• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 30 Сәуір, 2022

Пайдаланылмайтын жерлер мемлекетке қайтарылады – АШМ

788 рет
көрсетілді

Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі мәлімдеді деп жазады Egemen.kz

 

Жер қатынастары саласында ғарыштық мониторингті жедел енгізу мәселесі Үкіметтің ерекше бақылауында. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалануды бақылаудың жетілдірілген жүйесіне жедел көшудің маңызды міндеттерінің бірі – жер жекелеген тұлғалардың «активтерінде есепте» тұрмай, тиімді меншік иесіне қызмет етуі тиіс.

Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ерекше құқықтық мәртебесі бар екенін атап өту қажет, сол себепті олар сақтау, құнарлылығын арттыру және алып қоюды шектеу бойынша қорғауға жатады. Ауыл шаруашылығының табысты жұмыс істеуі үшін әр гектар жерді ұтымды пайдалану қажет. Сондықтан ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатты пайдалануды қамтамасыз етудің ажырамас шарты – тиімді жұмыс істейтін жер бақылау және қадағалау институтының болуы.

Үкімет бос жатқан жерлерді анықтау үшін негіз ретінде ғарыштық түсірілімдерді пайдалану мүмкіндігін пысықтады. Пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін ғарыштық мониторинг арқылы анықтауды көздейтін заң 2019 жылы қабылданды. 2021 жылы ғарыштық мониторингпен еліміздің барлық аумағы қамтылды, соның нәтижесінде 40,2 млн га пайдаланылмайтын жайылымдық жерлер анықталды.

Сонымен қатар жайылымдық жерлер (пайдаланылмай отырған жерлердің 90-95%-ы) ғарыштық мониторингке жатпайды. Оларды қолданудың тиімділігі белгілі бір ауданда тіркелген ауыл шаруашылығы жануарларының саны, осы ауданда және нақты елді мекенде мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жоспарлар, қолда бар учаскелердің ауданы және т.б. туралы деректерге қатысты жүргізілетін есептеулермен анықталады.

Қазіргі қолданыстағы Qoldau платформасының талабы бойынша кейіннен мониторингке жататын жер учаскелерінің шекараларын жер пайдаланушы өзі (танаптар тарихы) енгізуі тиіс. Пайдаланылмайтын жерлерді айқындау бойынша жұмыс барысында шекараларды (танаптардың тарихын) өз бетінше енгізу кезінде алқаптар алаңы мен шекараларының мемлекеттік акт пен қаулыдағы деректермен сәйкеспейтін жайттарға жол берілетіні анықталды. Мұндай сәйкессіздіктер жер түрлері, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымы бойынша кеңістік деректерінің жалпыланған бейнесін көрсететін цифрлық картографиялық материалдардың жоқтығынан болады.

Қазақстан - құқықтық мемлекет. Тиісінше, пайдаланылмайтын немесе тиімсіз пайдаланылатын жерлерді мәжбүрлеп алып қою – бір күндік процесс емес, өйткені ҚР Конституциясы мен Азаматтық кодексінің нормаларына сәйкес меншік құқығы қорғалған, ал алып қою процесі тек сот тәртібімен жүргізіледі.

Қазіргі уақытта пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мәжбүрлеп алып қоюдың мынадай тетігі қолданыста:

1) жер инспекторы ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланудың ғарыштық мониторингі арқылы алқаптарды араламай-ақ, кәсіби бақылау жүргізеді. Егер осы кезеңде бұзушылықтар анықталса, ол жер иесіне тиісті хабарлама жібереді. Осы орайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалмайды;

2) егер бұзушылықтарды жою жөніндегі нұсқаулар орындалмаса, сол жерге барып, кәсіби бақылау жүргізіледі. Бұл кезеңде жер инспекторы бұзушылықтарды 1 жыл мерзімге жою туралы нұсқама береді. Жер иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады;

3) бұдан әрі, егер жағдай өзгермесе, тексеру материалдары пайдаланылмайтын жер учаскелері бойынша 20 еселенген салық салуды есептеу үшін мемлекеттік кіріс органдарына жіберіледі; 

4) шешуші тексеріс жүргізіледі. Егер бұзушылықтар жойылмаса, жерді алып қою туралы сот органдарына талап арыз жіберіледі.

Бұл жағдайда «мәжбүрлеп алу» және «қайтару» ұғымдарын ажырату қажет. Мәжбүрлеп алып қою жоғарыда аталған барлық шаралардың сақталуын көздейді және тек сот тәртібімен қаралады. Ал «қайтаруға»  профилактикалық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жатқызуға болады, ол мыналарды қамтиды: бұзушылықтарды жою туралы нұсқаулар жіберу, әкімшілік айыппұл салу, ғарыштық мониторинг арқылы анықталған пайдаланылмайтын жер учаскесіне базалық ставкаларды 20 еселенген мөлшеріне дейін ұлғайту. Жұмыс нәтижелері көрсеткендей, көбінесе жер пайдаланушылар жер инспекторынан хабарлама алғаннан кейін айыппұл немесе жоғары салық төлемеу үшін жерді өз еркімен қайтарады.

Премьер-Министр жұмысты жандандыру үшін ғарыштық мониторингтің жетілдірілген тетігін жедел енгізуді тапсырды. Сонымен қатар ол жосықсыз жер пайдаланушылармен жұмыста заңнаманың барлық нормалары мен талаптары мүлтіксіз сақталуы тиіс екенін атап өтті.