• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 17 Сәуір, 2022

Оралхан кейіпкерлерімен кездесу

830 рет
көрсетілді

Жастық шағында жазушы Оралхан Бөкей шығармаларын оқымаған оқырман кемде-кем шығар. Әсіресе, балалық шағы ауылда өткен жанның кітапханадан арқалап әкеліп, том-том кітапты кеміргені ақиқат. Соның ішінде Оралханды оқып, «Тортай мінез ақ боз атқа» Тортайды тастап, өзі мініп алып Шыңғыстай жаққа бір желіп барып қайтқысы келетін оқырманның көп болғанына да бәс тіге аламыз. Соның бірі – мына біз едік.

Осыдан бірер жыл бұрын жазушы шы­ғармаларындағы кейіпкерлер мінезінің сомдалу және ашылу ерекшеліктерін жете түсініп, Оралхан әлемін жаңа қырынан тану үшін арнайы Шығыс Қазақстан өңіріне – Шыңғыстай ауылына ат басын бұрған едік. Мақсатымыз – Оралхан Бөкей шығармаларына арқау болған кейіпкерлермен жолығып, пікір алмасу. Діттеген мақсатымыз орындалып, шы­ғарма кейіпкерлерінің бірнешеуімен тілдесудің сәті түскен еді.

Иә, өткен күнде белгі жоқ демей ме?! Уақыт алға жылжыған сайын сол Оралхан Бөкей кітаптарына арқау болған бейнелердің қатары да сирей бастапты. Кезіндегі жалықпай сан мәрте оқитын жұмысына жан-тәнімен адал беріліп, тіпті бес тиыннан мүлт кетуді ар санайтын «Бес тиындағы» Зәкең – Зарқұмар ата да, «ғұмырында ренжімейтін, дүние өртеніп бара жатса саспайтын, дүниенің қайғысы мен қуанышын бөліп-жармайтын, мең-зең, ұйқылы-ояу» Биғаң да, ол кісінің ауылдағы жалғыз адам болып орыстан алған келіншегі – Нина апай да, «бүкіл ауыл тіршілік қамымен қора-қопсысын түзеп, бақшасына картоп салып арпалысып, қысқа дайындық жасап жанталасса... ысқырып қойып, теріс қарап дүңкиіп ұйықтап жатар» бейқам Иғаң да – бәрі-бәрі қазір ортамызда жоқ. Тек тұрған үйлері, жасап кеткен жарқын істері мен жүрген іздері Шыңғыстайдың сан тарам жолында сайрап жатыр. Көзі тірі кейіпкерлерден тек Нұрлан мен Орынбай аталар қалыпты. «Қар қызындағы» Нұржан, «Мынау аппақ дүниедегі» неміс қызына ғашық болып, ынтығатын арманшыл Нұрлан бейнелерінің прототипі – Нұрлан ата Әкімбаевты арнайы іздеп барып, бала күнінен бірге өскен досы жайында естелік сұрағанымызда: «Қайран, Ораш!» деп, үнсіз ұзақ ойланып қалды. Үнінен айнымас адал досы, бала күнгі серігіне деген шексіз сағыныш сезіледі. Біріне «Қиқар», біріне «Шойынқұлақ» деп ат қойып тай-құлындай тебісіп өткен құрдастардың достығы өле-өлгенше ешқашан үзілген емес. Бала күнінде «Қиқар» деп қағытар қаламгер досының Айман аруға қосылған ең бақытты күнінде де қасынан табылып, жігіт жолдас әрі шын тілеулес жанашыры болып үлкен өмірдің айдынына аттандырған да осы Нұрлан атамыз екен. Сағынышқа толы құшағынан әлі де шыға алмай отырған атаны сәл де болсын сейілткіміз келіп, «Мынау аппақ дүниеде» Оралхан аға жазатындай өзіңізден бір­неше жас үлкен неміс қызы Луизаға ғашық болғаныңыз рас па? – дегенімізде, балалық шақтың тәтті елестері жанына қайта оралғандай, бізді қарсы алғандағы жүзіндегі әуелгі мейірімге толы аса шуақты күлкісі езуіне қайта үйірілді. «Рас, аспаннан түскен періштедей болып сол немістің қызы ауылымызға келгеннен-ақ оның сұлулығына сүйсінбеген жан жоқ еді. Соларың ішінде Ораш екеу­міз де бармыз. Әрине, он бес жасар баланың ғашықтығының сыры мә­лім ғой. Бірақ шығармада менің атым пайдаланылғанымен, негізгі сезім, махаб­баттың барлығы Ораштың өзінің сезінгені. Соны кейін, өзіне қанша айт­қаныммен, «Сені жаздым» деп Луизаға деген балаң махаббатын ақыры мойындамай кетті»,  деп ата кеңкілдеп күліп алды.

