• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кино 16 Мамыр, 2022

«Қасым хан» көрерменін қуанта ала ма?

821 рет
көрсетілді

Көрерменнің көптен күт­кен тілегі орындалып, ақ түйенің қарны жарылды. Күні кеше Қасым хан туралы түсірілген режиссер Ақан Сатаевтың «Ұлы дала таңы» фильмі қалың қауымға жол тартты. Та­рихта «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен қал­ған ұлы ханның ұлт мұ­раты жолындағы игі істерін ұлықтаған айтулы туынды ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына арналыпты.

Фильм мен көрермен арасындағы қауышу жолы ұзақ болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын алғашқы түсірілім жұмыстары басталды деп сүйіншілегенімен, өнерден өз пайдасын көксегендердің кесірінен Қасым ханның «бағы байланып», жұлдызды сәтінің сәл кешігіп туғаны рас. Әу баста көп сериялы тарихи хикая етіп түсірілуі жоспарланғанымен, іс жүзіне келгенде таудай жобаның соңы тарыдай болып тарылып тынған сөйтіп.

 Әйтсе де «игіліктің ерте-кеші жоқ» демей ме қазақ. Талай режиссер мен сценарист үмітті болып, армандаған фильмнің түсірілім жауапкершілігі бұған дейін де «Жаужүрек мың бала», «Томирис» сынды ауқымды тарихи жобаларды түсіруде табысқа жеткен суреткер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Сатаевқа жүктеліпті. Бастапқы бағытты түбегейлі өзгеріп, бәрін басынан бастаған режиссер көп сериялы туынды туғызу жоспарынан бас тартып, Қасым хан туралы бар оқиғаны жалқы бөлімді жалғыз фильмге сыйғызуды жөн санапты. Соның салдарынан да жарыққа шығуы өткен жылдың желтоқсанына ойластырылған фильм біраз кешігіңкіреп барып көрерменімен қауышып отыр. Режиссер атап өткендей, «Ұлы дала таңының» жалпы ізденіс пен түсірілім жұмыстарына бір жарым жылдай уақыт кетсе, кино алаңындағы нақты түсірілімге екі айдан аса уақыт жұмсалыпты. Нарынқол, Қапшағай мен «Қазақфильм» павильондарын негізгі локация еткен фильмді жарыққа шығаруға жалпы саны 2 500-ге жуық адам талмай тер төккен екен. Басты рөлде Берік Айтжанов, Данияр Оразаев, Ерік Жолжақсынов, Айдос Әбдіқадыров, Нұрлан Әлімжанов, Алтынай Нөгербек, Шәмшагүл Меңдиярова, Тұңғышбай Жаманқұлов, Қуаныш Құдайберген бастаған актерлер тобы өнер көрсетеді.

Қашан да әріптестерінің ортасында бюджеті бай режиссер ретінде назар аудартатын Ақан Сатаев бұл жолы жолшыбай қолды болып, нақты түсірілімге дейін түбі көрініп қалған қаржының өзінен қомақты көркем фильм тудыруға тәуекел етіп, соған бар жігерін жұмылдырыпты. Сонымен фильм премьерасына бардық, көрдік. Ал көп болып тілеуін тілеген кинодан біз күткендей көркемдік көре алдық па? Ол – басқа мәселе.

