Олар соғысқа жырлап кетті, жырғап келген жоқ, жырлап келді. Өлімді емес, өмірді, өмір болғанда да іңкәр өмірді, ізгілікті жырлап келді. Мүмкін сондығынан шығар, маған Сырбайды оқып барып Қасымға өткен оңайырақ көрінеді. Қасымның өз құпиясын сонда ашатын секілді көрініп жүр кейінде. Бір мысқал кем соқпаса да, Сырбай – Қасымның інісі, жас жағынан да, өлең тұрғысынан да. Алайда өлеңге құмар жастықтың көзімен қараса, мүмкін бірінші Сырбайды оқып кетер еді жастар. Сырағаң Қасымдар салған қасқа жолды жалғастырып қана қоймаған, дамытқан, бір белеске көтеріп тастаған дер едік. Тұла бойы іңкәрлік пен ізгілік, тұла бойы темір мен болаттан тұратын жаратылысты көріп пе едіңіз бұрын? Егер Сырбайды оқысаңыз, ондай құбылысты көрген күнде шімірікпейсіз. Себебі сезініп алған боласыз ондай алапат пен нәзіктіктің арпалысын. Ақылдан, ойдан, жүректен өткеріп алған жан селт етпей – тік қарап биік те, төмен де тұра беруге қауқарлы. Өйткені ол ондай сезім қуатын өткерген басынан. Бойында, қан тамырында жүзген әлгіндей сезімдер. «Жел соқса, ыстық соқса – бір қалыпта» тұратын табиғаттың өзіндей жаратылыс. Және сол табиғаттың өзіндей аяулы да нәзік, алып та беріктікті Сырбай Мәуленов поэзиясынан ғана оқи аласыз. Жырласа Сырбай жырласын дегіңіз келеді. Дүниені алдына алып жапырып, аяулы бір сезімдерге батырып, бәрін қоса сапырып, таңдай атырып, күндей батырып жырлайды ақын. Оған да бір күш немесе тылсым керек. Іші-бауырыңды ақтарып, тіпті қопарып тастап қайта тірілтіп аларға. Абай айтатын «бір күйгізіп, сүйгізіп, ескі өмірді сүргізер. Өмір тонын кигізіп, жоқты бар ғып жүргізері» де осы жерден шығады. Өлең деген әлгіндей ішкі қуатымен, дәрменімен, халі мен музыкасы қоса туатын осындай құбылыс.
«Шаршаған жол батып,
Волховтың батпағында,
Жатыр бие толғатып
Зеңбіректің арт жағында –
Фугас бомбасы
Жерді өртеген қиын күнде,
Тіршілік жолдасы
Бүлкілдейді биенің бүйірінде.
Адамдай жапа шегіп құса-мұңнан
Сәби бір үн сағынған.
Жалын тарап, көзіне үнсіз қарап,
Солдат оның сипайды құрсағынан.
Шашыраған көк жалын бүркіп темір,
Орманның іші үрейлі.
Ал оттың ортасында – шіркін, өмір,
Құлын боп кісінейді».
Сырбай осылай жырлайды, осылай түршіктіріп тұрып тербейді жанды. Мұндай өлең сол кезде де, одан кейін де жазылған жоқ. Сырағаңның құлыны тым бөлек, басқа құлын болып шықты. Тап осындай құлын Қуандық Шаңғытбаевта да, Сағи Жиенбаевта да бар. Бірақ екеуін де Сырағаңның құлыны иектеп кетеді. Жерді өртеген фугас бомбасының астында бие толғатып жатыр. Құрсақта, әлі дүниеге келмеген құлынның қасіреті... Ақын өзі соғыстың баласы екендігін жоғарыда айттық емес пе? Енді мұнда сол дүниеге келмеген аяулы бейненің құрсағын сипаған солдат оны аялап қана қоймайды, үнін естіртеді. Шашыраған жалынынан темір бүріккен заманадан құлын өмірдің дауысын шығарып қояды. Ол және оны көрмесе жаза алмас та еді.
Өлеңнің техникасы мен формасы да өзіне дейінгі жырлардан өзгеше қалыпта түскені көзге ұрады. Бұл ізденістен гөрі іркес-тіркес, ретсіз түсе салған шумақтарға келіңкірейді. Не десек те ақынның қолтаңбасын айқындап тұрған осы жырды оқып өмір сүргің келеді. Мұндағы оқиға, мазмұн үшін де емес, ізгіліктің үні, мәңгіліктің жыры үшін жанып түскің келеді.
«Сол ұрпақтың үлкен рухани көсемі ретінде біз Қасым Аманжоловты алатын болсақ, осы Қасымдар бастаған рухани сардарлардың ішінде алдымен көзге түсетін кісі Сырбай Мәуленов деп білемін. Сырбай Мәуленов осы жылдардан бастап қазақ поэзиясында адамды нағыз сыршыл сезімімен де, ойымен де, көркемдік бейнесімен де бірден баурап алатын, шынайы поэзияның орнығуына ең бір ықпал ете білген ақын.
Оның шын жібектей майса әуезді, тұнық бұлақтай мөп-мөлдір, кәусар көлдің жағасында өскен бал бұлақтай сылдырлы да сыңғырлы, сыпайы да сұлу лирикасы тоталитаризм тоңы мұздатып тастаған оқырман қауым көңілін сағына күткен көктемдей бірден жібітті. Содан бастап-ақ қазақ поэзиясының лирикалық сарыны күшейіп, тереңдей түсті», деген Әбіш Кекілбаевтың сөзіне алып-қосар жоқ.