Қоғамда тағдырдың жіберген сынағына мойымай, қарсы тұра білетін, әркімге үлгі болып қана қоймай, айналасына мейірім нұрын төге жүретін жандар болады. Мен бұл мақаламды осындай жандарға арнағым келіп отыр.
Біздің Семей шаһарындағы аға буын өкілдері қатарында көпке көрсетіп жүрген өнегесі мен еңбегі, күш-жігері мен қажыр-қайраты арқылы есімдері елімізге мәлім болған азаматтардың бірі – Дүйсенғазы Нығыметжанов. Шығыс Қазақстан облысы, Ақсуат ауданында дүниеге келген Дүйсенғазы ағамызды жиырма жасында сиыр мүйізімен сүзіп, тағдырдың жазуымен қос бірдей жанарынан айырылып қалған. Қазір жалғанның жарық сәулесін көре алмаса да, өнерімен елді тәнті етіп отырған азамат. Ол – ақын, айтыскер, термеші. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы бойынша жалғыз жыршы. Қос жанары көру қабілетінен айырылса да, аудио кітаптардан жыр-дастандарды лезде жаттап алып, оларды қасиетті қара домбырасымен нақышына келтіріп орындағанда ешкімге дес бермейді. Бүгінгі күнге дейін көмейінен жыр төгіліп тұрған бұл ағамыз республикалық байқаулардың барлығына қатысып, олардан жүлдемен, марапатпен оралған.
Қазіргі таңда ол зағиптар орталығында «Шамшырақ» атты клубтың жыршылар-термешілер үйірмесін басқарып отыр. Клубта жастарымызға қазақтың батырлар жырын дәріптеп келеді. Бұл жырлар 450 дастаннан асып жығылады. Алайда, соның бір-екі томын ғана қазағымыздың қара домалақ балаларына жаттатып, үйретіп жүр.
Бүгінгі таңда қазақ қауымының басым көпшілігі осындай жырлардан жарнаманың жоқтығынан, насихаттың аздығынан ақырындап қол үзіп бара жатқаны белгілі. Ағамыз осы жағынан әттеген-ай, – деп елдің болашағын ойлап қана қоймай, уайымның ауыр кемесінде еріксіз тербеледі. Сондықтан, осындай игі іс атқарып жүрген Дүйсенғазы сынды ағаларымызға Жаратқан иеміз рақымын молынан төгіп, ұзақ ғұмыр сыйласа, олар өз шәкірттеріне қазақтың жырларын үйретіп жүрсе, ұлттық өнеріміз ешқашан өшпейтіні анық.
Мұндай азаматтар арамызда көп. Бұл ретте, Абылайхан Асылбай ағамыз жайлы да ерекше тебіреніспен, толқыныспен айтуға болады. Он саусағынан бал тамған Абылайхан аға 1963 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында, оның ішінде, Жаңатұрмыс кентінде өмірге келген. 1997 жылы ол құрылыста жұмыс істеп жүріп, краннан құлап, белін сындырып алғандықтан, үш жыл бойы төсек тартып жатуға мәжбүр болған. Кейіннен Абылайхан аға өз-өзіне: «Еш қимылсыз төсек тартып жата берген жөн болмас, мүгедек болдым деп отбасына, туысқандарға масыл болып жата бермей тіршілік жасауым керек», – деп серт береді. 2000 жылы Дәркенбай Шоқпарұлымен танысқаннан кейін, өзінің атасы, әкесі, нағашыларының қанынан дарыған қазақтың киелі зергерлік қолөнерін сол кісіден үйреніп, осы өнер түрімен айналыса бастайды. Оның қолынан ежелгі батырларымыз қолданған кіреуке сауыт, найза, қалқан, шоқпар, айбалта, семсер сынды қазақтың бес қаруы сынды көздің жауын алатын ғажап туындылар шыққан. Абылайхан ағаны тұрмыстық, зергерлік бұйымдар жасаудың теңдесі жоқ шебері деуге де болады. Кез келген адамның қолынан келе бермейтін осындай еңбегінің арқасында ол республикалық деңгейдегі байқаулардан үш мәрте бас жүлде алған екен. Мәселен, ол 2011 жылы «Самғау» байқауының ережесі бойынша республикалық деңгейде бас жүлде алса, 2012 жылы кембағал жандар арасындағы «Жаншуақ» байқауында бірінші орынды иеленген. Дәл сол жылы аудандық байқауға қатысқан 60 қолөнер шебері арасында да ағамыздың жұлдызы жанып, бас жүлдені жеңіп алады. Бұған қоса, 2012 жылы республикалық «Шебер» байқауы кезінде Германия, Америка, Ресей мемлекеттерінен келген делегациялар өкілдері оның қолынан шыққан туындыларды сатып алып тұрып, өз елдерінде жұмыс істеуге шақырған.