Сәтті туындының тірегі – мықты сцена­рий десек, өнердің сол басымдығы бә­сең соққандығы фильм басталған сәттегі алғаш­қы минуттардан-ақ салқынын сездіріп үл­гер­ді. Киноның басталуының өзі жаттан­ды, бірсыдырғы. Жарқ етіп бірден назар аударт­қызып, өзімен бірге фильм ішіне жетелеп әкетер ұтқыр кадрлар мен ерекше эффектілер сиқырын байқай алмадық. Әдеттегідей әлем. Бұған дейін түсірілген тарихи фильмдер желісінен көп ерекшелене қоймайды. Үйреншікті сол түсіндірме мәтіндер, сол баяндаушы ақсақал, сол шайқас, сол драмалық күй. Барлығы-барлығы бұған дейін айтылып, көрсетіліп кеткен көрініс пен суреттеулерді айна-қатесіз қайталайтындай әсер қалдырады. Тек фильмге арқау болған тұлғаға, тамырлы тарихыңа деген құрмет қана іштей тежеп, туындының соңына дейін аялдатады. Әйтпесе, асқан кемеңгерлігі мен көзсіз батырлығының арқасында өз дәуірінде шын мәнінде ұлы дала таңын атыра білген хан Қасымның өмірі мен ерлік істерінің өнегесі үлкен өнерге, құбылыс көзқарастарға сұранып тұрғаны ақиқат. Өкінішке қарай, ондай оқшау ойлар мен батыл суреткерлік көзқарастар туындыда тым сараң. Бір сөзбен айтқанда, фильмде таптаурын сюжет, көзге оғаш көрініс көп. Және ең басты кемшілік – кинода актерлік ансамбль жоқ. Режиссер барынша жаңа есімдерді, жаңа актерлерді алып шығып, жұлдызын жарқыратуға ұмтылыпты. Құптарлық қадам. Бірақ өкінішке қарай, көпшілігі ол үмітті ақтамаған. Актерлердің көзінде от, әрекетінде креатив, тұлғасында сұс жоқ. Тарихи кинолардағы бұрыннан келе жатқан сол таптаурын бәз-баяғысынша бұл фильмде де қайталанды. Образдар да шолтаң-шолтаң, бейнелер линиясы да толық ашылмаған. Алтынбике рөлі де, Жаған-бегім ханым мен Айша бейнесі де бедерлі бояуға, айшықты драмаға сұранып тұр. Әсіресе Қасым сұлтан мен Алтынбике арасындағы қарым-қатынас, бір-бірін шексіз сүйген көңілдердің дірілшіл сезімдері, мәңгілікке айырылысар сәттегі қоштасу, дәрменсіздікке бой алдырып, мәңгілік қосылмауды тағдыр, ел бірлігі мен мұраты жолындағы ең дұрыс жол деп қабылдар тұсындағы шарасыз, сыртқа шықпай іштен тынған қиналыс пен өкініш – мұның бірі де өз деңгейінде ашылмаған, сондықтан да жүрекке жетпейді. Сол секілді бас кейіпкер Қасым ханның да қайраткерлігі мен даналығы көп деректі бір фильмге сыйдыру үстінде көлегейленіп қалған. Соғыс сахналары мен тұлғалар арасындағы текетірестердің, билер мен қарапайым халықтың мінезін мүсіндеуде де бір қайнауы ішінде кеткен әттеген-айлар көп.

«Ұлы дала таңы» – тарихи кино түсірудегі алғашқы тәжірибе емес. Демек мұндай кемшіліктерді ақтап алу да орынсыз. Осындайда «қазақтың ұлттық, тарихи фильмдері тек қазақша костюм киіп, ұлттық тұлғалар мен батыр, хандардың бір-бірінен аумайтын таптау­рын, жаттанды, портрет бейнелерінен қашан арылар екен?» деген үлкен сауал орнайды көкейде. Басқалардан бәсі биік Қасым ханның да осы деңгейден аса алмағаны, көптің асыға күткеніне сай жаңалық тудыруда тежелгені қандай өкінішті.

Рас, ауқымды тұлғаның тарихи төңкеріс­те­ріне екі сағаттан сәл асатын хронометр аздық еткен де болар. Көп факті мен де­рек­ті бір фильмнің өн бойына сыйғыза алма­­ған сценарлық топ сөйтіп суреткерлік тұрғы­дан тығырыққа тірелген, сюжет құруда солғын­дыққа, шашыраңқылыққа ұрынған болар деп те ақтауға тырыстық мұны. Бірақ үнемі ақтап алу түйткілді шешудің жолы емес. Тарихи туындыларға баяндаудан арылып, шытырман шиеленіс пен ішкі-сыртқы қуаты мықты қайшылыққа басымдық берілген нағыз өнер деңгейіндегі көркем де батыл қадамдар жасайтын уақыт әлдеқашан жеткен. Тарихи фильмдерді түсіру тобының маңайына сол жолда жанын салып ізденетін шын шығармашыл, жаңашыл мамандар топтасса, қанеки?! Бүгінгі қазақ киносы соған зәру. Ойымызды біздің пікірмен де дөп түскен киносыншы әрі журналист Ләзиза Керімқұлқызының сөзімен түйіндесек, біз куә болған «Ұлы дала таңында» кейіпкер көп, бірақ көңілде қалары жоқ. Шайқас көп, бірақ жүректі тілері жоқ. Сөз көп, бірақ есте қалары жоқ. Көрініс көп, бірақ сюжет жоқ. Ұрыс көп, бірақ шиеленіс жоқ. Демек бұл Қасым ханның кино тіліндегі тағдырының қалай шешілеріне көзі қарақты көрермен мен уақыт өзі сарапшы.