Шет ауданындағы Еркіндік деп аталатын аядай ауылдан «Егеменнің» Қарағандыдағы қосынына арыз келіп түсті. «Лай суды тұндырып ішіп отырмыз. Жолдан көрген азабымыз айтып жеткізгісіз», деген сыңайдағы жанайқай бар әлгі арыз-шағымның ішінде...
Осы арыздың айдауымен жолға шықтық. Қарағандыдан ірі темір жол стансасы Жарық кентіне (қазір Сәкен Сейфуллин есімін иеленген – Қ.Ә.) дейінгі аралықты асфальт жолмен жүріп, жан қинамай еңсердік. Одан кейін Өспен ауылдық округінің құрамындағы Еркіндікті бетке алып, ел ішінде «грейдер жол» деп аталып кеткен кедір-бұдыр, шаңы бұрқыраған жолға түстік. Он сегіз шақырымнан кейін ауылдың шетіне іліккенімізде, тура жолдың үстінде қаңтарылып тұрған жеңіл автокөлікке келіп ат тұмсығын тіредік. Бір жігіт көліктің астында, екіншісі оған құрал-сайманды беріп тұр екен. Сұрастыра келгенде, көліктің бұзылып, кардан білігінің істен шыққаны белгілі болды.
Өзін Жанболат Әбдірахманов деп таныстырған жігіт осының бәріне жол кінәлі дегенді айтты.
– Еркіндіктің тұрғынымын. Мектепте жұмыс істеймін. Жолдың жағдайы – осы. Жарыққа қатынап жұмыс істейтін жігіттер бар. Ал бұл жолды 2025 жылға дейін «қатырамыз», дейді әкімдер, – деді Жанболат.
Рас, жол деген аты ғана бар екен: ойқы-шойқы, қиыршық тастары сояудай-сояудай болып ол жатыр. Ал былайынша бетіне бір қабат асфальт жалатса, тақтайдай болатын түрі бар. Дегенмен Жанболаттар жөндеп жатқан «Лада» маркалы көлік те «жасарын жасап, асарын асаған» жарықтық екен. Сау-тамтығы жоқ өзінің...
Жанболат бізді ауылымыздың үлкені осында тұрады деп шеткі үйдің біріне бастады. Бұл шаңырақ жасы сексенге келген Жеңіс Қадыров есімді қариянікі екен.
– Ауыз су проблемасының басталғанына 10 жылдан асты. Айтпаған әкіміміз жоқ. Тіпті сенат депутаты Әбдікеровке де жаздық. Бірақ еш нәтиже болмай тұр, – деп бастады әңгімесін ақсақал.
Жалпы, Еркіндік ауылының іргесінен тереңдігі 40 метр ұңғыма қазылған екен. Ондағы су таза көрінеді. Бірақ жұмыс аяғына дейін бітпей қалыпты. Яғни ұңғымадан ауылға дейін су құбыры тартылмаған.
Ал ауыл тұрғындары болса, күні бүгінге дейін аулаларында қазылған құдықтан су алып ішеді екен.
– Бұл су сапасыз, – дейді Жеңіс ақсақал. – Олай болатын себебі, осы ауылдағы 70 үйдің жанында дәретхана, соншама монша бар. Одан қалды, жұрт мал ұстайды, бақша суарады. Міне, осы лас су, малдың нәжісі жерге сіңіп, біздің ішіп отырған суымызға барып құйылады...
Бұл күнде жағдайы барлар суды 14 шақырым жердегі Өспеннен барып әкеледі екен. Ал қолы қысқалар амалсыз құдықтың суын ішіп отыр.
Таяуда ауылда аудан әкімінің орынбасары қатысқан жиын өтіп, осы мәселе турасында өткір әңгіме болыпты.
– Әкімдіктегілердің айтуынша, жұмыстың жылжуына бір-екі қағаз жетіспей тұр екен. Жылдағы уәде осы. Жұрт өкіметке сенбейміз, алдайды деп шу көтерді, – дейді Жеңіс ақсақал қынжылып.
Ал осы мәселеге қатысты Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаровқа хабарласқанымызда, мынадай мәтіндегі ресми жауап алдық. Онда: «Еркіндік ауылына арналған су құбыры жүйесінің құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттарын дайындау ауданның құрылыс бөлімі тарапынан 2019 жылдың 30 сәуірдегі №44 мемлекеттік сатып алу келісімшартына сәйкес басталған. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның талаптарына сәйкес, Еркіндік ауылына су құбыры жүйесінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға аудандық бюджеттен 14 млн 946 мың теңге бөлініп, ашық конкурс өткізу қорытындысы бойынша Қарағанды қаласының «Гипроводхоз» ЖШС мердігер болып танылды. 2019 жылдың соңына дейін жобалау сметалық құжаттары аяқталды.
Жобалау-сметалық құжаттар негізінде, 2020 жылы жер құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілді. Алайда ауыл шаруашылығы мақсатындағы өтеулерді анықтау кезінде, жер құжаттарын рәсімдеу уақыты мерзімінен артық созылды. Сонымен қатар 2021 жылы жобалық-сметалық құжаттарды сараптамадан өткізу кезінде, сол жылы Қазақстан Республикасының экологиялық кодексіне өзгерістер енгізілуіне байланысты, тиісті сараптама қорытындысын алуға кері әсерін тигізді. Бүгінде жобаны арнайы сараптамадан өткізу үшін жаңа экологиялық заңдылықтарға сәйкес, тиісті жұмыстары істелінуде», деген жолдар бар...
