Елорданың мәдени өміріндегі елеулі іс-шаралардың бірі – Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының гастрольдік сапармен келіп, тұрғындар мен қонақтарға репертуарындағы дүниелерді тарту еткені болды. Театр алдағы жылы он бес жылдығын тойламақ. Соның қарсаңында ресми түрде Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрының сахнасында шығармашылық апталығын өткізген ұжым классикалық дүниелермен қатар, әртүрлі жанрларда жастарға, балаларға арналған шығармаларын да ала келген.
Театр ұжымы апталық шымылдығын халық әртісі Ерсайын Төлеубайдың қойылымында «Абай» трагедиясымен ашты. Қоғам жаңа басқару жүйесіне көшіп жатқан тұсты өзек еткен қойылымда ұлы ақынның шығармашылығы мен қайраткерлігі, қарапайым адам ретіндегі тіршілігі қатар өрілген. М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын оқыған жан романда үміт артқан екі ұлының да мезгілсіз қайтыс болуы Абайды ауыр жан күйзелісіне алып келетінін ұғады. Сахнада Абайдың осы тұстағы бейнесін Қазақстанның мәдениет қайраткері Берікқан Төкенов сомдады.
Елорда тұрғындарына тарту етілген тағы бір қойылым – жазушы, драматург Жолтай Әлмашұлының «Мұңмен алысқан адам» драмасы. Осыдан бірер ай ғана бұрын Қостанайда тұсауы кесілген жаңа туындыны көрермен жылы қабылдады. Оның өзіндік бір себебі, тақырып жаңа. Жат елде мұңмен алысқан қандастарымыздың тағдыры бұл күнде сахнада да, эфирде де сирек көрсетілетін болған соң көрерменге ерекше әсер етуі, жақсы қабылдануы заңдылық. Бұл туралы Қостанай облыстық театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі, аталмыш драманың қоюшы режиссері Ерсайын Төлеубай былай дейді:
«60-жылдары Қалтай Мұхамеджановтың «Жат елде» деген пьесасы қойылған. Содан кейін бұл тақырып назардан тыс қалып келді. Әйтсе де, тақырып қанша жерден жаңа болғанымен, актерлердің ойыны нашар болса, сценарий авторы мен режиссердің айтар ойы тоқайласпаса, көрерменді еліктіру қиын. Сол үшін барынша тырыстық. Сахнада киноэкран пайдалану дейтін бар. Мысалы, оқиға Францияда өтіп жатыр. Оны көрсету мүмкін емес. Сондықтан киноэкран арқылы көріністер көрсетуге тура келді. Бағасын көрермен берер».
Өткен ғасырда тағдырдың тәлкегімен туған елінен ауып кеткен көп қазақтың бірі – Асан қарт. Драмадағы «мұңмен алысқан адам» да осы кісі. Туған топырағын аңсаған қарттың бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров сомдады. Жағдайы жақсы, ішіп-жемі мол, берекелі шаңырақтың ұйытқысы болып Парижде өмір сүріп жатқан қарт алыста қалған атамекенді аңсап, үнемі сағыныш құшағында күн кешеді. Бар арманы – туған жерге табанын тигізіп, ауасын жұту, топырағын сүю... мәңгіге құшағында қалу. Бұл арманының орындалуы үшін өмірді тек қана ақшамен өлшейтін, қарым-қатынасын бақай есепке құрған ұлы Маратты (Айбол Шәкіржанов) да, оның француз жары Эльция (Диана Рахметова) мен немерелерін де тәрк етуге бар. Әрине, бұл ойы спектакль барысында айтылмайды, көрермен оны өз жүрегінен өткізуі тиіс. Кіші ұлы Елжанмен (Нұрлыбек Кенжеахметов) арадағы әңгімеден соң әкесінің тілегі екі ұл мен одан тарайтын немерелердің ортасында шалқып-тасып, шайқап ішіп өмір сүру емес екені әбден айқындалады. Елден кеткенде он жасқа да тола қоймаған баланы уақыт шіркін арада жетпіс жыл өткенде Асан қартқа айналдырғанымен, қарттың басқа топырақта тамыр жая алмағаны белгілі болады.
