• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Саясат 22 Сәуір, 2022

Бауырластықты бекемдейтін бірегей ұйым

173 рет
көрсетілді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркі академиясы арасындағы Түркі академиясын орналастырудың шарттары мен тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.

Бұл заң Халықаралық Түркі академиясының Қазақстан аумағындағы жұмысын реттеуді көздейді. Атап айтқанда, Ака­демияның жергілікті және шетел­дік қызметкерлері еліміздің Сырт­қы істер министрлігінде аккредит­теуден өтуге тиіс. Сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ту­­ларын да ұйымның ғимарат­та­рын­да ор­наластыруға болады жә­не құжатта тағы басқа ба­ғыт­­тар бо­йынша ба­сымдықтар белгіленген.

«Түркі академиясын құру Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде көтерілген. Түркі академиясы 2010 жылы Түркі әлемін зерттеу ғылыми орталығы ретінде жұмысын бастады. Кейін халықаралық мәртебеге ие болды. Академияның басты мақсаты – түркі тілдерін, әдебиетін және мәдениетін сақтауға, дамытуға және танымал етуге бағыттаған түркология саласындағы зерт­теулерді үйлестіру.

Бүгінгі қарастырылып отыр­ған келісімге 2020 жыл­дың 16 қара­шасында қол қо­йыл­ған. Ака­демияның штаб пә­те­рі Нұр-Сұлтанда орна­лас­қа­­ны­­на бай­ланысты келісім­нің мақ­­саты – елімізде жұмыс істеу ке­зеңіндегі Түркі акаде­мия­­сы­ның мәрте­бесін, оның ар­тық­шылықтарын айқындау. Ака­демияда бүгінгі күні 17 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 2 қызметкер шетел азаматы. Келісім күшіне енгеннен кейін академияның жергілікті және шетелдік қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінде аккредит­теуден өтуге тиіс», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Ведомство басшысының айтуынша, академия ғылыми-зерттеу жұмыстарында, кітаптар мен журналдар шығаруда, Түркі елдерінің атақты ғалымдарына халықаралық форумдар мен конференциялар өткізуде және түркология бойынша ғылыми жұмыстар жүргізуде үлкен бел­сенділік танытып келеді.

«Академияның негізі қаланған сәттен бастап Қазақстан, Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан және басқа мемлекеттердің жетекші ғалымдарының қатысуымен ғылыми жобаларды іске асырып келеді. Соның ішінде археология, тарих саласында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта кітап қорын толықтыру жалғасады. Кітапхана жанынан сирек кітаптар мен қолжазбалар мұрағаты құрылды. 2016-2021 жылдар аралығында академия ағылшын, әзербайжан, қазақ, қырғыз, мажар, моңғол тілдеріне, сондай-ақ түрлі түркі тілдеріне 100-ден астам жаңа ғылыми кітаптар жариялады», деді Асхат Аймағамбетов.

Жалпы алғанда аталған Келі­сім түркітілдес мемле­кеттер­дің ынты­мақтас­тығын одан әрі нығай­туға арналған. Қазіргі таңда Түркі академиясына Қазақ­стан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия елдері мүше. Ал Мажарстан бақылаушы ел мәр­тебесіне ие.

«Халықаралық Түркі акаде­миясы түркітілдес мемлекеттер ара­сындағы ғылыми-гума­ни­тар­лық ынтымақтастықты дамыту жолында үлкен рөл атқарып келеді. Сондай-ақ бұл ұйым бауыр­лас ха­лықтардың тари­хи-мәдени мұ­ра­ларын зерделеу бағы­тында нә­ти­желі жұмыс істеп отыр. Ака­­де­мияның ұйытқы болуы­мен жыл сайын көптеген ма­ңы­з­­­­ды еңбектер жарық көреді. Сол себепті ұйымның қызме­тін қол­даудың маңызы зор. Ал­да­ғы уақытта бұл заң Түркі ака­де­миясына түркі әлеміне қатыс­ты ғылыми-зерттеулерді үйлес­ті­ретін халықаралық біре­гей ор­талыққа айналуына және көздеген міндеттеріне қол жет­кізу үшін қолайлы жағдай қалып­тастыруға мүмкіндік береді», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Сұлтан Дүйсембинов Премьер-Министрге жолдаған сауалында шығынынан гөрі табысы мол сала ретінде қал­дықтарды басқарудың өңір­лік жүйесін құруды ұсынды. Оның айтуынша, қазір жыл са­йын 5 млн тоннаға жуық қалдық жиналса, оның 15 мың тоннасы ғана қайта өңделеді.

