Қазақ жұртында ұлықтауға тұрарлық ұлы мәдениет те, ұшан-теңіз құндылықтар да молынан. Оны елдігімізді алып, еңсемізді тіктегеннен бері көріп, біліп, танып жатырмыз. Өркениетті 30 елдің қатарына осы бір материалдық емес мұраларымызды жаңғыртып, жасартып барып қосылу үрдісі қазір кең қанат жайып келеді. Соның бір дәлел дәйегіндей тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 2014 жылы шығарылған «Абайтану әліппесі», «Даналық әліппесі», «Электронды қазақ үй» және басқа да интерактивті өнімдердің тұсаукесер рәсімі кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өтті. Шара шеңберінде министрлік тарапынан шығарылған оқу-әдістемелік құралдардың, көркем және аударма кітаптардың, балаларға арналған әдебиеттердің, сөздіктердің көрмесі ұйымдастырылғанын да айта кетсек дейміз.
Айтулы шараны таяуда ғана Мәдениет министрі болып тағайындалған Арыстанбек Мұхамедиұлы ашты. Ол министрліктің ел игілігі, Қазақ елінің келешегі, өзге этностардың айрандай ұйыған тыныс-тіршілігі туралы алға қойып отырған басты міндеттерін айтып, негізінен қоғамымыздың рухани дамуына ерекше мән берілетіндігін жеткізді. «Ана тілге жете мән берген бұл игілікті істі мереке десек те жарасатын секілді», деп осындай шараға Астанадағы зиялы қауым өкілдерінің бір кісідей жиналуын ерекше атап өтті. «Біз кейде зиялы қауым бар ма, жоқ па?», дегенді айтамыз. Шынына келгенде, ұлт руханияты деп жүрген зиялы жұрт бар. Соның бір дәлелі халықтық іске қаумалай келген бүгінгі алдыңғы толқынға ерекше ілтипатымды білдіремін», деген министр Елбасының тапсырмасына сәйкес 2020 жылға қарай қазақ тілін меңгеруді ел көлемінде 95 пайызға жеткізу жайына жан-жақты тоқталды.
Тұсаукесер рәсімінде алғашқы сөзді көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков алып, «Бітер істің басына, жақсы келер қасына», деп жұрт келешегі саналатын ұрпағымызды ұлттық үлгіде тәрбиелеу жолындағы жасалған жақсы жұмыстың рәсіміне келген жаңа министрге шынайы ілтипатын білдіріп, шараның ұйымдастырылуына оң бағасын берді. Қазақ даласының өзі бір замандары университет, академия болғанын, соның нәтижесі мына үш құндылық болып отырғанын айтып, Абайдың әліппесін, даналық қағидаларды, ұлттық киіз үйді танып, білуді алдымен кейінгі жасқа үйретуді атап өтті. Әсіресе, киелі қазақ үйінің кішірейтілген нұсқасының ішіне бесік жырын, ертегілерді, балалар әндерін, халық және халық композиторларының ән-күйлерін, терме-толғауларды, отаншылдық рухты көтеретін айтулы дүниелерді, Абайдың 45 қара сөзін қамтыған – 1200 жауһарымызды ендігі жерде бүкіл жұртқа жеткізу қажеттігін алға тартты. «Өзгенің әлем-жәлеміне қызығып, телефонға телмірген ұрпақтың назарын осыған аудару керек», деп күйінді ме, ашынғанда ащы даусы шығып, «Киіз үйдегі ұлт асылын балалардың сол ұялы телефонына көшірсек, сөйтіп, олардың назарын қазақы дәстүрге бұрсақ» деді. Осы халыққа керек дүние талтаңдай басқан қалалықтардың ғана қолында қалып қоймай, қияндағы қазаққа, олардың қалтасы көтеретіндей бағаммен жеткізу қажеттігін де естен шығармады.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин, заман талабына сай жасалған өнімдердің ұлт ұрпағына қызмет ететінін тілге тиек етіп, ұлттық идея осындай нақты істер аясында жүзеге асатынына дәйектер келтірді. «Баланы қарғадайынан ұлтты сүюге баулысақ, олар ертең ақылды да, айбатты болып өседі» деп, жақсы дүниенің жұртқа толық жеткізу жағын ұсынды. Парламент Мәжілісінің депутаттары Розақұл Халмұратов мемлекеттік басқару тілі туралы байламын ортаға салса, Оразкүл Асанғазықызы баланы бесіктен, келінді есіктен түзейтін халқымыздың ата салтынан ой қозғап, ұрпаққа керек мұндай игілікті істі Білім және ғылым, Мәдениет министрліктері қатар отырып жүргізсе өз жемісін беретінін қадап айтты.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қаламгер Төлен Әбдік тілге байланысты жалпы сөзден гөрі нақты мәселеге көңіл бөлуді меңзеп, ана тілі қазақтар үшін қажет болса, мемлекеттік тіл қазақстандықтардың қолғанаты болуы тиіс екенін айтып, «Мемлекеттік тілдің мәртебесі мемлекеттік қызметте орнықса артады», деді. Жазушы мемлекеттік тіл туралы заң қабылдаудың уақыты жеткенін, мұндай құжатты іргелес Ресей мемлекеті 2006 жылы іске қосқанын атады. Кітап таралымы туралы қозғалған әңгіменің түйінін шешу үшін кітап саудасын дұрыс жолға қою керектігін, алыс-жақын елдерде өтіп жататын мәдениет күндеріне сол мәдениет саласына қатысы бар ақын-жазушыларды да апару қажеттігін атап өтті. Профессор Кәрімбек Құрманәлиев жоғарыдағы құндылықтар әр үйдің төрінде тұру керек десе, ғалым Намазалы Омашев бала тәрбиесін отбасынан бастауды жан-жақты қамти айтып, ол әлсіреген жерде отаншылдық деген сөздің орындала қоймайтынына мысалдар келтірді. Академик Ғарифола Есім киіз үйдің құдіреті туралы әңгімеледі.
Осындай игілікті істерді атқаруға үлкен үлес қосқан азаматтарға министр А. Мұхамедиұлы алғысын айтып, «Электронды қазақ үй» жобасын іске асырған Ғ. Қызырбекұлына, үнтаспадағы жәдігерлерімізді оқыған атақты диктор Сауық Жақанова мен Айдос Бектеміровке сый-сияпат көрсетіп, бұл жұмысқа ұйытқылық танытқан Тіл комитетінің төрағасы М. Сқақовқа алғыс айтты.
Сонымен ұлықтауға лайық ұлт құндылығының тұсауы кесіліп, жұртқа таныстырылды.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».
–––––––––––
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.