Таудың түу түкпіріндегі маралдылықтардан маза кеткелі қашан?! Тастың асылын іздегендер ауылдың айналасын астан-кестең етуде. Табанының асты алтын болғанымен, Маралдының маңдайы шылқиын деп тұрған жоқ.
«Асын ішіп, аяғын теуіп кетті» дегендей, алтын іздеген компаниялар керегін алып, гектар-гектар жерді қопарып кете берген. Шерхан Мұртазаның «алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырмыз» дегені дәл осы Маралды ауылының тұрғындарына қарата айтылғандай...
Өткен аптада ауыл азаматтарының шақыруымен Күршімнен 100 шақырым жердегі Маралдыға ат шалдырғанбыз. Шақырғанда да нендей мәселе екенін ауыл азаматтары нақты айтқан. Қысқасы, қазба жұмыстары жүріп жатқан жерге жөнеліп бара жатқан он шақты ауыр жүк көлігін ауылдың кіреберісінде наразылық білдірген халық қаңтартып қойыпты. Жүк көлігі деп отырғанымыз, карьерлерде жүретін кәдімгі «Белаздар».
Сонымен қатар олар Маралдының желке тұсындағы фабрика құрылысына да қарсылық танытып отыр.
Жүйткігеннен жүйткіп, Маралдыға түс ауа іліндік. Ауылдың кіреберісінде қаздай тізіліп, таудай-таудай көліктер тұр. Сайлыбай учаскесінің тұсындағы күре жолды езіп кеткен де осылар. Қойтас ауылындағы апаттық жағдайдағы көпірден қалай өте шыққаны түсініксіз. Білуімізше, мұндай көліктерге жалпыға ортақ жолмен жүруге рұқсат жоқ.
БАҚ өкілдерінің келе жатқанынан хабардар болып отырған Маралдының жұрты клубтың алдына жиналыпты. Ауыл деп алаңдаған азаматтар әңгіменің әлқиссасын «компаниялар елді мекеннің төңірегінен алтын қазуды тоқтатсын!» деп бастады. Оны тоқтатуға жергілікті биліктің қауқарсыз екенін де бүкпесіз жеткізді. Үміті Үкіметте де емес, тек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевта. Маралдыға Мемлекет басшысы назарын аудармай, мәселе шешілмейді десті.
– Маралдыда туып-өстім. Ауылымыз шыбық шаншысаң, тал шығатын, гүлін тартсаң, бал шығатын жер еді. Енді келіп, байлыққа құныққандар ойранын шығарып жатыр. Ауылдан бір жарым шақырым жерге фабрика салмақшы. Сөйтіп, жылына 250 мың тонна топырақтан алтын өндірмек. Өткен жиналыста солай деді. Ойлап көріңіз, фабрика іске қосылса, тау ішіндегі ауылымыз шаң жұтады. Осы уақытқа дейін малмен жан бағып отырған елдің шабындығын, жайылымын құртты. Бізді тыңдап тұрған ешкім жоқ. Айтпақшы, КСРО кезінде де алтын қазып, ауру көбейе бастаған соң жауып тастаған. Ал мыналар ашық қазып жатыр, – дейді ашына сөйлеген ауыл тұрғыны Нұрбол Бексұлтан.
Ауру дегендей, ауылда кембағал балалар аз емес секілді. Ал обыр дертіне Маралды округі бойынша бес адам шалдыққан. Оның екеуі Қыстау-Күршімде, екеуі Үшбұлақта, біреуі Маралдыда тұрады. Ауыл адамдары алтын қазу тоқтамаса, ауру көбейе түседі деп тағы алаңдайды.
– Үреймен өмір сүріп жатырмыз. Егер цианид пен калий арқылы алтын жуса, химиялық заттар өзенге түседі. Өзен Ертіске құяды... Баяғыда Кеңес өкіметі кезінде алтынды үңгіп қазған. Соның өзінде тұрғындар арасында қатерлі ісік көбейген. Енді міне, қайта басталды. Ауыр көліктер әне, ауылға ентелеп тұр. Олар бүлдірген жолды ешкім қайта жөндемейді, – деп ауылға қауіп төніп тұрғанын жеткізді тарих пәнінің мұғалімі Қайни Қабылқайырова.
