Өз дәуірінде-ақ атағы алысқа кеткен әйгілі Қоянды жәрмеңкесінің жылдар алға жылжыған сайын кезіндегі даңқты дақпырты сейілгенімен, уақыт ағзам алақанында бедерленген тағылымы һәм тарих алдындағы құндылығы титтей де құлдыраған жоқ. Қасиетті Қарқаралы топырағына табаны тигеннің дені уақыт тауып Қояндыға соға кеткісі келіп тұрады. Туған жерге талай жол түсіп жүрсе де, қазақ даласындағы алғашқы сауда-саттық орны ғана емес, өнердің үлкен ордасы болған ел төріндегі тарихи мекенге табан тигізудің, тағылымын танудың сәті енді бұйырыпты.
Әлқисса...
Қарқаралыдан 50 шақырым қашықтықта жатқан Қояндыға қарай жол тарттық. Көңіл деген көк дөнен жүйткіп әлдеқашан көлігіміздің алдына шыққан. Қиялымыз Қояндының қазіргі келбетін ойша көз алдымызға келтіріп, тіпті өрекпиміз. Қайнаған қан базары мен дүркіреген той-думаны қарсы алмаса да, сайдың тасындай сап түзеген тарихи ескерткіштер көңіл қуантатына нық сендік. Алайда... алайда бізді тоз-тозы шығып, құлауға шақ қалған қойманың жалғыз қабырғасы жабырқай қарсы алды. Өкінішке қарай, әйгілі Қоянды жәрмеңкесінен қалған жалқы ғимарат осы.
Өткен күннің жалғыз куәгері – тоз-тозы шыққан көне қабырғаның тарихына үңілсек, бұл бір кездері саудагерлердің тауар сақтайтын қоймасы болған, кейіннен май зауыты ретінде пайдаланылыпты. Бүгінде есік-терезесі, шатыры тоналып, қаңырап сыңар қабырғасы ғана қалған. Көзіміз куә болған осы жағдайдан кейін-ақ атақты жәрмеңкенің өзге тарихи ескерткіштері мен құнды жәдігерлері жайлы көңілімізде аялап келген тәтті елесіміз дәл сол сәтте ертегілер еліне сіңіп, көзден де, көңілден де бұлбұл ұшты. Біз ойлағандай емес, қиял мен шындық арасы тым алшақ болып шықты. Құлазып қалдық.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, ғасырдан астам уақыт қараусыз жатқан қойманың кейбір құрылыс материалдары кезінде қолды болыпты. Ұрлықтан аман қалғанын салғырттық сарқып тынған. Десек те, бізді қуантып, жылт етіп жанымызға сәуле құйған ақпарат – кейбір жәдігерлердің бірді-екілі ауыл тұрғындарының үйінде сары майдай сақталып, Қояндының келешекте мәдени кешен ретіндегі жұмысының жанданып, туристік нысанға айналуын күтіп жатқандығы болды. Ал кезінде бұл Қоянды қандай еді?!.
Тарихтан сыр тартсақ...
