• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Әлем 22 Сәуір, 2022

Өрендерінің өресі биік ел

162 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары әлем елдері Эстонияға ерекше назар ауда­рып отыр. Мұның себебі жетерлік. Соның бірі – Балтық теңізі жағалауында орналасқан мемлекеттегі білім сапасы. Үш жыл бұрын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Pisa-2018 нәтижесін жариялағаны белгілі. Аталған тізімде Қытай көш бастады. Ең қызығы, Еуропа елдері ішінен Эстония ешкімге дес бермей тұр.

Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, Pisa зерттеуі 15 жастағы оқушылардың оқу, математика және жаратылыс­та­ну ғылымын білу деңгейі бо­йынша сауатын бағалайды. Осы­­лардың біреуі әр 3 жыл сайын негізгі бағыт саналады. Яғни берілетін сұрақтардың жар­­тысына жуығы белгілі бір ба­ғытқа арналады. PISA-2018-де оқу сауаттылығы басым ба­ғыт ретінде есептелді. PISA тес­ті оқушылардың ака­дем­ия­лық бі­лімдерін анық­тау­ға емес, функ­цио­налдық сауат­ты­лық­та­рын анықтауға, яғни ал­ған бі­лімдерін қолдана білуге, тал­дауға, сыни ойлауға бағыт­тал­ған.

Эстонияның жастары кейінгі жылдары толағай табыстарға қол жеткізіп жүр. Мысалы, 2006 жылы аталған елдің өрендері 13-ші орынға тұрақтаған еді. Pisa-2018 нәтижесі бойынша оқу және жаратылыстану бағыты бойынша үшінші, математикадан алтыншы сатыға жайғасты. Осылайша, қарт құрлықтағы білім саласы ең мықты мемлекет саналып отыр.

Балтық жағалауындағы ала­қан­­дай мемлекет бүгінде төрт­күл дүниедегі дамыған ел­дер­­дің біріне айналған. Мәсе­лен, Эс­то­­нияның ішкі жалпы өнім көлемі 35,2 миллиард дол­л­арға тең. Жан басына шақ­қан­дағы көрсеткіші – 27 мың доллар. Са­лыс­тырмалы түрде қара­са­ңыз, азаттығын қайта қал­пы­на келтірген тұста жоға­рыда атал­ған көрсеткіш небәрі 100 дол­лар­ға әрең жететін.

Небәрі 1,4 миллион халық мекендеген, аумағы ат шаптырым ғана елдің білім саласы 30 жыл ішінде қарқынды дамыды. Эстонияда бүкіл оқушыға ортақ жалпы білім беру жүйесі қа­лып­т­ас­қан. Балалардың тұр­мыс­тық жағдайына қарамас­тан бәрі бірдей деңгейде қамтылады. Мы­салы, ауылдық жердегі мек­теп­­тердің жабдықталуы қала­­дағы мектептерден бір мыс­қал кем емес.

Білім саласын жандандыру тәуелсіздігін алғаннан кейін көп ұзамай-ақ басталған. Ел билігі 1996 жылы Эстониядағы әрбір мек­тепке компьютер орнатуға кіріседі. Әрине, ол кезең Балтық теңізі жағалауы елдері үшін оңай болған жоқ. Кеңес Одағы ыды­рап, халық ішерге тамақ, киерге киім таппай жүрген кезі бола­тын. Ел тізгінін қолына ұс­та­­ғандар білім саласының ма­ңы­зын түсінгендіктен, осындай қиын жағдайға қарамастан бұған ерекше мән берді. Нәтижесінде, 1999 жылы бүкіл мектеп интернетке қол жеткізді. Жоба эс­то­ния­лықтарды технологияға бау­лыды. Мектептердегі компью­­­­тер кабинеттері сабақ уа­қы­­ты­нан тыс кезде жұртшы­лық­қа есі­гін айқара ашты.