Осы судың кесірінен бір бүйрегімнен айырылдым деген Жеңіс ақсақалдың ауласындағы құдықтан шыққан «лай суды» да көрудің мүмкіндігі туды. Бірақ электр сорғының күшімен жердің бетіне шыққан су бізге мөп-мөлдір болып көрінді. Есесіне, ақсақалдың: «Бұл судың құрамын арнайы тексерттік. Ішуге жарамайды деген қағаз бар», дегені күдігімізді жуып-шайып кеткендей әсер қалдырды...
Ал Еркіндік тұрғындарын толғантқан жол мәселесіне келсек, Ақадыр – Өспен – Жарық аралығындағы 86 шақырымдық автомобиль жолы облыстық маңызға ие екен.
– Қаржыландыру, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстары облыстық жолаушыларды тасымалдау және автомобиль жолдары басқармасы арқылы жүзеге асырылады. Жалпы, Ақадыр – Өспен – Жарық автомобиль жолын 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жөндеуден өткізу жоспарланған. Жол жөндеу жұмыстарының қыруар қаржыны талап етуіне байланысты 86 шақырымды бір мезетте жөндеуге мүмкіндік жоқ, – дейді аудан әкімі М.Мұхтаров.
Жалпы, 2021-2022 жылдары аудан аумағында облыстық маңызға ие 85 шақырым жолды жөндеуден өткізу жоспарға енгізіліпті. Оның ішінде Ақадыр – Өспен – Жарық автомобиль жолының 30 шақырымы 2021-2022 жылдар аралығында орташа жөндеуден өткізіліп, асфальт жабыны төселетін көрінеді. Ал аудан әкімінің мәліметіне сай, биыл Жарық кенті мен Еркіндік ауылы арасындағы 18 шақырым жолға мамыр айының басынан қосымша материал төгіліп, тегістеу жұмыстары жүргізіледі екен.
Еркіндік ауылының халқы көтерген мәселенің бірі – мал қорымының құрылысы. Ауыл тұрғыны Амангелді Мәскенұлы мал қорымы жақын жерде ашық-шашық жатқанын, онда санитарлық норма дегеннің атымен жоқ екенін айтады. Қорымдағы малдың өлексесі өртенбейді, тіпті көмілмейді екен. «Кейде ауыл иттері сондағы өлген малдың еті мен сүйек-саяғын үй жаққа әкеліп жейді. Ауру тарай ма деп зәреміз зәр түбіне кетеді», дейді ол.
Ал аудан әкімінің сөзіне сенсек, Өспен ауылдық округіндегі мал қорымын Өспен және Еркіндік елді мекендер арасындағы Утас деген жерге орналастыру жоспарланыпты. «Сараптама қорытындысы шыққан соң, құжаттар облыстық құрылыс басқармасына тапсырылады. Облыстық басқармаға тиісті қаржы бөлінген жағдайда, құрылыс жұмыстары жүргізіледі», дейді М.Мұхтаров.
Қалай дегенмен де, ауыл тұрғындарының билік өкілдеріне деген өкпесі қара қазандай. «Біз уәдеге тойып болған адамдармыз. Осының бәрін балаларымыздың болашағы үшін айтып жатырмыз. Ауылдағы ауыз су, жол мәселесі шешілмесе, жастар да бұл жерге тұрақтамайды», деп уайым жейді ауыл ақсақалдары.
Жоғарыда біз айтып өткен проблемалардан бөлек 450-ге жуық тұрғыны бар бұл ауылдың басқа да ұсақ-түйек мәселесі жетерлік екен. Мәселен, ауылдағы интернеттің күші әлсіз, байланыс нашар. Сондай-ақ Еркіндікте медициналық бекет бар екен де, медбике Өспеннен қатынап жұмыс істейтін көрінеді. Жастар қол боста немен айналысарын білмей дал болады дегенді айтады ауыл азаматтары. Өйтпегенде қайтсін: ауылда мәдениет үйі, спорт залы жоқ...
Еркіндіктің ақсақалдары ауылдың тарихи атауы Қаражартас екенін айтады. Бұған бұл топыраққа Қазақ радиосының сандуғашы атанған Сауық Жақанованың кіндік қаны тамғанын қосты. «Ауылымыздың атауын «Қаражартас» деп қалпына келтіру ойда бар. Мүмкін, сонан кейін жағдайымыз жақсаратын шығар...», дейді бұл күнде жоғарының жәрдемінен күдерін әбден үзген, ауыл өзін «Жебе» атап кеткен Жеңіс Қадыров ақсақал.
Еркіндік ауылының іргесінен «Жақсы Сарысу», деп аталатын өзен ағып өтеді екен. Кезінде арнасы толы болған бұл өзен бүгінде жылап ағатын жылғаға айналған. «Еркіндіктің ертеңі жарқын болғай, Сарысудың суы сарқылмаса екен», деген тілекпен біз де мекенімізге қайттық...
Қарағанды облысы,
Шет ауданы,
Еркіндік ауылы