Қазіргі таңда Қарағанды облысында қарғын су таусылып, су тасқыны басылып, жағдай тұрақты сипат алды. Дегенмен, сәуірдің басында күннің күрт жылынуы салдарының өңір тұрғындарын біраз әуреге салғаны рас еді.
Мәселен, облыс орталығындағы Оңтүстік-Шығыс ауданындағы бірқатар көпқабатты үйдің жертөлелерін су алып, ондағы тұрғындар қауіпсіз жерлерге көшірілді. Мұндай жағдай қаланың басқа да аудандарында, көшелерінде ішінара кездесті.
Жалпы, 1-10 сәуір аралығында облыстық ТЖД жедел штабына аула аумақтарын су басу қаупі туралы 286 хабарлама келіп түскен екен. Тиісті органдар барлық жағдай бойынша жедел әрекет етіп, суды бұрудың шараларын дер кезінде жүзеге асырды.
Қарағандының өз басында барлығы 183 430 текше метр қарғын су сорылды. Сонымен қатар ұзындығы 3 680 метр арық тазартылды. Су алу қаупі бар жерлерге 26 979 дана қап төселіп, ұзындығы 1 300 метр уақытша біліктер тұрғызылды. Бұдан бөлек аталған уақыт аралығында жол төсемдері арқылы барлығы 44 су тасқыны тіркелді. Облыстағы Самарқанд сынды аса ірі су қоймасынан су ағызу 400 текше метрге дейін, ал Ынтымақ су қоймасынан 250 текше метрге дейін ұлғайтылғанын айта кеткен ләзім.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, 1 сәуірден бастап су тасқынына қарсы іс-шараларға аталған ведомство бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың, жол қызметтерінің, полицияның және коммуналдық қызметтердің мыңнан астам қызметкері мен 266 бірлік техникасы жұмылдырылған екен.
Ал қазіргі уақытта мамандар облыс өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуі байқалғанын айтады. Сондай-ақ даладағы қар да толықтай еріп кеткен. Соған қарамастан, Төтенше жағдайлар департаменті барлық арнайы қызметтердің кез келген дабылға сақадай сай дайын екенін және жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлім етті.
Қарағанды облысы