Сондай-ақ мектептер айтар­лық­­тай дербестікке ие. Ұлт­тық оқу бағдарламасында әр оқу орны оқу бағдарламасын жасауына мүмкіндік береді. Мектеп директорлары мұғалімдерді жұ­мыс­қа өз бетінше алып, жұ­мыстан босату құқығына ие. Бюд­жетті бөлу мәселесімен де ті­келей айналысады. Мұғалім­дер­ді қажет деп тапса қосымша тренингтерге жіберіп отырады. Өз кезегінде ұстаздар пай­да­ла­ну­ға тиімді деп тапқан оқу­лық­тар мен әдістерді қол­дануы­на рұқсат етілген.

Эстонияда заң бойынша орташа білім алу тегін. Түскі ас, оқулық­тар, мектепке тасымал­дау секілді қызметтер түгел те­гін. Бұдан бөлек, қажет жағ­дай­­да қосымша көмек те ала алады. Оқу кезеңінің ұзақтығы 4 тоқ­саннан, 175 оқу күнге (35 апта) созылады.

Ең бастысы, ұстаздар да, мек­теп директорлары да жауап­кер­­шілікті сезініп, жүк­тел­ген міндетті абыроймен ат­қа­­­руға апаратын жол ретінде қа­рас­тырады. Сондықтан әр білім ордасында қабылданған шешім, атқарылған жұмыс оқу­шы­­лардың ілімін жетілдіруге бағыт­талады.

Білім сапасының жоғары болуына оқу орындарында заманауи тех­нологияны жаппай қол­да­ну да үлес қосып отыр. Бүкіл мектеп жоғары жылдамдықты интернет же­лісіне қосылған. Са­бақ барысына қажет түрлі құ­рал-жабдықтар бәрінде бар. Оқу­­шы­лар кей сыныпта тек план­шет­пен жұмыс істейді. Тағы бір пән ойын түрінде өткізіл­уі мүмкін.

Оқушылардың көпшілігі элек­т­ронды сабақ кестесін пай­да­ланады. Емтихан тапсыру да бірте-бірте онлайн режіміне көшіп жатыр. Үй тапсырмалары электронды түрде беріледі. Осылайша, мұғалімдердің баға­лауы жеңілдетілген. Эстон мек­теп­терінде қағазбастылық деген мүлдем жоқ. Сондай-ақ 20 мың­нан астам білім беру материалы жинақталған e-Schoolbag деп аталатын ұлттық онлайн кітап­ха­на жұмыс істейді.

Осындай жағдай жасал­ған­дықтан мұғалімдер жауап­кер­ші­лікті сезінеді. Оның үстіне, елде ұстаздар да өте көп. Салыс­тыр­малы түрде қарасақ, әр оқу­шы­ға шаққандағы Эстония­дағы мұғалімдер саны Англиядан екі есеге көп. Сондай-ақ ЭЫДҰ елдері ішінде сыныпта аз уақыт өткізеді. Яғни олардың сабақ­қа дайындалуына, кәсіби шың­да­луына уақыты жетіп артылады. Орта мектептердегі мұға­лім­дер­дің бәрі магистр дәреже­сін алу­ға міндетті. Ал бала­бақ­ша тәрбие­ші­лері университет бітір­уі шарт.

Жалпы, балалар жеті жасқа дейін мектепке бармайды. Бірақ 3 жастан бастап заңды түрде бала­­бақшаға баруға құқылы. Мем­лекет балабақшаларға ауқым­­ды субсидия береді. Сон­дық­­­тан оның құны ең төменгі жал­ақы­ның 20 пайызынан аспайды. Ба­ла­бақшаны аяқтаған соң ба­ла­ларға дағдылары мен дамуын сипаттайтын арнайы дайын­дық картасы беріледі. Қолдау қажет ететіндері мектеп табал­дырығын аттамас бұрын логопед секілді маманға жібері­леді.

Эстонияда цифрлы сауат­ты­лық балабақшадан басталады. Тіпті балалар жас­тайынан робот құрастыру секіл­ді күрделі тапсырмаларды орын­дайды. Education Estonia баста­ма­сы­ның жоба менеджері Ева Тум­ның айтуынша, мұндай қадам сәби кезінен жылдам үй­ре­нуге көмектеседі. Басты мақ­сат – ба­лаларды белгілі бір маман­дық­қа бағыттамай, жас кезінен тех­нологияға қызығушылықты ояту. Қазіргі таңда Эстония IT саласында көшбасшы мем­ле­кет­тің бірі са­на­лады. Эва Тумның пайым­дауын­ша, IT кәсіпкерлердің көп­тігі кездейсоқ емес, білім беру жүйесі жүргізген жүйелі жұ­мыс­тың нәтижесі.