Қоянды жәрмеңкесінің тарихы ХІХ ғасырдан бастау алады. Нақтырақ айтсақ, 1848 жылдың жазында Ялуторск көпесі Варнава Ботов Талды өзенінің Қарасор өзеніне құятын сағасындағы Тоқпан тауының етегіне өндіріс бұйымдары тиелген керуенін тоқтатып, еру жасайды. Ондағы мақсаты – Қызылжар базарына мал айдап бара жатқан қазақтардың жолын тосып, олар үшін тапшы дүниелерді тірі тауарға, яғни төрт түлікке айырбастау болатын. Көлігін қаңтарып, теңдерін шешіп, жер-жерге хабаршы жіберіп, атой салады. Ботовтың хабарландыруынан әп сәтте құлақтанған халық, Талды өзені мен Қарасор, Балықты көл мен Сиырлы бекеті маңайындағы қалың Қаракесек мыңғырған малын айдап, жүн-жұрқа, тері-терсектерін сүйреп сауда керуені тоқтаған жаққа қарай ағылады. Әккі көпес қолындағы барын бірден жайып тастамай, бастапқыда дүниесін шым-шымдап қана шығарып, әуелі ине-жіп, айна-тарақ, иісмай, түйме, аттың тағасы мен шегесі сынды ұсақ-түйек нәрселерін саудаға салып көреді. Біраздан бері Ресей жақтан керуен келмей, тұрмыстық қажетті заттардан тарыға бастаған жұрт арзан-қымбатына қарамай қолма-қол айырбасқа қолқа етіп, құлай кетеді. Ауыздан-ауызға тараған жаңалыққа желпінген халық Ботов керуенінің маңайына жан-жақтан ағыла береді, ағыла береді. Әу баста мұндай қарқынды күтпесе керек, сауда қызығына түскен Ботов енді үлкен теңдерін шеше бастайды. Сатуға ыдыс-аяқ, самаурын, қазан, іс тігетін машина, тай-тай кездеме, киім-кешек, кілем сияқты қомақты заттарын шығарады. Ақысына Арқадағы қазақтардың қора-қора қойын, үйір-үйір жылқысы мен табын-табын сиырын мыңғыртып айдап, қанар-қанар жүн, тең-тең киіз бен есепсіз аң терісін олжа қылады. Арада нақты сомасы белгіленген ақша емес, айырбасқа мал жүргендіктен пайданы көксеген көпес осылайша тауарын бірнеше есе қымбатқа сатып, ұшан-теңіз табысқа кенеледі. Өзі ойлағаннан артық пайда табады. Қаумалаған жұрт көпеспен қоштасарда: – Әй, Борнай-ай! Барыңды баптап келесі жылы осы уақытта тағы да кел, затыңды көп әкел! – деп қиқуласады. – Міндетті түрде келемін, осы жерде тосыңдар! деп пайдаға құныққан көпес те ойланбастан уәдесін береді.
Ел құлағы елу емес пе? Оны естіген шеттегі өзге саудагерлердің де араны ашылып, тауар толы керуенімен артынып-тартынып Талды өзенінің маңайына келіп топтаса бастайды. Келесі жылдан бастап Қояндыға қарай Түмен мен Томнан да алыпсатарлар ағылады. Бұған дейін де елге жиі ат ізін салып жүрген Ташкент пен Бұқараның да саудагерлері енді Арқа төріне қарай ойысады. Келе-келе сауда ауқымы артып, жыл өткен сайын қанатын кеңге жайған Қоянды жәрмеңкесі қазақ даласының шегінен шығып, Сібір мен Орта Азияға, Жайық сыртындағы елдерге ықпалын тигізді. Ресей көпестері мұнда астық дақылдарын, еуропалық зауыт пен фабрика бұйымдарын жеткізсе, Бұқара мен Самарқан саудагерлері бау-бақша өнімдерін, Қытай алыпсатарлары жібегі мен шыны ыдыстарын, шайы мен өзге де таңсық бұйымдарын әкеліп, малға айырбастады. Сөйтіп, бұл үрдіс әр жаз мезгілі сайын дәстүрлі сипатқа ие болады. Жылдан жылға сауда ауқымы да, сапасы да артып, жәрмеңке жұмысы жандана түседі.
Ботов па, әлде Қоянды ма?
Жәрмеңке базары алғашқы кезде жыл сайын мамырдың 15-нен маусымның 15-не дейін жұмыс істеген. Базарға түскен басты тауар мал болған. Қарқаралылық қаламгер Ахметбек Әрінұлының келтірген мәліметінше, бір айда мұнда жарты миллионға дейін қой, екі жүз мыңға дейін сиыр мен жылқы әкелінген. Жыл сайын жәрмеңкеге тартылған мал саны артып отырған. Тіпті 1855-1862 жылдары қазақтардың мал санының азайып кетуіне қарамастан 1869 жылы Қоянды жәрмеңкесінде саудаға түскен мал басы жарты миллионнан асып кеткен.
