• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Сәуір, 2022

Тарбағатайда аң-құс санағы аяқталды

759 рет
көрсетілді

Көктем мен күз бірқатар аң-құстың қоныс аударатын мезгілі. Аңдарды қойып, шегіртке секілді ұсақ жәндіктердің өзі қолайлы жер іздеп, мыңдаған шақырымды артқа тастайды екен. Қорықшылардың да тау-тасты, орман-тоғайды кезіп, аң санауға кірісетін уақыты осы. Санақтың да сан түрі бар. Бір аңды ізімен санаса, арқар, таутеке сынды тұяқтыларды саусақпен-ақ санап алады. Әсіресе ұлттық парк аумағындағы аңдар адамнан үрке қоймайды.

Жыл сайын наурыз, сәуір айларында белгіленген кестеге сәйкес Тарбағатай мемлекеттік ұлттық паркінің қызметкер­лері аң-құстарды есепке алуға кіріседі. Тарбағатай тауы Қытай шекарасын басып өтіп, Сауыр-Сайқанға қарай созылып жатыр. Ең биік шыңы – Тастау. Теңіз деңгейінен 2 992 метр жоғарыда. Ертедегі атауы Барқытбел деседі көнекөздер. Иә, әбден мүмкін. Өйткені Тарбағатай сөзі моңғол тілінің «тарбаған» сөзінен шыққан деген болжам бар. Бұл – суыр деген сөз. Яғни суыр­лы тау. Тарбағатайдың қо­йын-қолатында аңқиттап отыратын суырдың санында есеп жоқ. Суыр ғана емес, аң-құстың жүзде­ген түрі кездеседі. Басқасын айтпағанда, Қызыл кітапқа енген арқар, қоян, суыр, елік, қарашұбар жылан, дуадақ, ақбас тырна, дала бүркіті, қарабауыр бұлдырық, лашын, ителгі, бүркіт, қарақұс, құр, сұр шіл, кекілік, үкі осы Тарбағатай қорығында баршылық. Қорық қызметкерлерінің айтуынша, 2018 жылдан бері өңірде аң саны көбейген. Демек қорық құрылып, аң-құстар қорғауға алынғалы аң атуға мүлдем ты­йым салынған. Заңға сүйенсек, ұлттық парк аумақтарында аң аулау фактісі анықталса, 6 000 АЕК көлемінде айыппұл салынады ­немесе 3-6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады екен. Заң қатал. ­6 000 АЕК дегенді есептей беріңіз. Сон­дықтан да қару асынған аңшылар қорғауға алынған аймақтарға кірмейді.

– Тарбағатай мемлекеттік ұлттық паркі құрылғалы аң саны көбейгені рас. Шынын айтқанда, бұрын-соңды көзге түспеген аң-құстарымызды да түгендеп жатырмыз. Көктем мен күзде әзірленіп, санаққа шы­ғамыз. Мысалы, наурыздың ортасында ұшып келген дуадақтардың 50-100 шақ­тысын далалы жерлерде кездестіруге бола­ды, – дейді Тарбағатай паркінің аңшы-био­лог маманы Елена Красон.

Жануарлар дүниесін зерттеп жүрген аңшы-биологтың айтуынша, дуадақтың ұшуы қиын екен. Салмағы 16 кг болған соң аспанға көтерілуі оңай емес көрінеді. Оны кейбір деректерде азиялық түйеқұс деп те атайды. Шөлге шыдамды дегенімен, үнемі таза суды қажетсінеді. Тері бездерінің болмауына байланысты ыстыққа да шы­дамайтын көрінеді. Алайда ауыл шаруа­шылығының дамуына байланысты далалы жерге жұмыртқа салатын құстардың ауқымы азайыпты. Трактордың табанына ұялары тапталса, егістіктерге шашатын химиялық заттар құстарды да улайтын көрінеді. Бұл мәселе бүгін-ертең шешіле қоймайды. Келешекте де шешімін табуы екіталай.

Өз ісінің әккі маманы Елена Красон әріп­­тестерімен бірге аң санаққа жыл сайын шығып, аң-құстардың мекеніне дейін зерт­теу жүргізеді. Көзге түскенін сурет­ке түсі­ріп, архивке жинақтап қояды. Сонау шека­ра шебіндегі Қарабас тауын аралап, арқарлар­ға дейін фотоға тартып жүргендердің бірі осы – Елена Красон.

Қорықшылардың байқауынша, Қара­бастағы арқарлардың көбі көктем шыға Тарбағатай тауының биігіне қарай ойысады. Бірақ соңғы жылдары тұрақтап қала­тын арқарлардың саны көбейіп келе жатыр. ­Оны қорықшылар қорғаудың күшейтілгені­мен байланыстырады. Демек бұрынғыдай осы аумақта арқар аулайтын аңшылар аттап баспайды. Айтқандай, заңның қатаң екенін біледі. Заңнан бұрын табиғатқа деген жанашырлық сезімдері де бар шығар, кім білсін.

Қорықшылар ұсынған деректер­ге қа­расақ, көктемгі санақ бойынша Тар­баға­тай қорығы аумағындағы арқарлардың саны 300-ге таяған. Рас, таудың оңтүстік бет­кейлерінде қозықасын ерткен арқарларды қарусыз көзбен-ақ көруге болады. Шың биігінен мойын соза жан-жағын барлап тұратын құлжаларын да жиі кездестіресіз.

– Тарбағатай қорығында аң санақ аяқ­тал­ды. Енді құстарды санау жұмыстары бас­талады. Күзде жылы жаққа ұшып кеткен құстар ерте көктемде жұмыртқа басуға қайта оралады. Жазда балапандары қара қанаттанып, қайта ұшып кетеді. Кейбір құс­тар жолай демалу үшін де аялдайды. Оның бәрін бақылап жүреміз, – дейді Е.Красон.

Тарбағатай аумағындағы өзен-көлдерде көбінесе қаз, бізқұйрық үйрек, аққу, дуадақ, тырна және торғайлардың түр-түрі кездеседі. Көшпелі құстар ақпанның соңында ұшып келіп, сәуірде жұмыртқа сала бастайды. Құстардың санағы да осы кезде жүргізіледі. Ойлап отырсақ, табиғаты әсемсал өңірде ұлттық табиғи парктің құрылғаны өте-мөте дұрыс шешім болған. 2018 жылдан бері Тарбағатай қорығында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Табиғатқа шынайы жанашырлық танытатын мамандар тартылды. Бір сөзбен айтсақ, Тарбағатай тауының күнгей жағы аң-құсы шулаған, балығы тулаған өңір. Айтпақшы, дәл осындай аң-құстарды санау жұмыстары Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында да жүргізілді.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы