Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Конституциялық реформа және қоғамдық бақылау аясында Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуы бойынша жүргізілген мониторинг қорытындысы» тақырыбы талқыланды.
Осы мақсатта құрылған «Ел намысы» арнайы мониторинг тобының төрағасы Рафаэль Гасанов және топ мүшелері атқарылған жұмыстарды жариялады. Қоғам белсенділері бірқатар келеңсіз жағдайды анықтағанымен, ресми органдардың оны шешуге құлықсыз екенін алға тартты.
Жиын барысында Р.Гасанов алты айда атқарылған жұмыстарға тоқталды. Алдымен ол қоғамдық бақылаудың маңыздылығын атап өтті. «Мемлекет басшысы Жолдауда мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектордың халық алдында ашық болуын қамтамасыз ететін қоғамдық бақылау қажет екенін айрықша атап өтті. Қ.Тоқаев қоғамдық бақылау туралы заң қабылдау қажет екенін айтқан еді. Бүгінде заң жобасы әзірленгенімен әлі нақты шешім қабылданған жоқ», деді Р.Гасанов. Сонымен қатар барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын атап өткен ол өңірлер мен кіші қалалар басшыларының халықпен байланысы бүгінде дұрыс жолға қойылып келе жатқанын, алайда шалғай ауыл-аймақ әкімдерінің әлі де кабинеттен шықпай жұмыс істеу әдісін ұстанып отырғанын жеткізді.
Мониторинг тобының мүшесі Дидар Смағұлов болса «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мемлекеттік тапсырыстардың орындалуын бақылайтынын айтты. Мәселен, бірлестік мемлекеттік қызметшілердің жеке кәсіпкерлік ашып, мемлекеттік тапсырыс бойынша белгілі қызмет көрсетуге қаржы алып отырғанын анықтаған. «Әділдік жолы» мектеп құрылысына бөлінген қаржының қолды болғанын анықтады. Соның салдарынан жоспарланған білім ордасы салынбаған немесе сапасыз бой көтерген. Мұндай жағдайлар еліміздің көптеген облысында болған. Сондай-ақ мұғалімдерден заңсыз ақша талап еткен бірқатар мектеп директорының заңсыз іс-әрекеттері әшкереленді. Бүгінде қоғамдық бақылаудың ұйытқы болуымен заңға қайшы әрекеттерге қарсы 12 қылмыстық іс қозғалды», деп мәлімдеді ол.
«Ел Президенті мемлекеттік басқару жүйесіндегі қоғамдық рөлдің ерекше рөлін айқындап берді. Сонымен қатар біз өзіміздің қаржылық тәуелсіздігімізді сақтап қалдық – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды немесе гранттарды тағайындауларға қатыспай, қаражатты жеке ұйымдардан алып отырғанымыз бізге барынша объективті болуға мүмкіндік береді. Кез келген бағыт бойынша серіктестер таңдауға мүмкіндігіміз бар. Президент Жолдауында қоғамдық ұйымдардың елдің тұрақты және жан-жақты ілгерілеуінің маңызды факторы екенін атап өтті, сондай-ақ реформаларды дайындау мен іске асыруға қоғамдық ұйымдар мен белсенділерді жан-жақты жұмылдыруды тапсырды. «Ел намысы» арнайы мониторинг тобының құрылғаны, жұмыс істеуі Президенттің тікелей тапсырмасы деуге болады. Мұндай топтардың көп болуы және белсенділігі Президенттің тапсырмаларын орындаудың белгісі», деді Д.Смағұлов.
Мониторинг тобының тағы бір мүшесі Әсет Әссанди Шымкент қаласы мен Түркістан облысының мемлекеттік органдары мен квазимемлекеттік сектордың қызметіне бақылау жүргізуге қатысады. Бұл өңірлердегі қоғамдық бақылау тобында 60 адам бар. Оның айтуынша Мемлекет басшысының бюрократиядан арылу қажет деген тапсырмасы өңірлерде әлі де жүзеге асырыла қоймаған. «Жергілікті бюрократия алдында біз әлсізбіз» деді ол.
Қазіргі таңда ел бойынша қоғамдық бақылау тобының құрамында мыңға жуық ерікті бар. Олар әр салада мемлекеттік органдардың қоғам алдында ашық болуын қамтамасыз етуге ықпалын тигізіп келеді. «Әрине, бізді барлық әкімдер құшақ жая қарсы алып жатқан жоқ, қиындықтарға қарамастан жұмысымызды жалғастырамыз», дейді қоғамдық бақылау мүшелері.