Ауылдықтардың мұншалықты қарсылық білдіргендерінің себебі, фабрика ауылдың дәл іргесіндегі жотаға салынбақ екен. Мың рет естігенше, бір көрейік деп, тауға да көтерілдік. Қайран табиғат! Асты-үстіне түсіп жатыр. Бей-берекет қаза берген. Фабрика орнына дейін электр бағаналарын тартып қойыпты. Алайда жұмыс істеп жатқан тірі пенде байқамадық. Бел-белесті асып, құрып кеткен Алтай ауылына дейін бардық. Бұл жақты да алтын іздегендер жабайы қабандай қопарыпты. Қопарған жерлерін қайта қалпына келтірмеген, сол күйі жатыр. Шұңқырларға елдің малы түсіп кеткен кездер де болған екен. Малды қойып, ертеректе атты бала құлап, мерт болыпты.
– Бұрын алтынды шахта әдісі арқылы алатын. Сол уақытта менің 3-сынып оқитын інім атпен келе жатып, алтын алған орынға түсіп кетіп қайтыс болған. Қазірдің өзінде ондай қауіп бар. Алтын қазушылар алғаш келгенде жол жөндеп береміз деп уәдені үйіп-төкті. Оны қойып, қазған жерлерін қайта қалпына келтірген жоқ. Қалай қазды, солай қалды. Үмітіміз – Президентте, – дейді ауыл азаматы Ерлан Қаспақов.
Алтын қазушылардың қарқынды жұмысына қарасақ, ауылдықтардың қарсылығына бола бүгін-ертең тоқтата қоймайтын секілді. Оның үстіне аудан әкімі есеп беру жиналысында фабриканың қалай да бой көтеретінін айтыпты.
– Аудан әкімі «Фабрика бәрібір салынады. Алтын – үкіметтікі, жер – үкіметтікі, сендер қайда барасыңдар. Босқа шулап жүрсіңдер» деп кеткен. Біз болсақ, бірауыздан қарсылық білдіріп отырмыз. Яғни ауылдың босағасында тұрған «Белаздардың» кіруіне, фабрика құрылысының жалғасуына, жалпы, алтынның қазылуына қарсымыз, – деді қайта суырыла шығып, пікір білдірген Нұрбол Бексұлтан.
Шынтуайтына келгенде, халық алаңдаса, алаңдайтындай екен. 125 үйлі Маралдыда 11 жылдық мектеп бар. Ауылдың әл-ауқаты жаман емес сияқты. Халқының негізгі шаруашылығы – мал, ара. Иә, мұндағы асыл тұқымды ара облыстың басқа аудандарында жоқ. Сондықтан да Маралдының балы ерекше. Өкініштісі сол, әсемсал өңірдің мұншалықты күйге түскеніне қарап, жаның ашиды. Қолдан келер қайран бар ма?! Әйтеуір, Маралдыда болып жатқан жағдайды Күршім ауданының басшысы Дулат Қажановқа жеткізбек ниетте әкімдікке бұрылғанбыз. (Жергілікті жерде шешілетін мәселе емес секілді...). Аудан әкімі орнында жоқ екен. Орынбасары Ерлан Шораяқов тартыншақтай келіп, пікір білдірді.
– Фабрика құрылысы әлі жүріп жатқан жоқ. Компания құжаттарын жинастыруда. Бұл аудан үшін тиімді. Жұмыс орны ашылады, аудан бюджетіне қаржы құйылады. Ал жолдарды бұзып кеткені рас. Ол бойынша құзырлы органдар қандай жұмыстар істеліп жатқанын ауылға барып, халыққа түсіндірді. Ауылға кіреберісте техникаларды тоқтатты. Полиция, прокуратура қызметкерлері көлік инспекциясына хат жазды. Жолды қайта қалпына келтіру үшін құқық бұзушылар айыппұл төлейді, – деді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Шораяқов.
