• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Сәуір, 2014

Адамдар араласқанда, ынтымақ нығая түседі

285 рет
көрсетілді

Осыдан үш жыл бұрын Қос­та­найдағы әзербайжан «Бер­­лик» этномәдени бірлестігінің жа­ны­­нан жастар қанаты ұйым­дас­ты­рылған болатын. Біздің тілшіміз осы жас­тар ұйымының жетекшісі Зүл­фия Набиеваны әңгімеге тартқан еді. – Зүлфия, «Берлик» этномәдени бір­лестігінің жанынан оның жастар қана­тын ұйымдастыруға не себеп болды? Қостанайдағы өзге 17 этномәдени бір­лес­тіктер жанында мұндай ұйым жоқ қой? – Бұл менің өзімнің жеке бастамам еді. Мен – «Берликтің» жұмысына белсене қатысатындардың бірімін. Маған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясындағы, Достық үйіндегі сан ұлттардың алуан түрлі бояулы, бір мазмұндағы жұмыстары ұнайды. Этносымыздың жұмысына көбіне біздің ата-аналарымыз, ата-әжелеріміз қатысатын. Мен секілді жастар да көрініп қалып жүретін. «Прогресті әдетте жас­тар жасайды ғой, үлкендер бізге қаржы жағынан көмектессін, ақыл-кеңесін айтсын. Біз неге жұмысты жандандырмаймыз?» деп ойладым да, әзербайжан ұлты өкілдерінің жастарын жинап алып, осы ойымды айттым. Барлығы да келісе кетті. Сонымен, үш жылдан бері қызықты жұмыстар жүргізіп келеміз. – Сол қызықты жұмыстардың бір-екеуін айта отырсаң. – Жастар қанаты құрылған соң, артынша біз Қостанайда тұңғыш рет Кавказ халықтарының фестивалін өткіздік. Кав­казда қаншама ұлт тұрады ғой, солардың әндерін шырқап, билерін билеп Қостанай жұртына паш еттік. Осы фестивальдің арқасында қаншама жастар бірі-бірімен танысты, таланттарды таптық. Жақында Наурызды да көңілді, бай мазмұнды етіп өткіздік. Ақша қар жауып тұрғанда әзербайжан жастары ақ киіз үйдің алдында биледік. Мерекеге келгендердің делебесі қозып, біздің биімізге бірте-бірте қосыла берді. Біз де қазақтар секілді түркі халқымыз ғой, сондықтан Наурыз туралы түсінігіміз өте ұқсас. Наурыз – жаңару мерекесі. Сондықтан осы Наурызда киіз үйдің алдына лағымен ақ ешкі байлап қойдық. Ұлттық тағамдар дайындадық. Осының барлығы ескеріліп, Наурыз мерекесін өткізу жөнінде этностар арасында Достық үйі ұйымдастырған байқауда әзербайжандар бірінші орынды иеленді. Ұлттық фестивальдер мен басқа да шара­ларды өткізгенде оның сыртқы бояуы ғана ұлттық болғанымен, оның маз­мұ­ны тереңде. Алдымен өзіміздің суын сулап отырған Қазақстандағы бейбіт өмірді жырлаймыз, Қазақстанның дамуы­на, өсіп-өркендеуіне үлес қосу­ды, Елбасының Жолдауларында айтыл­ған басымдықтардың жүзеге асуын, ха­лық достығын насихаттаймыз. Өзіміздің тарихи отанымызды да ұмыт­пай­мыз. Қостанайда өтіп жататын түрлі мере­келік шаралар түрлі ұлттар өкіл­дері­нің дәстүр-салты, мәдениеті, ұлттық құнды­лықтарымен түрленіп кетеді. Әр қазақ­стандық осыны бағалай білуі тиіс. – Жастар әзербайжан ұлты өкіл­дері­нің Қазақстанға келу тарихын біле ме? – Жастар өз ұлтының өткенін, жалпы тарихты білу рухани байлық екенін түсінгені абзал. Әзербайжандарды да соғыс жылдары Қазақстанға күштеп көшірген ғой. Оларды негізінен Алматы мен Оңтүстік Қазақстанға төккен екен. Ал Қостанайға әзербайжандар өткен ғасырдың 50-ші жылдары тың жерлерді игеру кезінде және 70-ші жылдары ауылдарда құрылыс көп жүрген кезде келген. Қазір облыста 3,5 мыңдай әзербайжан тұрады. Барлығы да жақсы тұрмыста, көпшілігінің өзінің бизнесі бар. Облыс экономикасының дамуына үлес қосып келеді. – Зүлфия, әзербайжан жастары қа­зақ­­стан­дық патриотизмді қалай түсі­неді? – Біз, әзербайжан жастары – негізінен Қазақстанда туған ұрпақпыз. Сондықтан ата-аналарымызға қарағанда да Қазақстан біздің жүрегімізге тым жақын десек, кім таласа алады? Біз Әзербайжанда туған жоқпыз, біз оны ата-аналарымыздың әңгімесі мен кітаптан ғана білеміз. Анда-санда барып-келгенде көреміз. Біздің туған жеріміз – Қазақстан! Мысалы, мен Қостанай облысындағы, Сарыкөл ауданында туып-өстім. Мен үшін жер жәннаты – Сарыкөл іспетті. Оның барлық ой-шұқыры маған таныс. Біздің Қостанайдағы әзербайжан жастары қазақ тілін жақсы меңгеріп келеді. Оның себебі бар. Өйткені, біз де түркітілдеспіз. Қазақтармен түбіміз бір. Екіншіден, ата-аналарымыздың көпшілігі Қостанайға оңтүстік облыстардан келген, олар қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Соңғы жылдары жастар да оңтүстіктен келіп жатыр. Сондықтан Достық үйінде мемлекеттік тілден байқау болғанда біздің этнос өкілдері бәйгені бермейді. – Әзербайжандардың қоста­най­лық­тар үшін қызықты дәстүрлерін атайсың ба? – Біз анар күнін өткіздік. Анар жемісі әзербайжандардың ұлттық құндылығы десе де болады. Бұл қазан айында өтеді. Әзербайжанның Геокчай ауданында анар көп өсіріледі. Оның жүзден астам түрі бар. Осы күні күлкілі, көңілді мереке өтеді. Анар жеуден жарыс болады, ән-би де мерекені қыздыра түседі. Халықтық мереке ғой, сондықтан ол жүрекке де жақын. Біздің жастар қанаты мерекелерден қалыс қалған емеспіз және ылғи ізденіс үстінде жүреміз. Адамдар араласқанда, бірге болғанда бірлік нығая түседі. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.