Ауыл шаруашылығы саласындағы кадр тапшылығы жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Шаруалармен жолығып қалсаң, әңгімесін субсидия мәселесінен бастап, ветеринар мен механиктердің қажеттілігімен жалғастырады. Зейнеткерліктің ауылына қадам басқан тәжірибелі мамандар ай-күнін санап отыр. Жастардың ауылға баруға ниеті аз. Қайтпек керек?
Қолдаса, «қонақтайды»
Қолында ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуге мүмкіндік беретін дипломы бар жастар көп. Бірақ түрлі себеппен басқа салада нәпақа тауып жүр. Қазір ветеринария мамандығы бойынша жоғары оқу орындарына түсетін түлектердің көп бөлігі қыздар екен. Өкініштісі, олардың 30 пайызы ғана ауылға келеді. Статистика солай. Бүгінде мемлекеттік грант бойынша оқыған студент оқу бітірген соң осы салада 3 жыл бойы жұмыс істеп, мемлекеттің бөлген ақшасын өтеуі керек. Әрі қарай, әрине, өзі біледі. Бастысы, 3 жыл ішінде мамандығын терең меңгеріп, осы саланың білікті маманына айналуына, өмірлік жолын осы бағытта жалғастыруына мүмкіндік жасау, жалақысы мен қызметін сатылап көтеру сияқты шаруалар атқарылуға тиіс. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласына жас мамандарды тарту, осы салада қызмет етемін деген жастарға қолдау көрсету ісі де кезек күттірмес мәселе екенін естен шығармаған жөн.
Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Ахмет Серкебаев жастар ауылда тұрақтап қалуы үшін қолайлы жағдай жасалуы керек екенін алға тартады.
– Баспана мен жалақы мәселесі өз алдына, жастардың бос уақытын тиімді өткізуін де назарда ұстаған жөн. Жастың аты жас. Бойында жастық жалын лаулап тұрғандықтан қыдырғысы, көргісі, білгісі келеді. Сондықтан да инфрақұрылым жағы реттеліп, ауылда спорттық және мәдени нысандардың жұмыс істеп тұрғаны маңызды. Интернет мәселесі де көп нәрсені шешеді. Соңғы жылдары ауылдарға шағын футбол алаңдары салынуда. Су құбыры тартылуда. Осындай игі жұмыстар жалғаса берсе, жастар ауылда тұрақтап, ауыл шаруашылығы саласына аяқ басар еді, – дейді А.Серкебаев.
Шаруалар жәрдемдесуге дайын
Өңірдегі ірі шаруа қожалықтарындағы жастардың үлесі қандай? Сауалға жауап іздеп екі-үш шаруашылыққа хабарластық. Успен ауданындағы «Галицкое» ЖШС-нің басшысы Александр Касицин 450-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырғанын айтады. Әрқайсысы еңбегіне сай жалақы алады. Яғни ешкім «жалақым аз» деп байбалам салмайды мұнда.
– Жалақының орташа мөлшері 80 мың теңгеден асады. Бізге білікті кадрлар керек. Ол үшін жұмыскерге ыңғайлы жағдай жасау маңызды. Қызметкерлердің басым бөлігі Галицкое ауылының тұрғындары. Сол себепті ауыл азаматтарының игілігі жолында әлеуметтік көмектер қарастырылған. Мәселен, мектеп оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету, жол жөндеу, басқа да қайырымдылық акцияларынан қалыс қалмаймыз. Мемлекет тарапынан субсидия алып, оның қайтарымы ретінде халыққа жақсылық жасауды естен шығарған емеспіз, – дейді А.Касицин.