«Қоянды жәрмеңкесі» бастапқыда негізін қалаушы орыс көпесінің құрметіне орай Ботов жәрмеңкесі деп аталып келді. Жәрмеңкенің сауда-саттықты дамытып қана қоймай, саяси тұрғыдан да зор маңызға ие екендігін түсінген Батыс Сібір Бас басқармасының кеңесі 1869 жылдың 12 қыркүйегінде қабылданған қаулы бойынша Қояндыға «Ботов жәрмеңкесі» деген ресми атақ беріп, жыл сайын 15 маусымнан 15 шілдеге дейін жәрмеңке ұйымдастыруды бекітеді. 1872 жылы Қояндыда сауда орындарын көптеп салу қолға алынды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 1876 жылы он алты балаған, 120 киізүй болған. 1883 жылы бұлардың саны тиісінше 110-ға және 250-ке, ал 1890 жылы 247-ге және 1000-ға жеткен. 1889 жылы телеграф тартылып, 1894 жылы банк бөлімшесі ашылды. 1900 жылы 30 дүкен, 276 балаған, 707 киізүй болады. Сауда нүктелері 55 шаршы шақырым жерді алып жатқан. Бізді Қоянды жәрмеңкесінің тарихымен таныстырған Қарқаралыдағы тарихи өлкетану музейінің қызметкері: «Қоянды жәрмеңкесін бүгінгінің тілімен «Қоянды экспосы» деуге болады. Олай дейтініміз, аталған жәрмеңке өз заманында қазіргі халықаралық ЭКСПО-ның рөлін атқарды. Атақты сауда орнына келген қонақтар саудаға түскен төрт түлік малмен қоса, жәрмеңкеден мал өнімдерінен жасалған қазақтың әртүрлі қолөнерімен танысты. Сондай-ақ сол жерге жиналған елдің іші-сыртынан келген әртүрлі ұлт өкілдері қазақтың мәдениет майталмандарының өнеріне куә болған. Қоянды жоғарыда айтқанымыздай, банк, телеграф сияқты өз уақытындағы ең озық құрылғылармен жабдықталып отырған. Қысқасы, төрт құбыласы тең сауда, саяси, мәдени және медициналық орталықтар қызмет атқарған көрме орталығына айналды», – деп атақты жәрмеңкенің тарихи һәм идеологиялық құндылығына тоқталып өтті.
Қояндының ә дегеннен бұлайша қарыштап дамуына әсер еткен бірнеше қолайлы жағдай болды. Оның ең алғашқысы – әрине, географиялық тұрғыдан тиімділігі. Екіншіден, суы мол Талды өзенінің қоры жер қайысқан малды шөлден тарықтырмауға жақсы жағдай жасады. Оның үстіне, саудаға түскен ауыл шаруашылығы және тау-кен өнеркәсіп шикізатын Ресейдің еуропалық бөлігіндегі кәсіпорындарына жеткізуге өте қолайлы Қарқаралы–Кереку көлік жолы Қоянды жәрмеңкесінің үстін басып өтетін. Соның нәтижесінде атақты жәрмеңке – ақша айналымы бойынша қазақ жеріндегі ең ірі базарға айналды һәм уақыт өткен сайын атағы кеңге жайылып, даңқы шартарапты шарлады.
Қоянды құндылығы
Бірде Ботов боп, бірде Қоянды атанған жәрмеңкенің қай атауды иеленсе де қазақ қоғамының дамуына еткен әсері мол. Жетісудағы сан ғасырлық тарихы бар Жібек жолының маңызы қандай болса, Арқадағы атақты Қоянды жәрмеңкесінің де ел тарихынан алатын орны ерекше. Қоянды тек Қарқаралы аймағын дамытуға ғана әсер етіп қойған жоқ, бүкіл қазақ даласына сауда капиталының қанат жаюына ықпал жасады. Өндірісі жоқ үлкен өлкенің қажетін өтеді. Әр тарапта бытырап жүрген халықтың басын қосуға, өнерін ұштауға жол ашты. Сол уақытта қазақ жұрты осы жәрмеңке арқылы сауда-саттық элитасын қалыптастыруға жол тапса, одан бөлек алыс-жақын шетелдермен саудалық және мәдени қарым-қатынасты да қоса дамытты. Өздері де дүниені тануға бет алды. Әсіресе Қарқаралы жерінде 82 жыл дүрілдеген Қояндының халықаралық жәрмеңке мәртебесіне ие болуының өзі көп дүниені айғақтаса керек. Қояндыға Үндістан, Моңғолия, Қытай, Ресей, Жапония қатарлы елдерден саудагерлер ғана келіп қоймай, таланттар бас қосқан үлкен өнер алаңына да айналды. Еліміздің атақты адамдарының ішінде оған ат ізін салмағаны кемде-кем. Қоянды жәрмеңкесінде алғашқы жылдары тек сауда-саттық басты орын алса, жылдар өте келе саяси-мәдени мәселелер де биік орынға көтеріле бастаған. Мұнда қыр елдері билерінің съезі өтіп, түрлі әлеуметтік, құқықтық мәселелер сөз болып, өз шешімін тауып отырған. Соның бірі – 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен патша өкіметіне саяси қарсылық ретінде 14 мың адам қол қойған атақты «Қарқаралы петициясы» жазылды.
