• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 11 Мамыр, 2022

Стрестік активтер экономикалық айналымға қайтарылады

394 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында стрестік активтер нарығын дамыту мәселесі қаралды. Құжаттың негізгі мақсаты – стрестік активтердің өтімді нарығын нарықтық негізде дамыту және оларды экономикалық айналымға тарту үшін жағдай жасау.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова баяндама жасады.

«2016 жылдан бастап банк секторын қалыпқа келтіру бо­йынша қабылданған шаралар нәтижесінде 6,7 трлн теңге сомасындағы стрестік активтер есептен шығарылды. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша стрестік активтер мөлшері 2,3 трлн теңгені немесе банк жүйесі активтерінің 6 пайызын құрайды. Стрестік активтерге төлеу мерзімі 90 күннен асқан кредиттермен қатар қайта құрылымдалған кре­дит­тер, өндіріп алынған мүлік және банктердің стрестік актив­терді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарының активтері жатады.

2019 жылы жүргізілген актив­тердің сапасын тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша стрестік активтердің үлесі банктердің несие портфелінің 21 пайызы болып бағаланды. Анықталған шығындарды өтеу үшін банктер 554 млрд теңгеге қосымша провизиялар қалыптастырды, 128 млрд теңгеге капиталды қо­сымша ұлғайтты. 2020 жылдан бастап банктер Агенттіктің келі­сімі бо­йынша стрестік актив­терді азайту жөніндегі жеке жос­парларды әзірлеп іске асырып келеді. Екі жыл ішінде 648  млрд теңгеге проблемалық қарыздар есеп­тен шығарылды», деді М.Әбіл­қасымова.

Агенттік төрағасының сөзіне сүйенсек, стрестік активтерді нарықтық негізде одан әрі азайту әлі де өзекті болып отыр. Осы­ған байланысты заң жобасы арқы­лы 4 заңға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу көзделген. Құжат бірқатар негізгі бағытты қамтиды.

«Біріншіден, заң жобасын­да стрестік активтерді авто­риза­ция­ланған сатып алушылардың қол­даныстағы тізімін жеке инвес­торларды қосу арқылы кеңейту көзделеді. Қазіргі уақытта Банктер туралы заңның 36-1-бабына сәйкес авторизацияланған сатып алушылар тізіміне екінші деңгейдегі банктер, банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдары, Проблемалық кредиттер қоры, коллекторлық агенттіктер және басқа да қаржы ұйымдары кіреді.

Бұл ретте тізім кеңейтіліп, банктердің және микроқаржы ұйымдарының стрестік активтерін жеке инвесторларға сату құқығы беріледі. Жеке инвесторларға заңды тұлғалардың және дара кәсіпкерлердің қарыздарын сатып алуға рұқсат етіледі. Қарыз алушы – жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін заң жобасында жеке тұлғалардың кредиттерін инвесторларға сату көзделмеген», деді М.Әбіл­қа­сы­мова.

Екіншіден, заң жобасында сервистік компаниялар инс­титутын құру көзделеді. Олар инвесторларға жұмыс істемейтін кредиттерге қызмет көрсету және басқару қызметтерін көрсетеді. Сервистік компаниялар институтын дамыту стрестік активтердің өтімді нарығын құру үшін қажет. Сервистік компаниялар актив­терді сенімгерлік түрде басқа­рады, өндіріп алудың жеке стратегиясын әзірлеп іске асырады және стрестік активтердің иеле­рі­не басқа да қызметтер көрсетеді.

«Сервистік компаниялардың функцияларын тиісті тәжірибесі мен құзыреті бар банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарына және коллекторлық агенттіктерге беру ұсынылады. Заң аясындағы деңгейде сервистік компаниялар үшін капиталдың мөлшері, нарықтағы жұмыс тәжірибесі, мінсіз іскерлік беделінің болуы және қадағалау шаралары мен санкциялардың болмауы жөнінде жоғары талаптар белгіленеді.

