• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 12 Мамыр, 2022

Майдан хаттары

410 рет
көрсетілді

Ұлы Отан соғысында ерлі­гі­мен ел есінде қалған ерендер, Кеңес Одағының батырлары Мәншүк Мәметова, Тал­ғат Бигелдинов және Қа­­зақ­станның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов­­тың туғанына биыл 100 жыл! Атаулы мерейтойға орай елор­дадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Майдан хаттары» атты ­теа­тр­­ландырылған кон­церт­тік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қол­дауымен өткен тағылым­ды кештің авторы – Назгүл Сарыбай.

Оқ пен оттың ортасында жүріп, ерен ерлік көрсетіп, өшпес даңққа бөленген батырлардың есімі хал­қы­ның жадында мәңгілікке жатталды. Жылдар ұзаған сайын жар­қын бейнелері мен бекзат бол­мысы ел жүрегіне жақындай тү­се­рі және ақиқат жайт. Ал уақыт ағзам алақанында бедерленген ерен ерліктері өскелең ұрпақ үшін ұл­тын сүю мен халқына қалт­қысыз қызмен етудің жарқын кө­рінісі болып мәңгілік жасай бермек. «Майдан хаттары» арқылы сыр шертілген сұрапыл жылдар шын­дығы көркем өнер тілінде осы мұрат жолында тағылым түйгізді.

Өнер мен өнеге қатар өрілген мазмұнды кеште Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың хаты, қару мен қаламды қатар ар­қалай жүріп соғысқан майдан­гер жазушы Әзілхан Нұршайы­қов­тың күнделігінен естелік және­ басқа да майдан хаттары оқы­ла отырып, сол негізде қойыл­ған театр­ландырылған ша­ғын кө­ріністер концерттік бағ­дар­ла­ма­ның көркемдік деңгейі мен мазмұндық мәнін одан әрі байыта түсті. Сондай-ақ кеш барысында Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновтің тарихи сұхбаты көрсетілді.

Мәңгілік ерлік тақырыбын ар­қау еткен тағылымды туынды­ның талғам биігінде сарапталуы­на тер төккен сахнагерлер қа­тарында Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамов, бел­гі­лі театр және кино актері, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты Әділ Ахметов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Иманбаева бастаған елорда театр­ларының жетекші актерлері бар. Басты рөлді сомдаған әртістер Ті­лектес Мейрамов пен Әділ Ахме­товтің әңгімелеуі арқылы сұ­рапыл соғыс жылдарының та­рихи парақтары ақтарылды. Әр­бір сахналық қойылым сахна тө­рін­дегі алып экранда салынған гра­фикалық реконструкциялармен безендіріліп, сол арқылы көрер­менді майдан алаңы мен тылдағы тіршілікке терең бойлатты.

Бала рөлінде сәтті бейне жаса­ған «А.И. театрының» жас актері Тәңірберген Ибадуллаевтың таланты да келген көрерменді таңдай қаққызбай қоймады. Жас болса да рөл табиғатын жіті түсініп, тұшымды бейне тудыра білген балдырған өнері болашағынан зор үміт күттіреді.

Мерекелік концертте театрлан­ды­рылған қойылымдармен қатар, сондай-ақ соғыс жылдарындағы әйгілі әндер Р.Рымбаева, М.Арап­баева, А.Жылтыргөзов, Т.Мұ­сабаев, Р.Жармағамбетов, К.Тө­лен­баева, Г.Мырзабекова, Е.Рыс­қали, Ж.Маясаров, Р.Байдүкенова бастаған дәстүрлі және эстрада ән­шілерінің орындауында көпшілік кө­ңілін қозғады. Сазынан гөрі арманы, мұңы мен өкініші басым ән­дер соғыстың сұрапыл жылдары­на сапар шектіре отырып, қа­сіретті жылдардың көрінісін шы­­найы сезіндірді һәм тыныштық пен бей­біт күннің қадіріне жетер ешнәрсе жоқ екендігін шын ұғындырған­­дай болды. Әсіресе, Рамазан Елебае­втің «Жас қазақ», Қасым Аман­жо­ловтың «Дариға, сол қыз», Сей­долла Бәйтерековтің «Әлия» ән­де­рін тыңдағанда тебіренбеген, тол­қы­маған көрермен, егілмеген жүрек жоқ. Кеш соңында батырлар рухына бас иіп, құрмет көрсеткен көрерменнің соққан шапалағы ұзақ уақыт толастамады.