Былтыр күзде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының 11 қызметкері топтасып пара алғаны үшін ұсталғанын хабарлағанда, осы салаға да сыбайлас жемқорлықтың тереңдеп енгеніне қынжылып қалған едік.
Аталған инспекцияның бөлім басшыларының әккі біреуі ұйымдастырған схема бойынша оның қарамағындағы қызметкерлер сырт көзге көрсетпеу үшін салмағы рұқсат етілген нормадан асып кететін жүк автомобильдерінің жүргізушілерімен жақын туыстарын көргендей құшақ жая амандасып, қол алысқан болып, әрқайсысынан 10 мыңнан 50 мың теңгеге дейін пара алып отырған. Осылайша «алақанға қыстырылған» ақша ағыны күніне 150 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін жеткен.
Солтүстік Қазақстан облысындағы Петропавл – Мамлютка автожолындағы жылжымалы көліктік бақылау бекетінің екі бас маманы өткен жылғы сәуірде жергілікті компаниялардың бірінің «КамАЗ» автомобилін тоқтатып, оның жүргізушісінен «кәсіпорын көліктерінің еш кедергісіз жүруіне қамқорлық жасау үшін» 100 мың теңге пара алған. Kazinform-ның хабарлауынша, осы қылмыстық істі сот жақында қарап, көліктік бақылау инспекциясының жемқор қызметкерлерінің екеуін де 6 жылға бас бостандықтарынан айырыпты.
Көліктік бақылау саласындағы осындай коррупциялық қылмыстарға байланысты 2021 жылғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндамада Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті қабылдап жатқан жосықсыз жүк тасымалдаушылармен күрес шаралары формальді сипатқа ие және күткендегідей нәтиже беріп отырған жоқ деген тұжырым жасалған. Антикордың бағалауынша, қазір елімізде 800 мыңнан астам көлік құралы көліктік бақылаудан тыс қалған. Ал мемлекет жолдарды жөндеуге жыл сайын орта есеппен 60 млрд теңге жұмсап келеді. Алайда оның тиімділігі шамалы. Жаңадан салынған және күрделі жөндеуден өткізілген жолдарды салмағы шамадан тыс ауыр жүк автомобильдері көп ұзамай езіп-жаншып, бүлдіріп кетіп жатыр. Бұдан, әсіресе астықты өңірлердің елді мекендерінің тұрғындары жиі зардап шегіп отыр. Мәселен, біз Солтүстік Қазақстан облысының шалғайдағы Тимирязев ауданына қарасты Докучаево ауылында болып, жергілікті тұрғындармен кездескенімізде олардың айтқан жалғыз мұқтаждығы – бертінде ғана күрделі жөндеуден өткізілген жолды күзде астық тасыған ауыр салмақты машиналар балшықтай илеп, жеңіл көлікпен жүруге жарамсыз қылып тастағаны. Олар: «Біз төлеп отырған салықтан құралатын бюджет қаржысын осылай ысырап етуге бола ма?! Жетпіс тонналық қытайлық өзі аударғыш автомобильдер нені шыдатсын?! Сондықтан, ондай көліктердің астық пен басқа да ауыр жүктерді ауыл жолдарымен тасуына мүлдем тыйым салу керек», деген еді. Осы орайда «Автомобиль көлігі туралы» Заң талаптарының орындалуын қатаң қадағалап, автожолдарды ауыр салмақты көліктердің бүлдіруіне жол бермеу міндеті жүктелген көліктік бақылау инспекцияларының жемқорлық дертін жұқтырған қызметкерлері нақ сондай автомобиль жүргізушілерінен пара алып ұсталып жатқаны «Сенген қойым сен болсаң...» дегендей, түңілтіп, тұйыққа тірелгендей күй кешірмей қоймайды.
Антикордың айтуынша, көліктік бақылау бекеттерінде 9 жыл ішінде арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарының жұмысы да жолға қойылмаған. Бұған қоса, Көлік комитеті жолдарда бақылауды жүзеге асыратын аумақтық инспекциялар қызметкерлерінің жұмысына онлайн-бейне-мониторинг жүргізбейтін және олардың бейне-жетондарды пайдалануы қамтамасыз етілмейтін болып шықты. Анығында, мұның бәрі көліктік бақылау ісінде тиісті тәртіп орнатуға септігін тигізетін шаралар екені анық. Бірақ «Сол тәртіп саланы басқаратын шенеуніктерге керек пе өзі?..» деген сұрақ та өз-өзінен туындайды...
Антикор ерекше дабыл қағып отырған мәселе – көлік құралдарын техникалық тексеруде өрескел кемшіліктерге жол берілгені. Өткен жылы 54 жалған техникалық байқау операторы анықталған. Олар автокөліктердің жүргізушілеріне 435 мың жалған диагностикалық карта жасап берген. Ең сорақысы – астанадағы көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері техникалық байқаудың жалпы сомасы 500 млн теңге болатын 260 мыңнан астам жалған диагностикалық картасын жасап беруді өздері ұйымдастырғаны әшкере болды. Осылайша, Қазақстандағы барлық автокөліктің 15 пайызы немесе әрбір алтыншысы көшелердегі қозғалыс қауіпсіздігіне һәм адамдардың өміріне қауіп төндіріп жүр.
«Алайда көліктік бақылау органдары жалған техникалық байқау операторларына қарсы күрес жүргізудің орнына, олардың заңсыз қызметіне қамқорлық жасайды», деп мәлімдепті Антикор 2021 жылғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндамада.
«Жыл сайын Көлік комитеті халықаралық сауда қатынастарын дамыту мақсатында шет мемлекеттермен рұқсат бланкілерімен тепе-тең негізде алмасуды жүргізеді. Бірақ адал тасымалдаушылардың оларды алуына заңсыз рұқсат бермеу арқылы бланкілердің жасанды тапшылығы жиі жасалады. Олар өз жүк көлігі жоқ болғанымен, көліктік бақылау инспекциялары қызметкерлерінің жеке мүддесі бар компанияларға беріледі», деп Антикор еліміздің көлік саласындағы тағы бір былық-шылықты ашық айтып отыр.
«Ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің осындай өткір сындарынан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жаңа басшылығы дұрыс қорытынды шығарса, игі. Бұл ведомство өткен жыл бойынша жүргізілген бағалау нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде жеткілікті шараларды қабылдамайтын басшылары бар министрліктер қатарына жатқызылғаны бекер емес екеніне көзіміз кәміл жетіп отыр.
Өкінішке қарай, көліктік бақылау саласындағы сыбайлас жемқорлық биылғы жылы да тыйылмай тұр. Жуырда Антикор қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментімен және Талдықорған көліктік прокуратурасымен бірлесіп, Алматы облысындағы көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы мен оның екі бағынышты қызметкерін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алғандары үшін ұстағандығы мәлім болды.
Шынтуайтында, еліміздегі көліктік бақылау саласы аңыздағы Авгийдің ат қорасына ұқсап, былық-шылыққа белшесінен батып тұрған тәрізді. Бірақ оны да түбегейлі тазартатын уақыт жеткені даусыз.