• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Мамыр, 2022

Азаматтық қоғамның белсенділігі артады

424 рет
көрсетілді

Қазақстандық қоғамдық даму инсти­тутының алаңында Sarap эксперттік клубының «Референдум 2.0: эксперт­тік пікір» атты отырысы өтті. Іс-шара­ны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақ­стандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.

Отырысқа мемлекеттік органдардың өкіл­­дері, саясаттанушылар, қоғам қайрат­керлері мен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» сарапшылары қатысты. Эксперттік клубтың қатысушылары референдумның Жаңа Қазақстанды құру­дағы негізгі рөлін талқылады. Сондай-ақ дауыс беру қоры­тындылары елдегі қоғамдық-саяси жағдайға қалай әсер ететініне талдау жасады.

Іс-шараны жүргізген «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ бас­қар­ма төр­ағасының кеңесшісі Самат Нұр­­таза респуб­ликалық референдумға то­лыққанды дайын­дық басталатынын атап өтті.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев 1995 жылдан бері Конституцияға бірнеше мәрте өзгеріс енгізілгеніне тоқталды. Оның айтуынша, жаңадан ұсынылып отыр­­ған өзгерістер Ата Заңдағы кей бап­тар­ды нақтылау емес. Керісінше Парла­менттің, саяси партиялардың, соны­мен қатар азаматтық қоғамның белсен­ділігін арттыруға бағытталған үлкен реформа болмақ.

«Фундаменталды өзгерістер енгі­­зі­л­мек. Бұл аса маңызды іс деп есеп­тей­мін. Сол се­беп­ті референдумның бол­ғаны халықтың сая­си мәдениетін арт­тыруға септеседі. Тәуел­сіз елдің жаңа ұрпақ­тары өсті. Олар үшін Конституцияға өзге­ріс­терге өзінің үлесін, одан бөлек өзінің ұсыныстарын беру мүмкіндігін айқын­дау қазіргі таңда өте өзекті. Бұл сая­си реформаларды өзгертуде рефе­рендум­ның енгізілуі – қоғамдағы саяси-мәде­ниетті көтеруге, азаматтардың саяси белсенділігін арттыруға, сонымен қатар саяси аренада көп­теген өзгерістер әкелетін бастама», деді Е.Бейсенбаев.

Сенат аппараты басшысының орынбасары Максим Споткай өз сөзінде бұл референдумның өзгеше болатынына сенім білдірді. Оның айтуынша, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде туғандар тұңғыш рет осындай үлкен саяси мәселеге араласпақ.

«Кейбір баптарға ғана емес, Консти­ту­цияның әрбір үшінші бабы өзгеріске ұшы­райды. Бұл – ауқымды жұмыс, ауқымды реформа деп айтуға толық негіз бар. Сондықтан Президент осы реформа, осы толықтырулар мен өзгерістерді тек Пар­ламент арқылы емес, жалпыұлттық референдум арқылы енгізуді ұсынып отыр. Бұл – өте маңызды саяси шешімдердің бірі. Жалпы, Жаңа Қазақстан қағидасы – жоғарыдан түскен саяси инновация емес. Бұл – шынымен де халқымыздың қиын­дықтан өткенін, қайғылы қаңтар оқиғасының тікелей нәтижесі деп айта аламыз. Сондықтан әділ, демократиялық Қазақстанды құру – биліктің ғана емес, ха­лықтың қажеттілігі, уақыт талабы», деді М.Споткай.

Спикердің сөзіне сүйенсек, нақты бағыт­­тар саяси жүйені демократияландыру, супер­президенттік формадан, ық­палды Парламенті бар жүйеге көшуді қам­тиды. Саялау жүйесін жетілдіру, мәсли­хат­тардың рөлін арттыру да маңызға ие болмақ.

Amanat партиясы қоғамдық саясат инсти­тутының бас сарапшысы, саясаттанушы Ерлан Ахмеди де Жаңа Қазақстан үшін референдум өткізудің маңызына екпін берді.

«Жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру барысында, азаматтар тікелей ерік біл­діру арқылы мемлекеттік құрылыстың маңызды мәселелері бойынша дауыс бер­ген кезде тікелей демократия құрал­дарын пайдалану қажет. Мен әлемдегі ең дамы­ған он елдің қатарында болатын демократиялық бәсекелі мемлекет құра аламыз деп санаймын. Саяси реформаларсыз, мықты институттарсыз мемлекет ешқашан табысты болмайды», деп қорытындылады спикер.

«ҚҚДИ» КеАҚ Стратегиялық талдау то­бының жетекшісі Ләззат Нұрқатова Прези­дент­тің Конституцияға түзетулері бойынша рес­­публикалық референдум өткізу туралы ұсы­­нысын қолдады. Оның айтуынша, бұл ел­дің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құ­ры­­лымын айтарлықтай өзгертуге мүмкіндік береді.

«Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі барлық саяси жүйені түбегейлі өзгертуге кірісті. Біз күшті парламенті бар президенттік республиканың табалдырығында тұрмыз. Мемлекет басшысы айтқандай: «Біз әртүрліміз – біз теңбіз» қағидаты саяси жаңғырудың іргелі компоненті деген пікірді ұстанамыз». Саяси жүйе мен ел өмірін жаппай либерализациялау басталды. Мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастың өзге де моделі құрылады. Бұлар Ата Заңның жаңа редакциясында айқындалатын болады. Халықтың өзі Референдум арқылы таңдау жасауы дұрыс», деді Л.Нұрқатова.