Эстонияның цифрлы дамуы мұнымен бітпейді. Жаңа технология күнделікті өмірге дендеп енген. Мысалы, елдегі бүкіл әлеуметтік қызметтер мен үкімет агенттіктері өзара байланысқан. Бүкіл мемлекеттік қызмет цифр­лы қолтаңба арқылы алына­ды. Салық төлеу жүйесі де то­лық авто­маттандырылған. Яғни бір­неше минуттың ішінде атқа­ры­лады.

Сондай-ақ Эстонияда электронды азаматтық енгізілген. Бұл жаңашылдық шетел­дік­терге цифрлы азаматтық алып, Еуро­па­лық одақта кәсіп­кер­лікпен айналысуына мүм­кін­дік береді. Бизнес бастауға рұқсат алу да қиын емес. Телефон арқылы ай­нал­дырған 5 минуттың ішінде қажетті құжат қолыңызда болады. Осындай жаңашылдықтың арқа­сында қыруар қаржы – ішкі жалпы өнімнің 2 пайызына тең қаражат үнемделеді.

Орта мектепке жеті жастан бастап барып, он алты жасқа дейін білім алады. Мұнда оқу­шы­­лардың жағдайына үлкен мән беріледі. Мектептегі түскі ас, көлік, оқулықтар мен саяхаттау тегін. Тәртібі қиын балалар мен үлгерімі төмен оқушыларға қосымша көмек ретінде жеке оқытылып, басқаларға ілесіп кетуіне мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар мектептерде же­ке психологтер жұмыс істейді. Бұдан бөлек, оқушылар мен мұ­ға­лімдердің психологиялық жағ­дайын бағалайтын ұлттық сауалдама жүргізіледі.

Жастардың көпшілігі 19 жас­қа дейін білімнен қол үзбей­ді. Шамамен 25 пайызға жуы­ғы кәсіптік оқу орындарына барса, қалғаны академиялық гим­на­зияларға түседі. Сабақ ба­ры­­сында оқушылар мәселені ше­шуге, сыни ойлауға, құнды­лық­тарға, азаматтыққа, кәсіп­кер­лікке және цифрлы сауатқа баса назар аударады. Мектепті бітірген соң оқушылар үш пәннен – эстон тілі, математика және шет тілінен емтихан тапсырады. Жастардың көпшілігі үшінші пән ретінде ағылшын тілін таңдайды екен.

Эстониядағы білім саласы­ның дамуы шетелдік студент­тер­ді де қызықтырып отыр. ЭЫДҰ мәлімет­теріне сүйенсек, он жыл бұрын аталған елде 400-ден астам шетелдік студент оқыса, бүгінде бұл көрсеткіш 4 мыңнан асқан. Оның үстіне, мұғалімдердің жалақысы да жедел өсіп келеді. Орташа жалақы бес жылдың ішінде 50 пайызға – 810 евродан 1210 евроға дейін көтерілді.

Әрине, мұның бәрін қыс­қа уақытта жүзеге асыру қиын екені түсінікті. Бұған қол жет­­кізуге басты ке­дергі – жем­­қорлық. Мұны түсін­ген эстон жұрты сыбайлас жем­қорлықпен күресуге барын салды. Соның нәтижесінде, елдегі «бармақ басты, көз қыс­ты» іс-әрекеттер тыйылған. Tran­sparency International ұйы­мы­ның рейтингіне сүйенсек, жем­қорлықты қабылдау индек­сінде Эстония қазіргі таңда 13-орында тұр. Қорыта айт­қан­да, Эстония әлеуметінің әлеуе­тін ғана түзеп қойған жоқ, өрен­де­рінің өресін арттыра білді.