Украинадағы қақтығыс әлі жалғасып жатыр. Ресей тарапы Донбасты бағындыруға бар күшін жұмылдырып-ақ келеді. Алайда Киев билігі Харьков маңында қарсы шабуылға шыққанын мәлімдеді.
Украина вице-премьері Ирина Верещук телеграм-каналында Мариупольдегі «Азовсталь» зауытының аумағынан әйелдер, балалар мен қарттардың эвакуацияланғанын хабарлады. Оның айтуынша, Мариупольдегі гуманитарлық операцияның бірінші бөлігі аяқталды.
Сәуірдің аяғында БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттериш Ресейге, Украинаға барған болатын. Осы сапары барысында «Азовсталь» зауытында бункерге тығылған қарапайым тұрғындарды қауіпсіз жерге шығару туралы уағдаластық жасалды. Кейіннен тараптар атысты тоқтатуға келіскен-ді. Нәтижесінде, БҰҰ мен Қызыл Крест ұйымы эвакуация ұйымдастырды. Жалпы саны 300-ден астам адам қауіпсіз жерге жеткізілді.
Өткен сенбі күні Украина қарулы күштері «Змейный» аралы маңында Ресейдің әскери кемесін атқылаған видео жариялады. Болжам бойынша, бұл 11 770 «Серна» десанттық кемесі болуы мүмкін. Бейнежазба Bayraktar TB2 дроны арқылы түсірілген. Содан бір күн бұрын Bayraktar арқылы аралдағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесіне жасалған соққының видеосын желіге таратқан еді. Сарапшылардың пайымдауынша, ресейлік «Тор» әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі жойылуы мүмкін.
Ұлыбритания барлау қызметі Украинадағы ахуалға байланысты кезекті қызық мәлімет таратты. Соған сәйкес, шайқас кезінде Ресейдің ең заманауи танкісі Т-90М-нің кем дегенде біреуі жойылған. Аталған елде жалпы саны 100-ге жуық осы модельде танк бар. Оны негізінен ең үздік бөлімдерге береді.
Т-90М танкі 2016 жылы таныстырылды. Оның қорғанысы, зеңбірек және спутниктік навигация жүйелері жетілдірілген. Жаңартылған қорғаныс жау қаруына қарсы тұруға арналған. Алайда іс жүзінде қанша жерден мақтаулы болса да, қирап қалатынына куә болып отырмыз.
Барлау қызметінің пайымдауынша, Ресей қарулы күштерінің құрамындағы жауынгерлік әзірлікте тұрған және жетілдірілген бөлімшелері үлкен шығынға ұшырап отыр. Ресей соғыстан кейін қарулы күштерін қалпына келтіру үшін көп уақыт пен қаржы кетеді. Өйткені жаңартылған және жетілдірілген жабдықты ауыстыру үшін шетелден микроэлектроника әкелу қажет. Ал қазіргідей Ресейге санкция салынған жағдайда бұған қол жеткізу қиын.
Өз кезегінде Украинаға Батыс елдері жіберген қару-жарақ ұрыс алаңдарында қолданыла бастады. Мәселен, АҚШ берген гаубицаларды қолдануды үйренуге кеткен украин сарбаздары жаттығуын аяқтаған. Олар қазір түрлі бағыттағы шептерге жіберіле бастады. Соның әсері шығар, әлеуметтік желілерде қираған Ресей техникаларының, артиллериялық шабуылдардың видеолары көптеп таратылып жатыр.
Ал әлемнің әр түкпірінде Ресейге қатысты әрекет жалғасып келеді. Мәселен, Италия билігі жұма күні «Шехеразада» яхтасын кәмпескеледі. Оның иесі кім екені белгісіз. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдары кеменің Ресей президенті Владимир Путинге тиесілі екенін алға тартады.
Құны 700 млн доллар болатын мега-яхтаны Италияның қаржы полициясы тексере бастаған еді. Тергеу нәтижесінде «Шехеразадаға» ресми иелік ететін тұлға мен Ресей үкіметінің көрнекті өкілдерінің, сондай-ақ Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін санкцияларға ұшыраған басқа да субъектілер арасында маңызды экономикалық және іскерлік байланыстар бар», деген байлам жасалған көрінеді.
Айта кетерлігі, Украинаға гуманитарлық көмек көрсету мақсатында Лондонда өткен аукционда Украина президенті Володимир Зеленскийдің жүннен жасалған күртешесі 90 000 фунт стерлингке (110 000 доллар) сатылды.
Аукционға Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон қатысып, сөз сөйледі. Ресейдің Украинаға «арнайы операциясы» басталғаннан кейін-ақ әлеуметтік желілер мен БАҚ қолданушылары Зеленскийдің қоршаудағы Киевтен шыққан бейресми стиліне назар аудара бастаған-ды. Украина президенті жейде мен хаки жүнді күрте киіп жүрген еді. Бұл киім көпшіліктің назарын аударды.