• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Экономика 04 Мамыр, 2022

Мұнай өнімдері биржада сатылады

181 рет
көрсетілді

Қазақстан биржалық комитетінің отырысында мамырдан бас­тап мұнай өнімдерінің биржалық сауда-саттығын қайта бас­тау және оның үлесін кезең-кезеңімен арттыру мүмкіндіктері талқыланды.

Биржалық комитетінің төр­ағасы, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин атап өткен­дей, Мемлекет басшысының тапсыр­­масы бойынша, қазіргі кезде агенттік Энергетика министр­лігімен бірлесіп, өндіріс пен қайта өңдеуден бастап бөлшек саудаға дейін делдалсыз жанар-жағармай нарығында өзара іс-қимылдың жаңа схемасын пысықтап жатыр. Бұл тұрғыда биржалық сауданың маңызы ерекше.

– Нарықтан барлық делдал­дарды, қайталама көтерме сауда­герлерді алып тастаймыз. Тек инфрақұрылым, мұнай база­лары­ның иелері ғана қалады. Мұнай және мұнай өнімдері нарығының схемасы екі базистен тұрмақ: республикалық (мұнай өңдеу зауыттары) және өңірлік (мұнай базасы). Мұндай жүйе барлық мұнай өнімдері бойынша, олардың биржалық сауда-саттықтың ерекшелігін ескере отырып әрекет ететін болады. Екі базисте де биржалық сауда енгізіледі. Бұл жүйені жақында бензин мен дизель отынының биржалық сауда-саттығында пилоттық жоба ретінде құра бастаймыз. Дағдарыс кезінде биржалық сауда шағын және орта бизнес үшін мүмкіндіктер терезесі бола алады, – деді С.Жұманғарин.

Биржалық комитеттің мұ­най өнімдері жөніндегі кіші коми­тетінің төрағасы, Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов қазір­­гі уақытта бензин, дизель оты­­ны, авиакеросин сияқты мұ­най өнімдерінің биржалық сау­­да-саттығын қайта бастау үшін шектеулердің жоқ екендігін мә­лім­­­деді. Жанар-жағармай баға­сы­ның күрт қымбаттауы ықти­мал­­­дығы өте төмен. Нарықта бен­­­­зин мен дизель отынына шек­ті баға­лар қолданылады. Бұл сау­да-саттыққа қатысушылардың сал­мақты шешімдеріне ықпал етеді.

Битумды биржалық сауда-саттықта сату үшін коммуналдық-тұрмыстық көмір саудасы кезінде қолданылатын схема ұсынылады. Яғни тек инфрақұрылым иелеріне сауда-саттыққа қатысуға рұқсат ету. Қазіргі уақытта Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігімен биржалық сау­да-саттыққа жіберілетін сатып алушылардың тізбесін қалып­тастыру үшін битумды сақ­тауға тиісті инфрақұрылымы бар автожол жобаларын іске асыру­ға тар­тылған мердігерлік ұйым­дар­ды, трейдерлерді аккре­дит­теу­ді жүргізу туралы келіссөздер жүргізілуде. Қағаз делдалдары болмауы керек.

Сондай-ақ биржалық комитет мүшелері жол битумымен биржалық сауда-саттықты қайта бастауға ешқандай шектеулер жоқ деп келісті. Құрылыс жұмыстары маусымы басталғанға дейін сату пайызы айтарлықтай жоғары болады деп күтілуде.

Авиакеросинді іске асыру тәсіл­деріне қатысты қатысушылар «4+1» схемасын талқылады (авиа­компаниялар үшін 4 сауда сессиясы, әуежайлар үшін 1 сауда сессиясы). Бұл нарықта делдалдарды жою үшін «республикалық – өңірлік базистерді» өткізу схемасы да жұмыс істеуге тиіс.

Отырыста қазақстандық на­рық үшін ресейлік авиациялық отын мен битумды тауар биржалары арқылы өткізу мүмкіндігі де талқыланды. С.Жұманғариннің пікі­рінше, халықаралық бир­жа­лық сауда-саттықты өткізу прак­тикасын қазірден бастау керек. Өйткені жақын арада ЕАЭО пе­риметрінде тауарлардың ор­тақ биржалық нарығын құру уа­қыты келгенде, биржалық сауда ор­талығын орналастыру мәселесі көбіне жинақталған практикаға байланысты болмақ.

Сондай-ақ биржалық комитет отырысында ұлттық автомобиль жолдары операторы­ның битумға арналған сауда-сат­тықтың базалық бағаларын, би­тум сатушылар мен сатып алу­шы­лардың тізбесін айқындауға қатыс­ты ұсыныстары, тауар бир­жаларының іскерлік ойын­дар­ды өткізуге дайындығы, қаты­су­шыларды оқыту және Қазақ­стан Республикасының бейрези­дент­тері болып табылатын мұ­най өнімдерін сатушылардың қаты­­суы­­мен халықаралық бир­жалық сау­да-саттықты дамыту ұсыныстары тыңдалды.