• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Сәуір, 2022

Шоқан мұрасы дәріптелді

440 рет
көрсетілді

Бүгінгі қоғам, әсіресе жастар ғалым, ағартушы, фольклортанушы Шоқан Уәлихановтың Орта Азия және Шығыс Түркістан халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеудегі миссиясы – қазақ халқының экономикалық, саяси және мәдени интеграцияда әлемдік этно-саяси қоғамдастыққа қосқан орасан зор еңбегі екенін жақсы білуге тиіс. Осы орайда ғалымның ғылыми жаңалықтары, ұстанымы мен еңбектері әрі қарай терең зерттеулерді қажет етеді.

Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қыз­­меткерлері академик Серік Сей­­­ду­мановтың жетекшілігімен «Ал­тын-Емел» артихектуралық ке­ше­ніне іссапармен барып, Шоқан Уәлиханов аруағына тағзым етті. Осы сапар аясында «Шоқан – хал­қымыздан шыққан ағартушы, шы­ғыстанушы, тарихшы, этнограф, қазақтың ұлы ғалымы» та­қы­рыбында дөңгелек үстел ұйым­дастырылып, ғалымдардың Шан­ханай ауылына сапары маз­мұнды диалогтармен жалғасын тапты. Отандық ғылымның дамуы туралы ой қозғап, Шоқанның қас қағым сәттей қысқа ғұмырындағы шығармашылығының сәулелі сәттерін еске түсірді.

Институт директоры С.Сей­думанов: «Шоқан еңбектері мен өмірінің әр сәтінен Отанға деген зор сүйіспеншілікті, табандылық пен күресті аңғарамыз. Бұл – оның интеллектуалды мұрасымен біте қайнасып кеткен елге, жерге деген отаншылдығы мен азаматтығының үлгісі», деп атап өтті.

Көрнекті ғалымның жекелеген жетістіктері ғылыми ойдың салтанатын ғана аңғартып қоймай, қазақ халқының құндылықтарын дамытуға қосқан үлесін әр кез паш етіп отырады. Оның ағартушылық, білім мен ғылымды дамытудағы идеялары, белсенді қызметі қоғам­дық ой-санаға ықпал етіп келеді.

«Қазақстан Еуразия көш­пен­ді­лері өркениетінің мұрагері, көне тарихы бар ел ретінде белгілі. Ал Еура­зия кеңістігі әрқашан гу­ма­ни­тарлық экожүйенің алаңы ретінде танылған. Осы тұрғыдан алғанда Шоқанның ағартушылық мұрасын жетілдірудің маңызы зор. Ғалымның білім мен ғылымды дамытудағы белсенді әрі бостандықсүйгіш идеялары империялық Ре­сейдің орталық саясатымен сәй­кес келмегені мәлім. Десек те, Шо­қанның азаматтық таңдауы мен бас имейтін ұстанымы қоғамдық ой-санаға түрткі болды. Ендігі кезекте қауіпсіздікті, елдің тұтастығы негіздерін сақтауды жан-жақты ой­ланатын тұста Шоқанның рухани және интеллектуалдық қа­біл­еті, ұрпақтарына арнаған сөзінің табиғи қуаты қоғамға популизм мен маригиналды руханиятсызданудан арылуға ықпал ететіне назар аударуға тиіспіз. Қоғамның жекелеген мүшелері тарапынан негізсіз пікірлердің айтылуына тек шындық пен ғылыми сана негізінде ғана тойтарыс бере аламыз. Ал қоғамда ғылымның рөлін арттыру, ғылыми білімді дәріптеу, білім мен іскерлікті насихаттау жастардың саналы таңдау жасауына мүмкіндік беретіні сөзсіз», деді С.Сейдуманов.

Ғылыми экспедиция мүше­лері тағылымды сапарды ұйым­дас­ты­руға мұрындық болған музей әкімшілігіне алғыс білдіре отырып, М.Тынышбаев атындағы Ал­маты облыстық тарихи-өлке­та­ну мұражайымен алдағы ынты­мақ­тас­тық меморандумы туралы жоспарлап қайтты.