Иә, қазақ даласында сонау ХІХ ғасырдан бастап кереге керген жәрмеңкелердің тек сауда-саттық бағытында ғана емес, мәдени, рухани һәм әлеуметтік қызметі де маңызды болды. Қояндыда тек сауда көрігі ғана қызған жоқ, ән мен күй, әлеуметтік маңызы бар пікірталастар, түрлі дау-дамайды шешу сынды түрлі қызметті бір басына тоғыстырған рухани орта қалыптасты. Онда алуан түрлі концерттік кештер, рулар мен халықтардың пікір алмасуы, спорттық шаралар, ұлттық ойын жарыстары, мәдени-рухани кештер өткізілді. Өнерпаздар мен спортшылар өнер көрсетіп, халықтың рухани көңілін серпілтті. Тіпті ел аузында жүрген Біржан сал, қобызшы Ықылас Дүкенұлы, күйші Тәттімбет Қазанғапұлы, әйгілі ақындар Қамбар, Жанақ, Шөже тәрізді қазақтың біртуар таланттары бас қосып, Қоянды даласын думанға бөлеген. Мәселен, кезінде жәрмеңкенің негізін қалаған орыс көпесі Варнава Ботов Қояндыда сарғыш, көк, қызыл тастардан үй, дүкен салдырған. Жұртты бір жерге жинарда төрт жерге орнатқан үлкен-үлкен қоңырауларды арнайы адам жалдап қаққызатын көрінеді. Сол кезде қызылды-жасылды киінген Біржан сал ат үстінде үкілі домбырасын безеп:
«Базарың құтты болсын,
ардақты елім,
Қоянды – ту көтерген думан жерім.
Қарқаралы, сұлу Көкше –
жер шоқтығы,
Сарыарқа алтын асу, асқар белім, – деп жәрмеңке базарын әнмен ашқан екен. Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Мәди Бәпиұлы, Иманжүсіп, Майра Уәлиқызы сынды көмейіне бұлбұл ұя салған әншілердің үні қалықтады Қоянды аспанында. Адамзаттың алыбы, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының да нағашылап Қарқаралыға келгенде жиі ат басын бұратын құтты мекені болған бұл Қоянды! Сол секілді мұнда шыңылтыр даусымен қазақтың кең даласын дүр сілкінтіп, сегіз шақырымға дейін жеткен ерек үнімен елді үздіктірген Әміре Қашаубаевтың өнерімен сусындады қалың жұрт. Суырып салма ақын Иса Байзақов, «ән академигі» Жүсіпбек Елебеков, Қали Байжанов, Ғаббас Айтбаев бастаған дүлдүл дарындар да Қояндыдан түлеп ұшқан таланттар. Балуан Шолақ – Нұрмағамбет Баймырзаұлы мен Қажымұқан Мұңайтпасұлының да талай рет күш-қайратымен қалың жұртты таң қалдырған қасиетті топырағы бұл! Тіпті Балуан Шолақтың өміріндегі әйгілі оқиға – француз балуаны Кронның жауырынын жер иіскетіп, қабырғасын сындырған тарихи сәтіне де осы киелі өлке куә!
Сонымен қатар Қояндының қазақтың тұңғыш кәсіби театрының қалыптасуына да сіңірген ықпалы зор. Тұңғыш ұлт театрының негізін қалаушылардың бірі, қазақ өнерінің қара нары Қалибек Қуанышбаевтың бір өзі бір мезетте бірнеше рөлге енетін қызықты қойылымдары мен «шаншарларын» да ең алғаш халық осы жәрмеңкеде танып, білді,саф өнер құдіретіне толассыз қошеметін арнады. Қояндыда қанат қатайтып, қияға қалықтаған Қалибек Қуанышбаев, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов бастаған тума таланттар 1926 жылы Қызылорда топырағында ту тіккен тұңғыш кәсіби қазақ театрының негізін қалаушылар екенін ескерсек, демек Қоянды ұлттық театр өнерінің де қасиетті отауы деп бек сеніммен айта аламыз. Қоянды жәрмеңкесінің құдіреті сол – ашық аспан астында өнерімен көрерменін әлдилеген таланттардың қазақ өнерінің шексіздігін паш етуге ықпал еткендігі. Соның нәтижесінде ұлттық өнеріміз өзгеше бағытқа бет бұрды. Осы үшін де қазақ өнері Қоянды жәрмеңкесіне қарыздар!
Сөз соңы
Қираған қабырғалар астарына жасырынған Қоянды жәрмеңкесінің тағылымды да бай тарихы әлбетте ешбір жанды бейжай қалдырмаса керек. Әсіресе өткенін қастерлеп, ұлттық өнерінен ұлағат іздейтін кез келген адам үшін Қоянды топырағы осынысымен құнды. Әйтсе де, кезінде атағы жаһанға жайылып, дүркіреген сол Қоянды бүгінде құрудың, қаңқасы ғана қалған қабырғамен бірге құлаудың аз-ақ алдында тұрғандығын көріп жаның жабырқайды. Талай ұлыларымыз бен тау тұлғаларымыздың ізі қалған қасиетті мекенді қастер тұтып, тарихи ескерткіштерін өз деңгейінде сақтай алмағанымыз қандай өкініш! Біз тілдескен ауыл тұрғындарын да осы мәселе толғандыратыны қуантты. Осыдан бірнеше жыл бұрын атақты жәрмеңкенің 170 жылдық мерейтойы қарсаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалпына келтіріледі деп күткен тұрғындардың бүгінде үміті үзілуге шақ қалғандай. Әйтсе де, жақсылыққа сенгісі келеді. Мәселен, кезінде металл саудасына өткізіп жібермекші болғандардың қолынан қомақты ақшасын төлеп алып қалған қойманың темір қақпасы Қуат Қадырбеков деген ауыл тұрғынының үйінде ширек ғасыр сақтаулы тұр. Ауыл тұрғыны алдағы уақытта Қоянды жәрмеңкесіне арналып мұражай-кешен ашылса, құнды жәдігерді қуана-қуана мемлекет қарамағына өткізуге дайын екенін жеткізді. Сол секілді тағы да бірнеше ауыл азаматы талан-таражға түскен, ортадан тартып алып қалған Қояндыға тиесілі дүниелерді мұражай қорына өткізуге әзір. «Алайда ол күн қашан туатыны белгісіз» дейді күмілжіп. Ауыл тұрғынының алаңы орынды. Өйткені жылдар алға жылжыған сайын мемлекеттің толықтай қорғауына алынбаған тарихи мекеннің құрып кету қаупі басым. Осыдан 30-40 жыл бұрын әлі де сақтап қалуға болатын 50-60-қа жуық ғимарат орны бар болса, бүгінде сол кешеннен қалғаны – тек осы құлаған қабырға ғана. Адам мен малдың сұғынан қорғалмаған тарихи мекеннің бүгінгі сиқы, өкінішке қарай, осындай. Тарихын тағылым тұтып, елдің ертеңіне бейжай қарамайтын ұлт азаматтары мен ел басшылары осы бір құндылығымызға қамқор болып, құрып кетуден қорғай алса, қанеки?!.