Әр азамат өзінің қолға алған дүниесін «жарыққа шығарсам екен, халыққа осындай өнердің бар екенін танытсам екен», – деп алдына мақсат қоятыны, барынша еңбектенетіні белгілі. Бүгінде өзінің осы мақсаты орындалған соң: «Енді еңбегім өшіп қалмаса екен, ізімді жалғастыратын шәкіртім болса екен», – деп жүрген, қазақтың төл өнерін дамытқанды жан-тәнімен қалайтын жандардың бірі де Абылайхан ағамыз. Алайда, ойда жүрген кез келген істің жүзеге асуы мен алға басуына қолбайлау болатын кедергілер кездесетіні өкінішті. Мәселен, Абылайхан ағаның қазіргі жұмыс орны, яғни шеберханасы қуықтай ғана тар бөлме. Осы бөлмеде ағамыз мүгедектік арбада отырып, зергерлік бұйымдарын жасайды. Бірақ, арбада отырғаннан кейін, қалаған жаққа еркін бұрылу өте қиын. Сол себептен, ағамыз шеберханасының бөлек ғимаратта орналасқанын және барынша кең болғанын армандайды. Бұған қоса, бұйымдардың бұрынғыдан да сапалы әрі әдемі шығуы үшін шеберханаға қазіргі заманауи техникалардың жетіспеушілігі де қолбайлау болып отыр. Сондықтан, Абылайхан аға өзі секілді қолөнер шеберлерінен қалыспау үшін тіпті бөтелке қалдықтарынан, консервіленген тамақтар сақталатын ыдыстардан да қолынан келгенінше жоқтан бар дүние жасауда. Бұл ретте, ол лауазымды аға-апаларымыздан, қайырымды азаматтардан қаржылай көмектің көрсетілгенін қалайды. Қазақта: «Ештен кеш жақсы», – деген сөз бар. Алайда, біздің төл өнерімізді дамытып отырған осындай шеберлерімізге қолдау көрсетуді кешіктіре берсек, олардан күндердің бір күнінде айырылып қалуымыз да мүмкін ғой. Сондықтан, өзімізде барды уақытында бағалаған жөн емес пе?!
Қазіргі таңда қолдау-көмекке зәру мұндай асыл ағалардан бөлек, еліміздің басқа да өңірлерінде өздерінің еңбегімен де, қажыр-қайратымен де өз қатарластарына үлгі болып жүрген жастарымыздың бар болғаны айрықша қуантады. Мәселен, бүгінде жасы орда бұзар отыздан асқан Ардақ Отарбаев деген азамат Ақмола облысы, Астрахан ауданы, Жамбыл ауылында өмір есігін ашқан. 1998 жылы мектепті тәмамдап, 1999-2001 жылдар аралығында Отан алдындағы борышын Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданындағы Майқапшағай шекаралық бекетінде өтейді. 2002-2006 жылдары Астанада тұрып, жұмыс істейді. Сол уақытта Гүлсім деген бойжеткенмен араласып жүріп, қыркүйек айында сол аруға үйленбекші болады. Алайда, тағдырдың жазуы болар, сол жылғы тамыздың 5-і күні Астана маңында жол-көлік апатына ұшырайды. Ардаққа Астанада бірнеше мәрте және Ресейдің Новосібір қаласында ота жасалады. 2006 жылдың желтоқсан айында Гүлсімге үйленеді. 2007 жылдың сәуір айында Ерасыл деген ұлы өмірге келеді. Ардақ жарының мойнына масыл болып отырмайын деп, жұмыс іздей бастады. Үйде отырып, телефон арқылы оператор жұмысын атқарады, сақтандыру агенті болып жұмыс істейді. Біраз қаражат жинап, достары да азын-аулақ ақша беріп, сол ақшаға көлік сатып алады, онымен таксист болып жұмыс істейді. Кейін ол Дина Ерділдинова деген қайырымды жанмен танысып, ол Ардақты «Дос» атты қоғамдық бірлестік орталығында жұмыс істеуге шақырады. 2013 жылы «Қазақстан» телеарнасы Ардақ ағаға «Жан жылуы» бағдарламасының жүргізушісі болуы үшін кастингтен өтуге ұсыныс жасайды. Жұлдызы жанып, жарты жыл бойы бағдарламаны жүргізген ол, биылдан бастап әлеуметтік жаңалықтарды жүргізетін бөлімде жұмыс істеп келеді. Қазір Ардақ қосымша үстел теннисі және би спортымен шұғылданады. Ол өз өмірінің жақсы арнаға бұрылғанына қуанады. «Әркім өз тағдырының иесі және қоғам үшін әрбір жан қолынан келгенше қызмет етуі керек», – деп санайды ол.