Агенттік белгіленген талап­тарға сәйкес келетін сервистік ком­паниялардың тізілімін жүргі­зіп, олар туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастырады. Бұл қарыз алушылардың құ­қықтарын қорғаудың қосым­ша тетігін қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді. Себебі атал­ған ұйымдар агенттіктің рет­теу аясына жатады», деді М.Әбіл­қасымова.

Сонымен қатар заң жобасында жеке инвесторлардың сатып алынатын қарыздарды сер­вистік компанияларға сенім­герлік басқаруға беру міндеті қарастырылған. Бұл талап дара кәсіп­керлердің қарыздарына проб­лемалық кредиттерге қолда­нылады. Бұдан бөлек, заңды тұлғалардың берешегі 16,5 мың айлық есептік көрсеткіштен немесе 50 млн теңгеден аспайтын қарыздарға, сондай-ақ инвестор бейрезиденттерге де бағытталған.

«Қарыз алушылардың құқық­тары мен мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республи­касының заңнамасында банктік қарыз және микрокредит шарттары шеңберінде кредитордың қарыз алушымен өзара қарым-қатынастарына қойылатын бар­лық талаптар мен шектеулер жеке инвесторға қолданылады. Осы­лайша, қарыз алушылардың құқықтары жеке инвесторлар мен сервистік компаниялар алдында қорғалады.

Төртіншіден, заң жобасы өндіріп алынған мүліктің банк­тердің және микроқаржы ұйым­дарының баланстарында болуы үшін шекті мерзімді 3 жыл деп белгілеуді көздейді. Бұл банк­терді және микроқаржы ұйым­дарын стрестік активтерді эконо­микалық айналымға жедел түрде тартуға ынталандырады», деді М.Әбілқасымова.

Палата Төрағасы бұл мәселе Мемлекет басшысы тарапынан екі мәрте, былтырғы Президент Жолдауында және қаңтар айын­дағы ірі бизнес өкілдерімен кез­десуі кезінде көтерілгенін айтты.

«Заң жобасын Мәжіліс қабыр­­ғасында талқылау кезінде депутаттар тарапынан экономи­ка­мызға оң әсер беретін бірқатар өз­герістер мен түзетулер жасалды. Біріншісі, депутаттар кепілдегі мүліктің банк балансында болуына 3 жылдық шектеу енгізілді. Ол – қазіргі кезде ел экономикасына жұмыс істемейтін, көптеген жылдар банктерде пайдасыз жатқан өндірістік нысандар, базалар, жер телімдері және тағы басқалар», деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс Төрағасының ай­туынша, құны 50 млн теңгеден асатын активтерді сатып алған ин­весторға оны дербес басқаруға рұқсат беру туралы депутат­тар тарапынан енгізілген түзету­лер бюд­жетке салық түсімдерін арт­тыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жұмыс істемей­тін стрестік активтерді эконо­микалық айналымға енгізу, жаңа инвесторлар тарту, қосымша жұмыс орындарын ашу.

«Бүгін осы стрестік активтер саласындағы ахуалды жақсарту үшін бірқатар оңтайлы қадам жасалды деп ойлаймын. Депутаттар Үкіметпен және Агенттікпен бірлесе отырып, бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыруы керек», деді Мәжіліс Спикері.

Жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Респуб­ли­касының Министрлер Кабинеті арасындағы Орталық Азия өңі­рінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Құжат жөнінде баяндама жасаған Қорғаныс минис­трінің орынбасары Сұлтан Қама­лет­диновтің айтуынша, келісім былтыр 7 желтоқсанда жасалған. Соған сәйкес, әскери мүлік бір рет беріледі. Оның атауы мен көлемі дипломатиялық арна арқылы келісілді.

«Қазақстан тарапы мүлікті Қырғызстанның Қойташ елді­ ме­кеніне дейін автокөлікпен жет­кізеді. Шығынды өзі көтереді. Қырғызстан тарапы алған мүлікті тек қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін пайдалана алады. Үшін­ші тарапқа бермейді. ТМД қаты­су­шы мемлекеттерге қарсы қолдан­байды.

