Осылай деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тамырлас Түркияға алғашқы мемлекеттік сапары екіжақты қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Сондықтан бұл сапар екі ел арасында арта түскен барыс-келіс пен алыс-берістің жарқын көрінісіне, бекем бауырластықтың белгісіне айналды.
Екіжақты кездесу өте жоғары деңгейде өтті. Қазақстан делегациясы құрамында үкімет мүшелері төрт көзі түгел жүруі екіжақты қатынастың қаншалықты маңызды болғанын көрсетеді. Мемлекеттік сапар Түркияның негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің рухына тағзым етуден басталды. Бұл Қ.Тоқаевтың тарихқа ілтипатпен қарайтынын, Ататүріктің Анадолы үшін ғана емес, Алаш жұрты үшін де қадірлі екенін айғақтайды. Сапарды Анытқабірге гүл шоқтарын қоюдан бастауы түрік қоғамын да елең еткізді. Өйткені бұған дейін Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркі мемлекеттер ұйымының Ыстанбұл саммитінде осыдан 70 жыл бұрын Алтайдан Анадолыға ауған қазақ көшін қабылдаған премьер-министр Аднан Мендересті еске алып, оған қазақ халқы атынан алғыс айтқанын Түркиядағы ағайын жақсы біледі. Сапардан бұрын Алматы мен Түркістан қалаларында Аднан Мендереске көше аттарының берілуі де Анадолыда қызу талқыланғаны белгілі.
Түркия қоғамы, әсіресе сарапшылар қауымдастығы Қ.Тоқаев сапарының маңыздылығын жан-жақты талқылады. Әсіресе сапардың аймақтағы күрделі геосаяи және геоэкономикалық жағдайында өтуі түріктердің қызығушылығын тудырды. Сондай-ақ сапардың Қазақстанда болып жатқан саяси өзгерістермен, Конституциялық реформалармен тұспа-тұс келуі де Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұлғасына, оның табандылығы мен саяси көзқарасына деген қызығушылықты едәуір арттырды. Жасыратыны жоқ, қаңтар оқиғасы кезінде қазақ-түрік бауырластығы мен байланыстарының бұдан кейінгі болашағына күмәнмен қарағандар да табылған. Әйтсе де Президент Тоқаевтың бұл бағыттағы нық қадамдары мұндай күдікті лезде сейілтіп жіберді. Сондықтан түрік БАҚ-ның сапарды «жаңа кезеңнің басталуы» ретінде бағалауы тегін емес.
Әрине, екіжақты қатынастар отыз жылда маңызды сынақтардан өтіп, жаңа белеске шығып отыр. Мәселен, 1992 жылғы 2 наурызда орнаған дипломатиялық қатынастар 1994 жылғы 17 қазанда «Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы келісіммен» өз бағытын айқындады. 2009 жылғы 22 қазанда екі бауырлас елдің қатынасы «Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісіммен» жаңа деңгейге көтерілді. 2012 жылы Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі құрылды. Ал осы жолғы сапар барысында қатынастар «Кеңейтілген стратегиялық серіктестік» сапасымен бекітілді. Бұл санаттың одақтастық қатынастардан бұрынғы деңгей екенін ескерсек, екіжақты қатынастардың тереңдігі мен беталысын аңғарамыз.
Екіншіден, бұл «Қаңтар қасіретінен» кейін Мемлекет басшысы шетелге жасаған маңызды сапарлардың бірі. Осы оқиғалар кезінде түрік тарапы Қазақстанға түрлі деңгейде қолдау білдіргені белгілі. Мысалы, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Түркия парламенті төрағасы Мұстафа Шентоп, ТМҰ Ақсақалдар кеңесі төрағасы және бұрынғы премьер-министр Бинали Йылдырым, Сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоғлу Қазақстанды қолдап мәлімдемелер жасаған болатын.
«Қаңтар қасіретінен» кейін Қазақстанға алғашқы шетелдік меймандар да Анадолыдан ат терлетіп жетті. 24 ақпанда Түркия сыртқы істер министрі елордаға келіп, Түркия-Қазақстан бірлескен стратегиялық жоспарлау тобының жетінші отырысына қатысты. Ал 3 наурызда Қазақстанға ресми сапармен келген Түркия Вице-президент Фуат Октай әріптесі Әлихан Смайыловпен бірге Түркия-Қазақстан Бірлескен Экономикалық Комиссия кезекті отырысын өткізді. Бұл сапарлар екіжақты қатынастарға қарқын бере түсті.
Үшіншіден, әлемдегі геосаяси ахуал да тарихы ортақ, тамыры бір, тағдыры ұқсас түгел түркінің тізе қосуы қажет екенін көрсетіп отыр. Ендеше, Қазақстан мен Түркияның тиісті салаларда, соның ішінде қауіпсіздік, саяси және әскери салаларда жақын ықпалдастық орнатуы кезек күттірмейтін мәселе екені анық.