Ардақ секілді тағдыр салған қиындыққа мойымай жүрген тағы бір азамат бар. Ол – мемлекетіміздің жастар саясаты бөлімінде қызмет ететін жас шенеунік Арнұр Ысқақов. Арнұр 2008 жылы жазда Қарағанды қаласынан достарымен бірге көлікпен келе жатып Есілге шомылмақшы болып, өзеннің маңына тоқтайды. Суға батып бара жатқан қызды байқаған Арнұр дереу суға секіріп, мойын омыртқасын зақымдап алғанына қарамастан, әлгі қызды құтқарып қалады. Бірақ, 22 жастағы жігіт 1-ші топтағы мүгедекке айналады. Оған облыстық ауруханада ота жасалады. Әйтсе де, оның екі аяғы мүлдем, ал екі қолы жартылай қозғалмай қалады. Сөйлеу қабілетінен де айырылып, жиырма күндей сөзге келмей жатады. Бұл кездер Арнұр үшін айрықша психологиялық ауыр кезеңдер еді. Себебі, сап-сау жүрген кездегі алдына қойған арман-мақсаттары бір демде көкке ұшқандай көрінеді. Алайда, ата-анасының қолдауының арқасында ол тағдырдың жіберген сынағына қарсы тұрып, өмір атты өзеннің ағынына қарсы жүзеді. Бүгінде «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатында Жастар мәслихатының депутаты болып жүрген Арнұр Ысқақов қоғамдағы мүгедектер мәселесін, жастар проблемасын оңтайландыру үшін ұсыныстар жасап, шешімдер қабылдауда белсенділік танытып келеді.
Қазақтың тағы бір ұлттық құндылықтарының бірі – қолөнермен машықтанып жүрген – Жеңісгүл Дәулетова болса, қазақтың нағыз аруы деген атқа лайық жан. 1985 жылы Алматы қаласында өмірге келген оның балалық шағы Алматы облысы, Іле ауданы, Ащыбұлақ ауылында өтеді. Мектепте оқып жүрген кезде ол: Мектепті бітірген соң, өнер академиясына түсіп, актриса боламын», – деп армандайды. Алайда, Жаратқанның бұйрығымен өмірлік бағыты ойламаған жерден өзгеріп шыға келеді. 10-сыныпты бітірген 2002 жылғы жаз айында мынадай келеңсіз оқиға болады: Жеңісгүл үй шаруасын бітіріп, дүкенге бармақшы болып далаға шықса, далада қатты жел тұрады. Артынша, жаңбыр жауады. Сол маңда көршісінің тракторы мен тіркемесі болыпты. Інісі жаңбыр басылғанша деп сол тіркеменің астына ықтай тұруды жөн санайды. Жеңісгүл де інісінің қасына барып, тіркеменің астында отыра тұруды ұйғарады. Алайда, трактордың тіркемесі тұрған орнынан қозғалып кетіп, қыздың аяғын жазым етеді. Кейін ауруханада оның омыртқасына екі рет ота жасалса да, аяғы ештеңені сезбейді. Қыркүйек айы туғанда сегіз ай бойы төсек тартып жатқан Жеңісгүлге 11-сыныпты үйден оқуға тура келеді. Оның Алладан үмітін үзбей, тілек тілеуінің, анасының күні-түні қамқорлық көрсетуінің, арнайы жаттығуды үзбей жасауының арқасында қазір ол екі балдақпен болса да жүріп-тұра алатын халге жеткен. Жеңісгүл әжесінің іс тігіп отырғанына қарап отырып, қазақтың ұлттық өнеріне қызығушылығы оянғандықтан, оны тез үйреніп алыпты. Басында отбасы мүшелеріне арнап тігіп жүреді, кейін көршілері тапсырыс береді, уақыт өте келе өзге жерлерден де келіп, ұлттық қолөнер бұйымдарын ала бастайды. Бүгінде ол ғаламтордағы жеке парақшасында өз қолынан шыққан дүниелерінің суреттерін орналастырып қойған. Өзге мемлекеттердің адамдары да ғаламтордағы суреттерді көріп, тамсанып, сыйлық түрінде алып кетеді екен. Оның бұл өнер түрімен айналысып жүргеніне жеті жыл болыпты. Жеңісгүл құрақ көрпені тігумен айналысатын жандардың басын біріктіретін қауымдастықтың мүшелігіне кірген. Ал 2013 жылы ол Алматы қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы мұражайда өткен көрмеге қойылған «Менің Алматым» атты туындысында әсем шаһардың бейнесін қабырғаға ілетін пано құрақтар арқылы дәл келтіргені үшін арнайы сертификат алады. Шетелдік бір азамат Жеңісгүлдің сол еңбегін көрмеде көріп, бірден 150 мың теңгеге сатып алмақшы болыпты. Алайда, ол оның алғашқы туындысы болғандықтан, оны сатуға қимапты. «Ел ішінде өзіміздің ұлттық өнерімізді жоғалтпай, ары қарай жандандырып, келешек ұрпаққа үйретіп отыратын адамдар көп болса, қандай ғанибет болар еді?! Мүгедекпін деп отырмай, қолыңнан келген іспен айналыссаң, қоғамға керек екеніңді сезінесің»,– дейді ол.
Әрине, бұл мақалада әңгіме өзегіне айналған бес жанның тағдырлары ұқсас. Алайда, олардың әрқайсысы өз бойларына қуат жинап, еңселерін тіктей білген жандар. Сол арқылы олар өз білгендерін шәкірттеріне үйрете отырып, ұлттық құндылықтарымыздың ары қарай жандануына тамшыдай болса да үлес қосып келеді.
Нұркен БЕКТАСОВ,
1-ші топ мүгедегі, Шәкәрім атындағы Семей
мемлекеттік университетінің студенті.
Шығыс Қазақстан облысы.