байланып өскенін аңғару қиын емес. Жанын беріп өлуі бар, жерін ұрпағына аманаттаған халық.
Ауылға түскен бойда вокзал басында әлгіндей күй кешірдім де, үйге қарай жөнеле бердім. Өкшем жерге тиер емес. Бұлай жеңіл сезінбеппін өзімді. Зымырап ала жөнелдім. Ауаға топырақтың иісі тұнып қалыпты...