Өз тарапымыздан фабрика құрылысын жүргізетін «ВСАМ продакшн» ЖШС өкілдеріне де хабарластық. Олар қандай да пікір білдіруден бас тартты. «Тұрғындар тарапынан келіспеушіліктері болса, сотқа берсін. Жауап береміз» деп қысқа қайырды. Ал алтын қазушы «Maralikha» тау-кен компаниясы» ЖШС басшылығымен тілдесу мүмкін болмады. Былтыр басшысы Әнуар Рахимов «Компаниямыз Маралды ауылында тіркелгендіктен, жол салу, дәрі-дәрмек, отын-көмір жеткізу бойынша көмектесіп отырамыз. Салықты уақтылы төлейміз» деген-тұғын. Салықты төлесе, төлеп отырған шығар. Бірақ халықты отын-көмірмен қамтығаны туралы тұрғындар бізге айтпады. Салынған жол да көзге түспеді. Керісінше, күре жолды бүлдірген. Экологияға тигізіп отырған кесірі де аз еместей көрінді. Бірақ облыстық экология департаменті басшылығы берген мәліметке сенсек, фабриканың қоршаған ортаға бәлендей зияны болмайды екен.
– Қоғамдық тыңдау өтті. Соған сәйкес тотыққан кеннен алтын алу үшін Маралды маңында жылына 250 мың тонна кен өндіретін фабрика салынады. Оны пайдалану мерзімі – 7 жыл. Фабрика құрылысына арналған учаске Маралды ауылынан солтүстік-батыс бағыттағы 2,8 км жерде орналасқан. Өзеннен қашықта орналасқан. Жер бедері де ескерілді, – деп мәлімет берді облыстық экология департаментінің бастығы Данияр Әлиев.
Алтынды фабрикада қоршаған ортаға зиянын тигізбей шаю жүйесін де түсіндірді. Ұққанымыздай, кенді арнайы алаңдарда үгітіп, алтынды жабық колонналарда шайып алады. Сыртқа ешқандай зиянды қалдықтар шықпайды. Алаңның периметрінде ені 4 метр, биіктігі 3,4 метрге дейін жергілікті топырақтан бөгет салынады. Тығыздалған платформаға, сондай-ақ сыртқы бөгеттердің бетіне қалыңдығы 0,6 метр саз қабаты төселеді. Сазға қалыңдығы 1,5 мм бір қабат пленка салынады. Ол геомембрана тұрақтандырушы қоспалары бар жоғары сапалы полиэтиленнен дайындалады. Бұл жабын – 70 градус аязға дейін шыдайды, жыртылуға, соққыға, тозуға, ультракүлгінге, қышқылға төзімді деседі. Бұдан соң пленкаға қалыңдығы 0,3 м құмның қорғаныш қабаты төселеді. Қорғаныш қабатына перфорацияланған құбырлар жүйесі тартылады. Бұл ерітінділерді жинауды және оларды коллектор арқылы зауытқа тасымалдауды қамтамасыз етеді. Алтынды шаю технологиясында айналмалы сумен жабдықтау қарастырылған. Айналып келгенде, экологтердің айтуынша, зауыт салу жұмыстары су бетіне әсер етпейді. Технологиялық процесте суды бірнеше рет пайдалануға мүмкіндік беретін және қоршаған ортаға сарқынды сулар мен технологиялық ерітінділердің ағызылуын болдырмайтын су ресурстарын пайдалану жөніндегі тұйық цикл (айналымдық сумен жабдықтау) көзделген. Жұмыс және өнімділік ерітінділерінің ағуын бақылау және жерасты суларының ластануын болдырмау үшін мониторингтік ұңғымалар желісі ұйымдастырылатын болады. Алтын шығару фабрикасын пайдаланудың соңғы жылында, яғни 2029 жылы залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.
Жобаға сәйкес учаскедегі құрылыс-құрастыру жұмыстарын 2022 жылдың тамыз-қараша аралығындағы 4 ай бойы жүргізу жоспарланып отыр. Фабрика 2022 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілмек.
Экологиялық реттеу және бақылау комитеті 2022 жылдың 18 сәуірінде «Белгіленген қызметтің әсерін бағалау есебін» қарап, №KZ53VVX00105271 мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын беріпті. Келесі кезеңде экологиялық рұқсат беруге өтінім материалдары бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізіледі.
Міне, жан-жақтың пікірін тыңдадық. Қалай болғанда да, құзырлы органдар, құқық қорғау органдары бұл мәселені жіті назарда ұстауға тиіс. Неге дегенде, әлімсақтан «алтынның буы» деген түсінік бар. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген мақалды және естен шығармауымыз керек. Айтпағымыз, жылтыр тасқа қызығып, көркем табиғатымызды құртып алмайық. Ал ауылдағы ағайынның пікірімен міндетті түрде санасқан жөн.
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы,
Маралды ауылы