• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 10 Сәуір, 2022

Өлең деген өрендер

454 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан» газетінде еңбек етіп жүрген, балалық шағы Желтоқсан оқиғасы, Тәуелсіздіктің алтын таңымен қапталдас өткен, сондай-ақ еліміз азаттық алғасын дүниеге келіп – Тәуелсіздік ұрпақтары атанған жастардың өлең-жырлары антология түрінде жарық көріп, оқырманға жол тартты.

Бұл буын кейінгі уақытта өзіміз айтып жүрген жаңа буын, жаңа ұрпақтың өкілдері. Бас­қаша айтқанда, буырқанған бұла буын. Олар әдебиеттегі ғана емес, қоғамдағы, тіпті тұтас әлем­дегі әлімжеттілік пен әпер­ба­қандыққа, жалтақтық пен жа­ғым­паздыққа, жең ұшынан жалғасқан сыбайластық пен өңін бүркеген өтірікке, жалғаншылық пен жанаяр­лыққа жаны қас ұрпақ.

Поэзия – уақыттың көңіл күйі. Бізге дейінгі, біздің әрі бізден кейінгі замандар арасындағы көзге көрінбес, көңілге сезілер көркем бір дүние. Антологияға енген жас­тар шығармаларын парақтап отырып, толайым, толғақты, тұмарлы жырларды аз кездестірмейсіз. Шамырқанған шабытты өлеңдерді де, дүр сілкінген дүлділ өлеңдерді де, тайпалған жорғадай төрт аяғын тең басқан тұғырлы жырларды да, нәркес көңілді үзілдірер нәзіктікті де, буырқанған бұла жырды да табасыз. Кей өлеңдерден дәстүрлі өлеңнің даңғыл жолын аңдасақ, енді бірінен соны соқпақты көреміз. Жаңа ізденістердің ізін аңғарамыз.

Біз – тарихы жырмен жазылған халықпыз. Даланың даңғайыр жырауы Тоныкөк бабамыздың бітік тасқа бәдіздеп жазған жырларынан бастап, халық ауыз әдебиетінің алтын қоры, жырлар мен қаһармандық дастандар, қасиетті қара өлең, жүз­жылдықтардың жүрегіндей жұл­қына соғып тұрған жыраулар поэ­зиясы, зар заман ақындары, Абай ғасыры, алаштықтардың асыл мұрасы, кеңестік кезеңде керегесін кеңге салған кемел буын, бәрі-бәрінің шығармалары – қазақ санасы мен жанының, ұлт рухының көркем шежіресі.

Өзімізді іздесек, өлеңнің қайнар бастауына бас қоямыз. Тари­хымызға тірек болар сөзді өлеңнен іздейміз. Санамызға тиянақ болар ойды өлеңнен табамыз. Көңілімізге мият болар сезімді де содан аламыз. Көген мен өлеңге салғанда, өлеңді алған Сүйінбай секілді өзегін өлең жайлаған өрендер өрекпіп жыр оқып, өртеңге шыққан өмір гүліндей қаулап өсіп, қанатын жайып келеді. Ұлт руханиятын ұлықтағымыз келсе, сол жас­тардың арқасынан қағып, маңдайынан сипап «сен шығып қал, шыбық тал, тағдыр туса бұралаң, мен қашан да сендердің жел жағыңда тұра алам» деп Жұмекен жырлағандай, қоғам қамқорлық көрсетіп, қанатын қатайтуымыз керек.

Жалпы, жас ақын дегені­міздің өзі шартты ұғым секілді. Байқа­уымызша, мұнда жас мөлшері емес, ақынның есею, толысу, қалыптасу кезеңі мең­зел­се керек. Олай болмаса, жайнаған туы жығылмай жиырма төрт жасында өмірден өткен Бернияз Күлеевті, отызында өз отына өртеніп кеткен Төлеген Айбергеновті, отыз бір жасында о дүниеге сапар шеккен Бауыржан Үсеновті жас ақын еді дей аламыз ба? «Отыз жасымда жазған өлеңдеріме елу жасымда мемлекеттік сыйлықты алдым» деп Есенғали Раушановтың өзі айтқандай, он бес пен отыз бес жас аралығы ақындардың құс қанатты, бөрі жүректі, Сократ маңдайлы уақыты екен.

«Егемен Қазақстан» газетінің әдеби ортасын, рухани кеңістігін сырттай бағамдаған кісілер кейде оны «Жазушылардың кіші одағы» деп те атап жатады екен. Бұл – заңды құбылыс. Газетіміздің жүз жылдан астам тарихына үңіл­генде, оның қабырғасында қазақ руханиятының бетке ұс­тарлары, ұлттың зиялы қауымы қызмет еткенін көреміз. Іргетасы енді қаланған ілкі жылдардың сарғайған парағында Алаш айбоздары Міржақып Дулатұлы, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлиндердің қолтаңбасы қалған. Біз тек қана ақын-жазушылардың есімдерін атап отырмыз. Одан кейінгі жылдардың жылнамасынан Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Тайыр Жароков, Сәбит Мұқановтың жарқын жазбаларын жолықтармыз. «Егеменде» еңбек еткен әдебиет алыптарының қата­рында Қасым Аманжолов, Мұқа­ғали Мақатаев, Хамит Ерға­лиев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекіл­байұлы, Әкім Тарази, Қалмақан Әбід­қадыров, Төлен Әбдік, Мұ­қан Иманжанов, Кеңшілік Мырзабеков, Мархабат Байғұт, Темірхан Медет­бек, Сабырхан Асанов, Әбдікәрім Ах­метовтердің есімін атаймыз. Хамит Ерғалиев өзінің Шекспир сонеттерінен даңқты аудармаларын осы «Еге­меннің» қабырғасында жүріп жасаған еді. Ақселеу мен Қой­шығара ағаларымыз осы газетте жүріп «Күмбір-күмбір күм­бездер» мен «Алтын тамыр» кітаптарын жазған.

Міне, жүз жылдық жылна­маның ұзын-ырғасында осындай алыптардың ырғағы бар. Жарқ етіп көрінген жастарды, жүрегінде оты бар оғландарды жинап, өз ойы мен көзқарасын білдіруге газет мінберін ұсыну – ағалардан көрген жолымыз, өнегеміз, ізгі дәстүріміз. Сол ар­қауы алтын дәстүр күні бүгінге дейін үзілген жоқ. Қазірдің өзінде отыздан астам шығармашылық адамдары, әдебиет жастары газетімізде еңбек етеді. Газет қызметінде жүрген бүгінгі жастар да, оның ішінде осы антологияға еніп отырған ақын­дардың есімі араға жылдар салып, осылай аңызға айналып, Алаш баласы арқа тұтар ардақты азаматтарға айналатынына үміт етеміз.

Газет жұмысы өлеңді өлтіреді деген де пікір бар. Бірақ, менің ойымша, осы қаны қара жерге тамбас қарбалас жұмыс оларды ширатады, ширықтырады, өсіреді. Қоғам өмірінің әрбір қозғалысын қалт жібермей, қағылез әрі сергек болуға, азаматтық ұстаным­дарының қалыптасуына үлес қосады деп білемін.

Қаламға серт еткен, қазақтың қара өлеңін қасиет тұтқан қанатты жас­тардың жырлары топтас­тырылған жинақ құтты болсын!