Орталық Азияға іргелес аумақ­­та шиеленіс болғанда, өңір­лік қауіпсіздікке сын-қатер төнген жағдайда әскери-техни­калық көмек көрсету Қырғызстан қару­лы күштерінің оған тойтарыс бе­руіне, Орталық Азия өңірі­нің қауіпсіздігін нығайтуға мүм­кіндік береді», деді С.Қама­лет­динов.

Жиын кезінде «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңна­малық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

«Заң жобасы мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған және Қазақстан Республикасының заңна­масына кемсітушілік термин­дерді жою және «мүгедек» деген ұғымды «мүгедектігі бар адамға», «мүгедек бала» деген ұғымды «мүгедектігі бар балаға» ауыстыруды көздейді. Сонымен бірге, мүгедектігі бар адамдардың денсаулық сақтау ұйымдарында бірінші кезекте қызмет көрсетілу, техникалық және құқықтық сипаттағы әрекеттерді жасау ке­зінде жеке нотариустардың тегін қыз­меттерін алу, ақпа­рат­қа қол жет­кізу және кедер­гісіз орта қа­лыптастыру құқық­тарын қамта­масыз ету бөлі­гінде бір­қатар өзге­рістер мен толық­ты­­рулар қарас­ты­рылған», деді құжат жөнінде баяндама жасаған Мәжіліс­тің Әлеуметтік-мәдени даму коми­тетінің мүшесі Лариса Павловец.

Заң жобасында мүгедектігі бар баланы санаторийлік-курорт­­тық емдеуге алып жүретін заңды өкілдердің біріне санато­рийлік-курорттық ұйымда болу құны халықты әлеуметтік қор­ғау сала­сындағы уәкілетті орган айқын­дайтын соманың 70 па­йызы мөлшерінде өтеледі. Заң жоба­сын талқылау барысын­да де­путаттар мүгедектікті, ең­бекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілеу жөніндегі меди­­циналық-әлеуметтік са­рапта­­мадан сырттай өту мүм­кіндігін беру, дәріханалары жоқ ауыл­дық елді мекендердің тұр­ғын­дары үшін дәрілік заттар мен ме­ди­циналық бұйымдарды ден­сау­лық сақтау ұйымдары арқылы өткізу сынды түзетулер енгізген.

Жиында Мәжіліс Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2021 жылғы рес­пуб­­ликалық бюджеттің атқа­­ры­луы туралы есептерін жұмыс­қа алды.

Сонымен қатар Палата коми­теттері бірқатар заң жобаларын жұмысқа алды. Олар: Салық кодексіне енгізілетін түзету­лер, азаматтардың төлем қабілет­тілігін қалпына келтіру және бан­кроттығы туралы заң жобалары. Отырыс соңында Ерлан Қошанов депутаттардың өңірлерге сапары басталатынына тоқталды.

«Алдымызда референдум келе жатыр. Бұл саяси науқанның және конституциялық реформалардың мән-маңызын жұртшылыққа жан-жақты түсіндіру маңызды. Осы орайда халықпен мазмұнды кездесулер өткізу керек. Өңір­лердегі, шалғай ауылдардағы тұрғындарды, барлық әлеуметтік топтарды қамтуымыз қажет. Өйткені конституциялық реформалар ең әуелі халық үшін жүргізіліп жатыр. Сондықтан бұл өзгерістер не береді, соны жұртшылыққа қарапайым тілмен түсіндіруге тиіспіз. Президент бастамаларының негізгі мақсаты – саяси бәсекелестікті қамтамасыз ету. Бұл – елдің саяси өміріне аза­маттардың өздері атсалыса алады деген сөз. Алдағы уақытта әр тұр­ғын ел тағдырына әсер ете алады. Осыны жұртқа дұрыс жеткізу қажет», деді Мәжіліс Төрағасы.

Жиын соңында бірқатар депутат тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына депутаттық сауал жолдады.