Нидерландтағы Лейден кітапханасынан алынған Сәйф Сарайдың «Гүлстаны» (ХІV ғ.), Венадан табылған Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» (ХІ ғ.) дастанының көшірмесі, Франциядан алынған «Дафтар Шыңғыс Нама» (Париж тізімі), тағы басқа қолжазбалар немесе олардың көшірмесі өткен аптаның соңында «Ұлы дала тарихының жазба мұрасы» көрмесіне қойылды. Араб, парсы, түрік, шағатай тіліндегі қолжазбалар мен сирек кітаптардың қай-қайсысы болсын ұлт мәдениетінің алтын тамыры іспеттес құнды дүниелер.
Елордадағы Ұлттық музейде Мәдениет және спорт министрлігі Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығымен бірлесіп ұйымдастырған көрменің ашылуына Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстандағы дипломатиялық миссиялардың басшылары мен өкілдері (Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Иран), қоғам, ғылыми және сараптамалық қауымдастық, архивтер, кітапханалар, музейлердің өкілдері қатысты.
Көрмеге Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығының қорларында сақталған ежелгі жазба ескерткіштер, қолжазбалар мен сирек кітаптар қойылды. Атап айтқанда, VII ғасырда жазылған қасиетті Құран Кәрім, Қожа Ахмет Ясауи, Наср ибн Мұхаммед Самарқанди, Махбуби, Ибн Халликан және тағы басқа авторлардың шығармалары. Ұлы даламызда Қыпшақ, Қарахан, Алтын Орда дәуірлерінде хатқа түсіп, әлем жауһарларының алтын жүлгесіне айналған бұл көне туындылар қазақ халқының төл мәдениетіне жататын сирек қолжазбалар екенін таныту бүгінгідей жаһандану кезінде өте маңызды.
«Көне жазба мұралар төл мәдениетіміз бен тарихымызды әлемге әйгілеп қана қоймай, көпшілікке дәріптейді. Ұлт руханиятын одан әрі нығайтып, жас ұрпақтың тарихи санасы тереңдеуіне жол ашады. Осы ретте біз Ұлттық музейде қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығындағы бірегей жазба деректерден арнайы көрме ұйымдастырып отырмыз. Мақсат – тарихи мұраларды келешекпен байланыстыру, еліміздің санғасырлық тарихын айқындайтын баға жетпес мұраларын таныту. Сонымен қатар ол дүниелерді ғылыми айналымға қосып, ғалымдар мен зерттеушілер үшін қолжетімді ету өте маңызды. Көрмеде ел тарихына қатысты бірнеше маңызды жазба қойылған», деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев көрменің ашылу салтанатында.
Қадым замандардан сыр шертіп қана қоймай, терең парасат, пайымның озық үлгілерін ұсынатын қолжазбалық жәдігерлер ұлтымыздың рухани, саяси, мәдени және тарихи ескерткіштерінің қатарынан саналады. Ұлттық мәдениетке ғана емес, әлемдік ақыл-ойдың дамуына олжа салған көне мұралар ғылымның, білімнің және мәдениеттің дамуына үлкен әсер етеді. Осы мақсатты көздеген көрме барысында тарихи қолжазбаларды көпшілікке тарату бағытында жұмыс жүргізіледі. Нәтижесінде, жас ғалымдарға бастапқы дереккөздермен жұмыс істеу мүмкіндігі туып отыр.
«Мұндағы Алтын Орда дәуірі әдебиетіне жататын Сәйф Сарай мен Құтыбты қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы ретінде тануға болады. Өйткені Құтыбтың «Хұсырау-Шырыны» немесе Сәйф Сарай еңбектері шағатайша қыпшақ тілінің негізінде жазылған», дейді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының бас сарапшысы Алмат Әбсалықов.
«Ұлы дала тарихының жазба мұралары» атты көрмеге Қайып ханның түрік сұлтаны ІІ Ахмедке жазған хатынан үзінді, сұлтан Кенесары, Жәңгір хан, Абылай ханның хаттары және тағы басқа құнды жәдігерлер қойылған. Ұлттық музейдегі көрмені елорда жұртшылығы жыл соңына дейін тамашалай алады.