Екі елдің қарулы күштері мен құқық қорғау органдары арасында өзара сапарлар жасау, тәжірибе алмасу, оқыту, үйлестіру және бірлескен оқу-жаттығулар сияқты іс-қимылдарды көбейту туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек, сапар аясында TUSAŞ пен Kazakhstan Engineering компаниялары жаңа келісімшартқа қол қойды. Келісімге сәйкес ANKA дрондары енді елімізде өндіріледі. Оған техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстары Қазақстандағы ортақ кәсіпорында жүргізіледі. Осылайша Қазақстан ANKA дрондары өндірілетін алғашқы шетелдік мемлекет атанады.
Төртіншіден, кейінгі кездегі геосаяси жағдай тасымал жолдарын әртараптандыру, азық-түлік (бидай) және энергетика қауіпсіздігіне қатысты қиындықтар туындатты. Осындай тәуекелдерге жол бермес үшін сапар кезінде екіжақты салалардағы қатынастардың барлық жағын қамтитын 15 келісімшартқа қол қойылды. Атап айтқанда, Тоқаев пен Ердоған келіссөздерінде ең алдымен экономика, сауда және инвестиция салаларына баса мән берілді. 2021 жылы екіжақты сауда айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 58 пайызға артып, тарихта алғаш рет 5,3 миллиард долларға жетті. Осылайша, Түркия өткен жылы Қазақстанмен ең көп сыртқы сауда жасаған 5 елдің қатарына енді. Ендігі межелі міндет – сауда айналымын 10 миллиардқа жеткізу.
Сондай-ақ түрік компанияларының Қазақстанға салған инвестициясы тұрақты түрде артып келеді. Өткен жылы Түркияның тікелей инвестициясы рекордтық көрсеткішке жетіп, 680 миллион долларға теңесті. Осының арқасында Түрік елі Қазақстанның алғашқы 10 инвесторының қатарына кірді. Жалпы, 30 жылда Түркиядан келген инвестицияның жалпы құны 4,2 миллиард доллардан асқан. Қазір Қазақстанда түрік капиталы бар 4 мыңға жуық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Елімізде Түркия кәсіпкерлерінің қатысуымен 61 ірі жоба іске асырылды. Оған жалпы құны 2 миллиард доллардан астам қаржы жұмсалды. Бүгінде біздің елде құны 2,5 миллиард доллардан асатын 25 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ құны 1,3 миллиард доллардан асатын 54 жаңа жоба қолға алынған.
Түрік инвесторлары елімізге инвестиция құю арқылы бір жағынан Қазақстанға импортталатын тауарларды өндіріп, еліміздің сыртқы саудасына үлес қосады. Мысалға, жыл сайын құны 17 миллиард доллар болатын өнімді сырттан әкелеміз. Ал отандық өндіріс 4,3 миллиард доллардың өнімін ғана өндіреді. Екінші жағынан түрік инвесторлар елімізге инвестиция құю арқылы Еуразия аймағына, Орталық Азияға және Қытай нарығына өз тауарларын шығару мүмкіндігіне ие болады. Сондықтан екіжақты сауданы арттыру мақсатында екі елдің транзиттік-тасымалдық әлеуетін арттыру керек.
Осы ретте Каспий теңізінен өтетін Орта дәліздің маңызы айқын. Бұл туралы Қ.Тоқаев «Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдалануға екі ел де мүдделі» деп қадап айтты. Каспийден өткен тауарлар Баку-Тбилиси-Карс теміржолы арқылы Түркияның теміржолдар желісіне қосылып, әрі қарай Еуропаға жетеді. Бұл – теңіз жолдары арқылы тасымалдан әлдеқайда тиімді әрі тез. Бұған қоса екінші Қарабақ соғысынан кейін Әзербайжан мен Нахчыван арасындағы армян аумағынан өтетін және шығыс-батыс бағытындағы тасымалдың қашықтығын қысқартатын Зәнгезур дәлізінің ашылуы да жаңа мүмкіншілік беріп отыр.
Каспий бағыты сонымен қатар Қазақстан мұнайының халықаралық нарыққа шығуы тұрғысынан да маңызды. Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге санкция салынуы, Каспий құбыр консорциумының (КҚК) 2022 жылы наурыз айында техникалық ақауға байланысты уақытша істен шығуы Қазақстан үшін балама бағыттардың өзектілігін көрсетті. Осы орайда Каспий мұнайын Жерорта теңізіне тасымалдайтын Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры маңызды. Осыған байланысты сапар барысында тасымал және сауда-кеден саласында да айтарлықтай маңызды құжаттарға қол қойылды. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісім», «Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы туралы келісімге Техникалық тапсырма», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ақпарат алмасу ісін ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісім» бар.