«Өнеркәсіп қалдығы мен тұ­тыну қалдығын басқару жөнінде кешенді шаралар қабыл­дауды және сол шараларды іске асыру үшін қаржыландыру көзін анықтауды ұсынамыз. Ком­муналдық қалдықтар жөнін­дегі мемлекеттік есеп беруге тал­дау жасау және оның сапа­сын арттыру жөніндегі іс-шаралар әзірлеу керек. Ком­муналдық қал­дықтармен жұ­мыс істеудің өңірлік жүйе­сін құру және одан әрі дамыту үшін қар­жыландыру тәсілдерін айқындау және оны іске қосу жөніндегі ұйымдастыру шараларын қамтамасыз ету мәселесін қарау және пилоттық жобасы белгіленгені жөн. Дүниежүзілік банк ұсынып отырған «Ал­маты агломерациясының комму­нал­дық қалдықтарын басқарудың ке­шенді цифрлы SMART жүйесі» жобасын іске асыруға жәрдем көрсету қажет», деді сенатор.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа сауал жолдаған Ләззат Қалтаева ірі медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын мүгедек адамдардың проблемаларын көтерді. Сенатор медициналық және әлеуметтік мекемелерде тұратын азаматтардың проблемаларына алаңдаушылық білдіріп отыр. Қазақстанда олар­дың саны 22 мыңнан асады. Депутаттың айтуынша, ондай ірі мекемелердің тұрғындары ұйықтау мен ояну тәртібін де, емдеу орнын да таңдай алмайтын тар жерде жыл бойы, кейде өмір бойы тұруға мәжбүр.

«Қазақстанда мүгедек азамат­тарға арналған стационарды алмастыратын технологияларды енгізу жөніндегі Жол картасын бекі­ту мәселесін қарауды ұсы­­на­мыз. Бұл отбасыларды қол­дауға, осы санаттағы азамат­тар­дың білім алуына және әлеу­метке араласуына, сондай-ақ қолда­ныс­тағы заңнаманы еңбек ету қабілеті, қамқоршылық инс­ти­туты мәселелері бойынша жетіл­діруге бағытталатын болады», деді Ләззат Қалтаева.

Үкімет басшысына жол­даған сауалында Ақылбек Күріш­баев су ресурстарын басқару жөніндегі ведомство құру қажеттігін айтып, оған су шаруашылығындағы жүйелі мәселелерді шешу бо­йын­ша кең өкілеттіктер беру мә­селесіне тоқталды. Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша Қазақ­стандағы су ресурстарының кө­лемі 2030 жылға қарай жылына 90 шаршы шақырымнан 76 шаршы шақырымға дейін төмендейді. Демек, елдегі су тапшылығы 8 жылдан кейін жылына шамамен 12-15 шаршы шақырымды, яғни 15 пайызды құрамақ.

«Әлі күнге дейін біз рес­пуб­ли­кадағы су ресурстарының қор­лары туралы нақты ақпаратты біл­­мейміз. Мемлекеттік су кадастрын қазіргідей жеке ұйымдар емес, «Қазгидромет» кәсіпорны жүр­­гізуге тиіс. Ол үшін су қоры­ның мониторингін цифрлы фор­мат­қа және қашықтан зондтау тех­­но­логиясына ауыстыру қажет. Ал біз­­де көптеген су қоймасында тіпті гид­рологиялық бекеттер де жоқ.

Қазіргі заманғы талаптарды ескере отырып, Қазақстанның су ресурстарын кешенді пай­да­лану мен қорғау схемасын жа­ңар­ту қажет. Бұл – суды ұтым­ды пайдалану стратегия­сы мен тактикасының негізі. Әрбір су бассейні үшін су­дың нақты өзіндік құнын анық­тау қажет. Онсыз су ресурс­тарын үнемді пайдалану мүм­кін емес. «Қазсушар» мемле­кет­тік кә­сіпорынның бүкіл респуб­ли­каға енгізген «суармалы судың бірыңғай тарифтері» әлемдік практикаға қайшы келеді. Бұл – нонсенс», деді А.Күрішбаев.

Әбдәлі Нұралиев Үкімет бас­шысынан Тараз қаласында кәріз суларын тазарту кешенінің құ­рылысына жәрдемдесуді сұра­ды. Сенатордың сөзіне қараған­да, мұндай нысанның болмауы өңір тұрғындарының өмірі мен ден­саулығына кері әсерін тигізеді. Қала халқының көбе­юіне байланысты кәріз суының көлемі де артып, оның барлығы Қостөбе ауылы маңындағы тұндырғыштарға жиналады. Ал тоғандарға кәріз суы жобалық қуаттан 1,5 есе көп түседі.