«Қоңырбүбі анаң есің кіре бастағанда қазақтың ертегілерін, жыр-дастандарын жатқа айтып отыратын. Қазаққа тән салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты насихаттайтын. Анаң марқұм сен қазақша ойлап, қазақша сөйлесін деп көп тырысып еді-ау! Ал мен жастықтың әсерімен бұған аса мән бермейтінмін. Мараттың француз мектебінде оқып, французша ойлайтынын да қаперге алмағам. Енді бәрі кеш», деген Асан қарт Елжанға өзін туған жерге алып баруды, туған халқымен қауыштыруды өтінеді. Сахнадағы тартыс қазақша тәрбиеленген Елжан мен французша тәрбие алған Мараттың арасында өрбиді. Бір қарасаң, бір кіндіктен өрбіп, бір құрсақтан тараған туған бауырлар. Бірі әкесін туған топыраққа алып барып, сол арқылы өзіне де беймәлім қазақтың арасында ғұмыр кешуді көксесе, енді бірі бизнесі үшін Парижді қолайлы көреді. Ешқайда көшпек емес, бизнесін өркендетуге себепші болған жары Эльциямен бірге әлемнің дамыған қалаларының бірінде қалып, бала-шағасының шалқып өмір сүруі үшін ары қарай да еңбектене бергісі келеді.
Оқиға барысында Асан қарт, кіші ұлы Елжан мен оның жары Маржан, сондай-ақ, қарттың кекілді немересі алып-ұшқан сағынышпен, туған халқына деген қалтқысыз пейілмен Түркістанға келеді. Асан үрім-бұтағын ертіп келді екен деп күтіп отырған ешкім жоқ. «Еліме барғанда тым құрығанда мені бір адам таныса, шіркін!» деген арманының да күлі көкке ұшады. Бейтаныс қала, жұпыны адамдар, жолында кездескен жандардың күнкөрістік деңгейдегі арман-мұраты Асан қарттың да, оның ұлының да еңсесін езеді, санаға салмақ салады. Қойылым соңында Асан қарттың «Туған топырағымда мәңгіге қалсам» дейтін арманының орындалып, көп өтпей-ақ қайтыс болғаны Елжанның аузымен айтылады. Егемендігін алып, еңсесін тіктеп келе жатқан жас мемлекетте, ең бастысы – өзінің туған халқының арасында қалуға Елжан да бел байлайды.
Кеңестік кезеңде амалдың жоқтығынан туған жерді тастап, жер ауып кеткен мыңдаған көңілі жаралы қандастарымыздың тағдыры бір әулет қартының ішкі күйзелісі мен жан толқынысы арқылы шебер сахналанған. Әйтсе де, «әттең-ай» дегізетін тұстар да жоқ емес. Көркем шындық өмір шындығынан биік тұру керек дейтін ұстаным тұрғысынан қарағанда, Түркістанға Парижден келген қартпен «кездестіруге» пайдакүнем біреу мен беторамалды басына әр жерінен түйістіріп байлап, жыртық костюм киген керауыз жігітті лайық көру қалайда тым жұпынылықты, қарабайырлықты көрсетеді. Елім деп келген қарттың еңсесін түсірудің одан басқа да жолы көп еді ғой деген ойда болдық. Салыстыру тәсілі жақсы болғанымен, тарихы «тым» басқа екі елдің жағдайын жанастыру ұтымды шықпаған. Драма деген қатып қалған құбылыс емес. Оның уақытқа, заманға қарай бейімделіп, жонып-қырналып, ұшталып немесе толықтырылып, кеңейтіліп отыратын тұстары болады. Сондықтан, Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық театрының көрерменге ұсынған «Мұңмен алысқан адамы» көрерменге әлі де талай рет түрленіп жол тартады деген сенімдеміз.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».
––––––––––––
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.