Аймақтағы геосаяи жағдайды ескерсек, Қазақстан мен Түркия арасындағы қауіпсіздік және әскери ынтымақтастықтың заман талабы екені белгілі. Осы ретте Ердоған қаңтар оқиғасында қаза тапқандарға көңіл айта отырып, «Бізге дос ел Қазақстанның бұл оқиғаларда бұрынғысынан да нығайып шыққанына сенімдімін» деді. Өз сөзінде «Тоқаев мырзаның жаңа Қазақстанды қалыптастырудағы табандылығы мен ерік-жігері мақтауға лайық. Біз осы тұрғыда жүргізіліп жатқан реформалардың кешенді бағдарламасын қолдаймыз. Қазақ бауырларымыздың тұрақтылығы, тыныштығы, қауіпсіздігі мен игілігі үшін өз үлесімізді қосуға дайын екенімізді тағы да атап өткім келеді. Біз саяси, әскери, экономикалық, коммерциялық немесе мәдени болсын, барлық салада ынтымақтастығымызды жалғастырып, иық тіресіп, болашаққа сенімді қадам басамыз. Біз қандай жағдайда да қазақстандық бауырларымыздың жанында боламыз», деді Р.Ердоған. Өз кезегінде Қ.Тоқаев «Қазақстан мен Түркия Еуразия құрлығында бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән береді. Осы ретте екі ел халықаралық және аймақтық деңгейде тығыз ықпалдастық орнатқан», деп атап өтті.
Осы орайда ақпарат бөлісу саласындағы ынтымақтастық маңызды екені белгілі. Сондықтан Тоқаевтың сапары барысында тараптар арасында қол қойылған «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркия Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік архивтер басқармасы арасындағы ынтымақтастық туралы хаттама», «Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Түркия Республикасы Президентінің аппараты жанындағы коммуникация басқармасы арасындағы БАҚ саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери барлау саласы бойынша ынтымақтастық туралы хаттама», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери архивтер, әскери тарих, музейтану және әскери жарияланымдар салалары бойынша ынтымақтастық туралы хаттама», «Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Түркия Республикасы Индустрия және технология министрлігі арасындағы ақпараттық технологиялар салалары бойынша ынтымақтастық туралы меморандум» сияқты құжаттардың орны ерекше екенін айта кеткен жөн.
Бір жақтан пандемия кезіндегі қиындықтар, екінші жағынан Украина мен Ресей арасындағы шиеленіс азық-түлік қауіпсіздігінің қаншалықты маңызды екенін дәлелдеп берді. Осы ретте Қазақстан мен Түркия арасында бұл салада да елеулі әлеует бар екені айқын. Тараптар арасында қол қойылған «Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Түркия Республикасы Ауыл және орман шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы бас басқармасы арасындағы орман шаруашылығы саласы бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандум», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласы бойынша ынтымақтастық туралы келісім», «Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Түркия Республикасы Қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрлігі арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумы» осының дәлелі. Мысалға, Қазақстан соңғы 5 жылда зығыр егілетін алқаптың аумағын 2,5 есеге ұлғайтты. Осылайша, зығыр тұқымын экспорттайтын көшбасшы елдердің қатарына қосылдық. Түркия бұған дейін бізден жылына 10 мың тонна зығыр сатып алатын. Ал биылғы екі айдың ішінде 8 мың тоннасын, яғни жылдағыдан 6 есе көп алды.
Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастардың іргетасы бауырластық екені анық. Сондықтан гуманитарлық саладағы ынтымақтастық әрқашан маңызды болған. Атап айтқанда, білім беру және мәдениет саласы – тараптардың ең көп басымдық беретін салалары. Тәуелсіздігіміздің ақ таңында қазақ жастарына стипендия беріп, оқу орындарының есігін алғаш болып ашқан Түркия болатын. Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті екі елдің осы саладағы ынтымақтастығының символы іспеттес. Сондықтан Қ.Тоқаевтың сапары барысында бұл сала да назардан тыс қалмады. «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы білім беру саласы бойынша ынтымақтастық туралы келісім», «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі арасындағы кинематография саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум» және «Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Түркия Республикасы Жастар және спорт министрлігі арасындағы жастар саясаты саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға» қол қойылды.
Қорыта айтқанда, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Түркия сапары екі бауырлас елдің қатынастарын жаңа деңгейге көтерді. Түркі әлемінің екі ұшында, бірі шығысында, екіншісі батысында орналасқан Қазақстан мен Түркия дипломатиялық қатынастарының төртінші он жылдығындағы ортақ іс-қимылдарын үйлестіріп алды. Екі елдің географиялық орналасуы және олардың арасындағы тығыз ынтымақтастық Еуропа мен Азияның қақ ортасында жатқан Балқаннан Байқалға дейінгі аймақтағы түркі әлемінің геосаяси маңыздылығын арттыра түседі. Ешкімге қарсы бағытталмаған, бауырластықтан бастау алған бұл байланыстар Еуразия кеңістігіндегі өзге мемлекеттерге де жаңа мүмкіндіктердің жолын ашады. Сондықтан екі ел арасындағы экономикадан саудаға, энергетикадан ауыл шаруашылығына дейінгі барлық саланың дамуының стратегиялық мәні бар. Екі мемлекет басшысы сапар барысында үстелдің екі шетінде тұрып теннис ойнағанындай, Қазақстан мен Түркия тұтасып жатқан түркі әлемінің екі шетінде тұрып, тек түркі елдеріне ғана емес, бүкіл аймақтың саясатына оң ықпалын тигізері анық.