Бірде таныс ағамыз қызық әңгіме айтты. Өзі тұратын көпқабатты үйдің іргесіндегі көкөніс сататын дүңгіршектен бір орыс әже жиі жеміс-жидек алады екен. Кейде сол кейуана дүңгіршек иесіне ертеде жарық көрген ескі кітаптарды әкеп береді. Саудагер жігіт ол кітаптарды алып қалғанымен, оны оқымайды. Әйтеуір тегін келгесін бір қажетке жарар деп алып қалады. Сол кітаптарды алып қараса, қолға сирек түсетін шығармалар екендігін байқайды. Арасынан атақты жазушы Джон Стейнбектің алты томдығын, кеңес заманында оқуға тыйым салған Андрей Платоновтың туындыларын көреді. Сөйтіп, өзіне ұнаған бір топ кітапты үйіне арқалап алып кетеді.
«Меніңше, сол орыс апамыз кезінде ұстаз болған деп ойлаймын. Қазір бойынан қуат кетіп, кітаптарын күтуге шамасы да қалмаса керек. Оны керек етіп отырған бала да жоқ. Олар мүмкін үйінде сіресіп тұрған кітаптардың көзін құрт деуі де мүмкін. Сосын ол соншама рухани байлықты далаға лақтырғанша, дүңгіршек иесіне әкеп беріп жүрген» дейді ағамыз.
Осы оқиға есімнен көпке дейін кетпей қойды. Бала күнімізде ауылдағы үлкен кітапхана ғана емес, мектептің шағын кітапханасы да бай еді. Мектептің кітапханасын тауысқасын, ауыл кітапханасынан кітап алып оқитынбыз. Кітапханашылар әр жаңа кітап келген сайын оқушылар конференциясын ұйымдастырады. Оған ауылдағы жасы үлкендерден бастап, оқушыларға дейін қатысады. Сондай жиынның мен де жас оқырман ретінде куәсі болдым. Онда классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы талқыланды. Оқырмандар да қаптап келді. Алғашында мәдениетті басталған конференция ортасына келгенде, қып-қызыл дауға ұласты. Бірі Еламанды жақтаса, екіншісі Ақбаланы қаралады. Әйтеуір у-шуға айналған конференцияны кітапханашы апай тезірек аяқтауға тырысты. Сонда Балықбай ағамның «Шіркін-ай, менің Ақбаладай жарым болса, арманым жоқ еді» дегені бәрімізді ду күлдіріп, татуластырып жіберіп еді. Осындай кітапты қадірлеген күндерді сағынамын.
Тоқсаныншы жылдардағы қиыншылықтан көптеген ауылдардағы кітапханалар жабылып қалды. Ондағы ұзақ жыл бойы жиналған кітаптар да әркімнің қолында кетті. Туған ауылымдағы кітапхана да осының кебін киді. Бар кітап талан-таражға түсті. Ішіңіз удай ашиды.
Қазір қоғамда кітапхана мен кітапқа деген көзқарас өзгерген. Көпшілігі «Іздегеніміздің бәрі ғаламторда тұр» деп айтады. Ол да рас. Дегенмен кітаптың орны бөлек. Осындайда орыс ғалымы Д.Лихачевтің «Я считаю так: библиотеки – это основная культура страны. И от библиотек, от их доступности, от доступности сокровищ, которые в них хранятся зависит культура страны. Может не быть университетов, никакого высшего образования, но если есть хорошие библиотеки, все можно восстановить» деген сөзі адамды ойға қалдырады.
Қысқасы, кітаптың құндылығын өмірдегі ешқандай байлықпен салыстыру мүмкін емес.