• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 13 Сәуір, 2022

Семейде ядролық қауіпсіздік аймағы құрылады

352 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заң жобасы мақұлданды.

Атап айтқанда, депутаттар «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын қарады.

Семей сынақ полигонында алғашқы ядролық бомба 1949 жылғы 29 тамызда сыналған болатын. 50 жыл ішінде полигонда 456 сынақ жасалды. Осы жарылыстардың жиынтық қуаты Жапонияның Хирошима қаласына тасталған Little boy бомбасының қуатынан 250 есе артық. 1991 жылы Семей ядролық сынақ полигоны жабылды.

«Бүгінгі таңда оның аумағы шамамен 18 300 шаршы шақырымды құрайды. Тәуелсіздік жылдары бұрынғы полигонда, соның ішінде «Дегелең» тау алабында, «Балапан» және «Тәжірибе алаңы» сынақ алаңдарында жаппай қырып-жою қаруын таратпау режімін қолдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.

Полигон жабылғалы бері бірқатар проблемалық мәселе анықталды. Бұ­рынғы Семей полигонының жері үш об­лыстың жергілікті атқарушы орган­дарының қарамағындағы босалқы жерге жатады. Бұл бөгде адамдардың іс-әрекет­терін және осы аумақтарда болып жатқан оқиғаларды бақылауды қиындатады.

Полигонның нормативтен тыс лас­тан­ған жерлерін оңалту және қайта қал­пына келтіру жұмыстары жүргізілмейді. Сондай-ақ радиоактивті ластану деңгейі­не тұрақты мониторинг жүргізілмеуіне байланысты радиоактивті зақымданудың жылыстауы бойынша өзекті деректер жоқ», деді заң жобалары жөнінде баяндама жасаған Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Ведомство басшысының айтуынша, қазіргі таңда ластанған және таза аумақтардың ара-жігі ажыратылмаған. Сондықтан жарамды жерлердің көлемді бөлігі пайдаланылмайды. Осы проблемаларды шешу мақсатында «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасы әзірленді. Құжатта бірқатар ұсыныс келтірілген.

«Бірінші, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонындағы жұмыстардың орындалуына жауапты ұйым тағайын­далады. Екінші, кешенді экологиялық тексеру және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелері бойынша нормативтен тыс радиациялық ластанған аумақтардың және шартты таза жерлердің шекаралары мен ауданы айқындалады. Үшінші, ластанған жер­лерде Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оларды уәкілетті ұйым­ға пайдалануға беріледі. Төртінші, бұрын­ғы полигонның ластанған учаске­лері оңалтылады. Бесіншісі, аймақ аума­ғында радиациялық жағдайға мониторинг жүргізіледі. Алтыншысы, бұрынғы полигонның шартты таза жер­лері шаруа­шылық айналымға беріледі», деді Б.Ақшолақов.

Министрдің айтуынша, полигонның нормативтен тыс ластанған жерлерін басқару жөніндегі уәкілетті ұйым ретінде Ұлттық ядролық орталығын тағайындау жоспарланған. Бұл мекеме – Энергетика министрлігіне қарасты ведомстволық бағынысты ұйым.

«Кәсіпорын 30 жыл бойы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, радиоэкология және ядролық инфрақұрылым объектілерін жою саласында қызметін жүзеге асырып келеді. Орталықтың жоғары білікті персоналы, мамандандырылған жабдықтары, дамыған инженерлік-техникалық инфрақұрылымы мен қажетті рұқсат беру құжаттары бар.

Ұлттық ядролық орталық 2008 жылдан бастап қазірге дейін полигон аумағын толықтай тексерді. Екі миллионнан астам өлшеу жүргізді және топырақтың 5 мыңға жуық үлгісіне талдау жасады. Биыл тексеру материалдары мемлекеттік экологиялық сараптамаға жіберіледі. Кейіннен полигонның шартты таза және нормативтен тыс ластанған жерлерінің шекаралары айқындалады. Болжам бо­йынша олардың ауданы сәйкесінше 8 900 және 9 400 шаршы шақырымды құрайды.