Әдемі әңгімеміз одан әрі Шыңғыс­тайдың Шекеме деп аталатын бөлігінде тұратын Орынбай ақсақалдың үйінде жалғасты. Есіңізде болса, суреткердің анасы Гүлия мен әкесі Бөкейге арнап жазған «Бәрі де майдан» повесіндегі пош­ташы Ақан шалдың Жеңіс күні қар­саңында шағыр қасқа биесіне міне салып, Көбен тауындағы қыстаққа барып таң атқанша сырласатын жас қойшысы – осы Орынбай ата болса, Гүлия апамыздың әдебиеттегі көркем бейнесі Алманың мұңына ортақтасар жас келіншек Күміс –  Орынбай ақсақал ошағының отанасы. Сол Орынбай атамыз бен Күміс апамыздың алғашқы сезім хикаяларын жазушы кейін «Коммунизм туы» газетінде жарялан­ған « Өзі сүйген» әңгімесінде Алтай мен Күмісайым бейнелері арқылы төгілте суреттейді. 

Катонқарағай ауданында жүргенде біз тағы бір қызықты кейіпкермен жо­лық­тық. Ол – бала Оралханның оқушы­лық кезеңіндегі досы Әлмұхан Қанапин есімді азамат. Болашақ жазушыдан бір сынып жоғары оқыған заманқұрбы өз естелігін айтты. «Сайтан көпір» пове­сіндегі деректік шындықтарды көзкөрген замандастың өз аузынан естідік.   

– Мен О.Бөкеймен бір мектепте, одан бір сынып жоғары оқыдым. Қабылбекті де көргенмін. «Сайтан көпірдегі» Аспан шалдың прототипін айтып отырмын. Күндебаев Қабылбек Күндебайұлы 1926 жы­лы Шығыс Қазақстан облысы, Мар­қакөл ауданында, Сорвенок ауылында дүниеге келген. 10 жасында жетім қалған. 1936-1937 жылы ағайындары Катонқарағай ауданы, Еңбек ауылына көшіріп алды. Повесте суреттелетіндей, ол шынында өте қайратты еді. Атты шылбырсыз тоқтата салатын. Асқан күштің иесі еді. Әрі адал, әрі қайратты, жүрегі таза еді. 1948 жылы осы ауылдың Нұржамал деген қызына үйленеді. Сол жылы жылқышы ­болып жұмыс істейді. Нұржамал – повес­те­гі Қамқаның прототипі.  1957 жылы 7 жел­тоқсанда совхоздың жылқыларын тау­дағы қыстауға әкетіп бара жатқанда қар көшкіні түседі. Көшкіннің кесірінен Қаба өзеніндегі бөгеліп қалған атқы су оны ағызып әкетеді. 7 күн самырсын түбінде қалады. Қалтасындағы құртты қорек етеді. 14 желтоқсанда іздеуге шық­қан жылқышылар тауып алады. Үсік­ке шалынғандықтан екі аяғынан, оң қолы­ның үш саусағынан айырылады. 31 жасында осындай апаттан аман қалып, қажырлылығының арқасында тағы да 34 жыл өмір сүрген. 65 жасында 1991 жылы 7 тамызда ауырып қайтыс болған.

–  Ал өзіңіз сайтан көпірден өтіп көр­діңіз бе?

–  Өтіп көргенмін. Әрине, жүрексінесің. Сайтан көпір өте биік әрі тау жолында орналасқан. Қар көшкіні болып қалған кезде көпірді сан рет басып қалып, қайғылы жағдайлар көп болған. Пенде емеспіз бе, қорықсақ та  жігіттік намысты қайрап өттік. Одан жүрек жұтқан адам ғана өте алады.

Суреткердің көркемдік әдіс ереше­ліктерін іздеу, зерделеу барысында тап­қан бұл мысалдар – Оралхан Бөкей­дің шығармашылық болмысының айрық­шалығын әйгілейді. Жазушының басты артықшылығы – оның шынайылығын­да. Яғни қаламгердің романтикалық сарындағы шығармалары да, реалистігі басым туындылары да қазіргі заман дерек­теріне негізделген. Сол деректен тұшымды бейне сомдалған. Суреткер романтикалық идеалды тарих қойнауынан немесе жекелеген атышулы тұлғалардан іздемейді. Оның кейіпкерлері – Горькийдің «жалаң аяқтары» секілді өзі өмір сүрген тарихи кезеңнің қарапайым еңбек адамдары: шопандар, трактористер мен орманшылар. Оның жазушының өзі де былай қуаттайды: «Менің повесть, әңгіме­лерімнің сюжеттері туған жер, жастық шағымда болған естеліктерге толы. Менің жерлестерім – қазақтар – сом мінезді, шыншыл және ашық жүректі адамдар. Олар сиқырлағандай, ата-бабасы таңдаған кеңістікте өмір сүреді. Менің туған жерге адал жерлестерім өр мінезді, еңбекқор, ержүрек және шыншыл адамдар. Әйтеуір, не жазсам да өз заманымды, сол заманда маңдай терін төгіп жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырысамын. Ал кейіпкерлерім – ауыл адамдары: қойшылар, жылқышылар, бұғы өсірушілер, диқандар, орманшылар, ересектер мен жастар. Олар бітім-болмысы кіршіксіз, пәк ниетті жандар» деп жазыпты жазушы өз күнделігінде.   Сондықтан болса керек, Оралхан шығармалары ойға оралымды, жүрекке жақын. Ауылды сағынған оқырман Оралханға оралатыны ақиқат. Ал сіз не оқып жүрсіз?..