• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 05 Мамыр, 2022

Жас балдырғандар академикпен кездесті

284 рет
көрсетілді

Алматы қалалық «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубының Жетісу аудандық бөлімінде көрнекті ғалым, философия ғылымдарының докторы, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, КСРО Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері Досмұхамбет Кішібековпен кездесу өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ғасырға жуық ғұмырында қазақ елінің басына келген нәубеттердің бәрінен аман өткен абыз қарияның ұрпаққа айтар өнегелі әңгімесі мол. Бұл ретте жасы 97-ге келген өзін қоршай отырғандар алты-тоғыз жасар балдырғандармен сөйлесіп, ақыл-кеңесін айтты.

Көпшілік назарына аталған клубтың тәлімгері Гүлзия Ауқашова ғылым ғана емес, соғыс және еңбек ардагерінің қайталанбас ғұмырнамасын тәрбиеленушілерге баяндап берді.

«Біздің халқымыз – әлемдегі ең өміршең, ойшыл да озық халық. Олардың бүкіл дүниетанымы, салты, дәстүрі, ұстанымы, тыныс-тіршілігі – философия. Сендердің осындай клубта өздеріңнің әжелеріңдей ұстаз-тәлімгерлерден тәлім алып жатқандарыңның өзі ұлттық сананың, ұлттық философияның жемісі», деді абыз.

Өз кезегінде балдырғандар да жамырай сұрақтарын қойды. Бұған тұшымды жауап алған оқушылар дән риза. Сондай-ақ олар ұстаздарына қосылып ән шырқап, күй шертті.

Кездесу соңында клуб тәрбиеленушілері өздерінің болашақта кім болатыны, қандай мамандықты, кәсіпті қалайтынын кезек-кезек орындарынан тұрып атап шықты да, ақсақалдан бата сұрады.

Қызыр сипатты қонағымыз айтқандай, енді бір жиырма жылдан кейін ел мен жердің бір-бір тұлғасы болатын балдырғандардың жүзі бал-бұл жанып, естелік суретке түсткеннен кейін, ғасыр атасын шығарып салды.

Гүлнар Кенжеғұлқызы,

Алматы қалалық «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубының Жетісу бөлімінің меңгерушісі