Бұған дейін айтылғандай, ластанған жерлерді тиімді басқару мақсатында олардың аумағында Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру ұсынылады. Заң жобасында уәкілетті ұйымға құрылатын аймақтың аумағында ядролық қаруды таратпау режімін қамтамасыз ету, радиоактивті ластанған жерлерді оңалту және олардың қауіптілігін төмендету, тарихи радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және радиоактивті ластану деңгейін мониторингілеу функцияларын беру қарастырылған», деді Б.Ақшолақов.

Ведомство басшысының сөзіне сенсек, Ядролық қауіпсіздік аймағында заңда көрсетілмеген қызметті жүзеге асыруға тыйым салынбақ. Бұл радиоактивті қалдықтардың мамандандырылған аймақтан тыс жерлерге таралуына жол бермеуге бағытталған.

«Негізгі заң жобасын іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында ілеспе заң жобасы ұсынылады. Онда Жер кодексі мен Экология кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді. Атап айтқанда, Жер кодексінің «өнеркәсіп, көлік, байланыс жері, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтажына арналған жер және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жер» санаты «ядролық қауіпсіздік аймағының жері» деп толықтырылады.

Бұдан басқа, қажетті құқықтық рәсімдерді бекіту үшін заң жобасы Босалқы жерді «ядролық қауіпсіздік аймағының жеріне» ауыстыру тәртібін әзірлеу мен бекітуді көздейді. Сондай-ақ ядролық қауіпсіздік аймағының жерін Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуі жөніндегі уәкілетті ұйымның жер пайдалануына беру мүмкіндігі қарастырылған», деді министр.

Осы ретте Палата төрағасы аталған заң жобасы Семей полигоны аумағын зерттеуге және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты екенін айтты.

«Бұл мәселе алғаш рет заңнамалық деңгейде реттелейін деп отыр. Жергілікті халық осы жерлерді пайдалану жөнінде көптен бері айтып жүр. Мұнда алдымен кешенді экологиялық зерттеу жүргізіледі. Радиоактивті учаскелер анықталып, онда Семей ядролық қауіпсіздік аймағы құрылады. Сол жерлерді қалпына келтіру үшін жүйелі  жұмыс атқарылып, қаржы бөлінеді. Мақсат – бұрынғы полигон маңында тұратын халықтың радиациялық қауі­псіздігін күшейту. Ал табиғаты лас­тан­баған, экологиялық ахуалы жақсы жерлер ел игілігіне пайдалануға беріледі», деді Ерлан Қошанов.

Палата Төрағасы аталған заң жоба­сының қаралуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Абай облысын құру жөніндегі шешімімен тұспа-тұс келіп отырғанын айтып, бұл заң осы өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны сала­сын­дағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Құжат жөнінде Мәжіліс депутаты Ғазиз Құлахметов баяндама жасады.

«Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасында халықты құжаттандыру проце­дураларын оңтайландыратын және кейбір заңнамалық актілердегі ескеріл­меген тұстарды жүйелейтін ұсыныстар көзделген. Нақты алғышарттарына тоқта­лайын: адам құқықтарын қорғау, қолдағы заңнама нормаларын Консти­туцияға сәйкестендіру, ұлттық қауіп­сіздік және қоғамдық қауіпсіздік мәсе­лел­ерін шешу, азаматтардың мүддесін қамта­масыз ету, көші-қон мәселелерінде мемле­кеттік реттеуді жақсарту, құқықтық олқы­лық­тарды болдырмау», деді Ғ.Құлахметов.

Биылғы 1 қаңтардан бастап Ішкі істер министрлігіне тікелей қатысы жоқ кейбір функция мен құзірет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне өткен еді. Осыған байланысты аталған министрлік енді босқындар мәселесімен айналысу, еңбек мигранттарына рұқсат беру және рұқсаттың мерзімін ұзарту, көші-қон процестерін реттеу шараларын әзірлеу және осы мәселе аясында ведомствоаралық үйлестіруді жүргізеді.