Сондықтан бұл сулар басқа облыстың аумағына таралып, қоршаған ортаны зиянды қал­дықтар және иіспен лас­тай­ды. Зертханалық зерттеу нәти­жесін­де кәріз суларындағы қат­ты зат­тардың мөлшерінің рұқ­сат етіл­ген нормасы 69 есеге, ам­мо­ний азоты 1,6 есеге, нит­рат­­тардың 2,4 есеге артқаны анық­­талды. Осылайша, бүгінде ауыл­дық жерлерде қалыптасқан эколо­гия­лық және санитарлық-эпи­дем­ия­лық жағдай тұр­ғын­дар арасында орынды на­разылық туғызады.

«Қазіргі таңда, көтеріліп отырған мәселенің өзектілігін ескере отырып, қалалық кәріз суларын тазалау кешенін салу жобасының ТЭН дайындалып «Мемлекеттік сараптама» РМК-ның қарауына ұсынылғаны­мен қабылданған мораторийға сәй­кес жоба тоқтап тұр. Жоғарыда ай­тылғандарды ескере отырып, ел­ді мекендерде адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қор­шаған ортаны қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласын­дағы кәріз суларды тазалау кешенін салу жобасының іске асырылуы­на қолдау көрсетіп, республикалық бюджеттен қар­жы­ландыру мәсе­лесіне ықпал етуіңізді сұраймыз», деді депутат.

Сенатор Ләззат Рысбекова Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында Батыс Қазақстан облысын жарықпен қамтудағы күрделі жағдай туралы мәлімдеді.

«Біріншіден, тағы бір турбоагрегат істен шығатын болса Оралдағы ЖЭО-ға қарағанда электр энергиясын бағасы 1 киловатт жоғары болатын басқа энергия өндіруші стансадан сатып алу қажеттігі туындайды, бұл өз кезегінде өңірдегі электр энергия­сы тарифінің өсуіне алып келеді. Екіншіден, 2020-2021 жылдар­ға мердігерге аванс төленді. Жоб­а­ны одан әрі қаржыландыру тоқ­та­тылған жағдайда аванс­тық төлемнің қайтарылмау қаупі бар. Үшін­шіден, осы жоба аясын­да өн­діруші зауыт турбо­агрегат да­йын­дауды іс жүзінде аяқтады. Оны Оралдағы ЖЭО-ға орнату кешіктірілген жағдайда, өн­діруші зауыт жабдықты басқа сатып алушыға сатуға құқылы. Турбоагрегатты қайта дайындау 12 айға созылады», деді депутат.

Сенатор Ерік Сұлтанов Премьер-Министрдің атына жол­­­даған депутаттық сауалында елі­міз­дің газ саласын дамыту­дың 2030 жылға дейінгі кешенді жос­­парын бекітуді жеделдетуді ұсын­­ды. Бұл құжат саланың өзек­­ті мә­се­лелерін, оның ішінде өңір­лер­ді газдандыруды шешуге мүмкіндік береді.

Депутат газ тасымалы жүйе­сінің тозуы мен еліміздегі газбен қамтамасыз ету көрсеткішінің төмендігі және газ бағасын қа­лыптастырудың ашықтығына алаң­даушылық білдірді. Сенатор осы­ған байланысты саланы бас­қару жүйесін өзгертуді, атап айт­­қанда QazaqGaz ұлттық ком­па­ниясын реформалауды ұсынды.

«Сарыарқа» магистральдық газ құбыры құрылысының баяу жүріп жатқанын екенін ескере келгенде бұрын жоспарланған­дай 2025 жылға қарай солтүстік өңірлерді газдандыруды аяқтау мүмкін болмайтыны анық. Бүгінгі таңда газдың болмауы инвестиция тарту, жаңа өндіріс ашу, халықты жұмыспен қамту және жалпы ел экономикасы мен өңірлерді дамыту үшін басты тежеуші факторлардың бірі болып табылады. Сондықтан қазіргі жағдай­ды ескере отырып, өңірлерді газдандыруда экономикалық және ұлттық қауіпсіздікті қамтама­сыз ететін ең қолайлы нұсқаны қарас­тыру ұсынылады», деді депутат Е.Сұлтанов.