Железин ауданындағы «Пахарь» ЖШС-іне барсаңыз, кеткіңіз келмейді. Жұмыскерлерге деген қамқорлықты көргенде сол жерде жұмыс істеуге көңілің бұрып тұрады. Атап айтсақ, әр жұмыскердің отбасы коттедж сияқты сәні келіскен үйлерде тұрады. Тек коммуналдық шығындарын төлеуге міндетті. Қызметкерлер бос уақытында спорт залында жаттығып, бассейнге барады. Мектеп жасына дейінгі балаларға шағын орталық қарастырылған. Ал оқушылар арнайы автобуспен көрші ауылдағы мектепке тасымалданады. Мұнда ең тапшы деген мамандық иесінің жалақысы 1 млн теңгеге жуық. Ортанқол жұмыскерлердің өзі 250 мың теңге алады екен. «Серіктестіктің алдағы жоспары ауқымды. Бұған қол жеткізу үшін сапалы кадрлар қажет. Тапшы мамандарды алыстан алып келіп, бар жағдайын жасауға мүмкіндік бар. Бақташыларға 150 мың теңгеден аса жалақы тағайындауға әзірміз. Оқу орындарымен байланыс орнатып жатырмыз», дейді серіктестік басшылығы.
Оқу орындары демекші, Ақтоғай ауданындағы «Ақтоғай-Агро» ЖШС-де соңғы жылдары жастардың үлес салмағы артып келеді. Кәсіпорынның бас инженері Виктор Дубовицкийдің айтуынша, шаруашылыққа жергілікті агротехникалық колледждердің студенттері жұмысқа тартылуда.
– Бірнеше жыл бұрын жас кадрлардың тапшылығы анық сезілетін. Техникаларды тек орта жастан асқан азаматтар тізгіндейтін еді. Ал бүгінде заманауи технологиялардың «тілін» тез меңгеретін жастар компьютермен жұмыс істеу, ауыр техникаларды алыстан басқару ісіне жауапты болып отыр. Жалпы, агротехникалық колледждермен байланыс жолға қойылған. Көктем мен күзде колледж студенттері шаруашылықта тәжірибеден өтіп, аға буын механизатор, агрономдар тәлімгер болып, бар білгенімен бөліседі. Соның нәтижесінде студенттердің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қызығушылығы артып, басым бөлігі жұмыс істеуге қалады, – дейді А.Дубовицкий.
Сұранысты қамтиды
Өңірде ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандарды даярлауға жауапты бірден-бір білім ордасы – Кемеңгер ауылындағы Ertis жоғары инновациялық аграрлық колледжі. Колледж басшылығының мәліметінше, түлектердің 82 пайызы жұмысқа орналасады екен. Жыл сайын 100 шақты студент шаруа қожалығы басшыларының тапсырысы бойынша дуалды оқыту жүйесі арқылы білім алуда. Яғни олар «жұмысқа қайда орналасамын?» деп бас қатырмайды. Шаруашылықтар оқу ақысын өздері төлеуге келіскен. «Жалпы, қанша сұраныс бар, сонша маманды қамтамасыз етуге әзірміз», дейді колледж басшылығы.
Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде ауыл шаруашылығы саласында 1,2 млн адам еңбек етеді екен. Бұл көрсеткіш – елде жұмыспен қамтылған азаматтардың 13,9 пайызы. 2020 жылы ең қажетті мамандықтар қатарында тракторшы, ауыл шаруашылығы механизациясы саласындағы инженер, күзетші, крандар мен көтергіштердің операторы, жеке көліктің жүргізушісі мен шопыры тіркелген. Цифрлы технологиялар күннен-күнге дамып, процестердің бәрі де автоматтандырылып келе жатқан заманда жаһандық еңбек нарығында едәуір өзгерістер орын алып жатқаны белгілі. Әлемдік тенденция ауыл шаруашылығын да айналып өткен жоқ. Жаңадан пайда болатын мамандықтардың қатарында сүт фермаларындағы роботтехник малшы, жер және су ресурстарын басқаратын IT инженер, агроном-экономист, цифрлы агроном, ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технологиялар жөніндегі мамандар бар.
Қорыта айтсақ, «кадр тапшы» деп қол қусырып отыруға болмас. Енді 5-10 жылдан кейін ветеринар мен механизатор таппай қиналуымыз мүмкін. Сондықтан да жастардың ауылға ағылуы үшін кешенді бағдарлама әзірленгені абзал.
Павлодар облысы