«Бірінші, «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» заңның 3-бабы Конституцияның нормасына сәйкес келтіріледі. Бұл заңның 3-бабында шетел­дік­тердің құқықтық жағдайы қағидат­тарында «сенім» ұғымы жоқ. Бұл құқық­тық олқылықты түзеу керек боп тұр. Екінші, «Төтенше жағдайлар туралы» заңды «Жеке басты куәландыратын құ­жат­тардың, лицензиялардың, рұқ­саттар­дың және төтенше жағдайдың қолда­нылуы кезеңінде мемлекеттік және жергі­лікті атқарушы органдар беретін өзге де құжаттардың қолдану мерзімі» деген жаңа 18-1-баппен толықтыру ұсыны­лып отыр. Үшінші, «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 1-бабының 8-тар­мағына сәйкес, шетел азаматы немесе аза­маттығы жоқ тұлға – Қазақстан Респуб­ликасына уақытша немесе тұрақты тұру мақсатымен келген эмигрант. Сондықтан көшіп келушіге берілген құжат мерзімінің аяқталуына орай, еңбек келісімшартын да біржақты тоқтату мүмкіндігін қарастыру керек», деп түсіндірді Ғазиз Құлахметов.

Сондай-ақ депутат 2020 жылдан бас­тап жасы 16-ға толмаған балалардың фотосуретін ата-анасының төлқұжатына жабыстыру және тиісті жазба жүргізу нормасы жойылғанын еске салды. Қа­зір шетелге шығу үшін әр баланың төл­құжаты болуы керек.

Физиологиялық процесті ескере отырып, 12 жасқа толғанша баланың төлқұ­жаты әр бес жыл сайын ауыстырылады. Ал 12-16 жас аралығындағы балалар құжа­тының жарамдылық мерзімі қазір­гідей 10 жыл болып қала бермек. Құжат ауыстыру жиілігін өзгертілуіне байланыс­ты төлқұжат алуға мемлекеттік баж мөлшерін де 8 АЕК-тен 4 АЕК-ке дейін екі есе төмендету ұсынылған.

«Бесінші, «Босқындар туралы» заң­ның 8 және 9-баптарын сәйкестендіру мақ­сатында өзгерістер енгізіледі. Құжат бойынша пана іздеген адамдар мен босқындар Қазақстан Республикасының аумағындағы мекенжайын ауыстырған жағдайда тіркеуден шығып, 5 жұмыс күні ішінде уәкілетті органда қайта тіркелуі тиіс. Енді пана іздегендерді Қазақстан аумағында мекенжайы бойынша тіркеп, тиісінше, мұндай тұлғаларды тіркеу тәртібін бекіту құзыретін Ішкі істер министрлігіне берген орынды.

Алтыншы, «Шетелдіктердің құқық­тық жағдайы туралы», «Халықтың көші-қоны туралы» заңдары шетел азамат­тарының елімізге кіруіне тыйым салы­натын қосымша негіздемелермен толық­тырылады. Мәселен, шетел азаматының экстремизм-терроризмге қатысы бары немесе Қазақстанда экстремистік не террористік деп танылған ұйымға қатысы бары туралы мәлімет-деректер негізінде шетел азаматының елге кіруіне тыйым салынады және ұлттық қауіпсіздік органдарына тыйым салу себебін түсіндірме құқығын беру ұсынылады.

Жетінші – балаларды қылмыстық құқық бұзушылықтан қорғау мақсатында үш заңға келесі нормалар енгізіледі. Кәме­летке толмаған балаларға сексуалды сипатта қылмыс жасағандарға Қазақстанға келуіне өмір бойына тыйым салынады, Қазақстанды тұрақты мекендеуіне және Қазақстан азаматтығын алу туралы эми­гранттық өтінішін қабылдауға да рұқсат берілмейді», деді Ғ.Құлахметов.

Жиында депутаттар зияткерлік меншік cаласындағы заңнаманы жетіл­діру мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы заң жоба­сын екінші оқылымда мақұлдады. Оған автор­лық, сабақтас құқықтар, өнер­кәсіптік меншік объектілерін қорғау сала­сындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған бірқатар түзету енгізілген.

Жалпы отырыста Палата комитеттері «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» және оған ілеспе заң жобаларын, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын жұмысқа алды.

Жиын соңында бірқатар депутат тиісті мемлекеттік мекемелердің басшыларына депутаттық сауал жолдады.