• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 17 Мамыр, 2022

Театр музейінің тамаша табыстары

370 рет
көрсетілді

Жыл сайын 18 мамырда Халықаралық музей күні атап өтіледі. Әлем масштабында тойланатын тамаша іс-шараны мерекелеуге бас қаламыздың ірі өнер ошағы – «Астана Опера» театры да қызу дайындық жүргізіп жатыр. Музей мейрамы қарсаңында театр жәдігер­лерін сақтайтын ордалы отаумен арнайы танысып қайттық.

Әңгімеміздің әлқиссасында жалпы Музей күнінің пайда болу тарихына тоқталатын болсақ, атаулы мейрам 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің (International Council of Museums, ICOM) кезекті отырысында ұсынылып, бірауыздан қолдау тапқан болатын. Жарты ғасырдан бері тойланып келе жатқан жәдігердер жәрмеңкесіне еліміздің түкпір-түкпіріндегі музейлердің барлығы дерлік белсенді атсалысып келеді. Атаулы іс-шарадан елор­дамыздағы театр музейлері де қалыс қалып көрген емес. Соның бірі – «Астана Опера» театрының тарихқа бай тамаша қазыналы қоры.

2013 жылы Қазақстанның ең­бек сіңірген мәдениет қызметкері, Expo&Women халықаралық ұйы­мы­ Президиумының мүшесі Априза Құ­сайынованың қажырлы еңбегі мен ізденісінің арқасында ашылған театр музейінде бүгінде музыкалық мәдениет кемеңгерлері, сондай-ақ опера және балет өнерінің тарихы жайлы естеліктерді сақтайтын ауқымды жәдігерлер қоры бар. Музей қазынасы жылдан-жылға жаңа жәдігерлермен толығып, мұнда ай сайын жарқын, есте қаларлық маз­мұнды көрмелердің де жүйелі түрде өткізіліп келе жатқанына куәміз.

Театр музейінде еліміздің сахна өнері қайраткерлерінің жеке заттары мен материалдары, музыкалық аспаптары мен сахналық костюмдері, ескі фотосуреттері мен портреттері жинақталған. Әсіресе, музей үшін бағалы қазына һәм теңдессіз олжа – Байсейітовтер отбасына тиесілі пиа­нино. Аңыз әртістер меншігіндегі құнды жәдігер осыдан бірнеше жыл бұрын «Астана Опера» музей қо­рына ұрпақтарының қолдауымен тарту етіліп, Алматыдан бас қалаға «Мәңгілік ел» пойызымен арнайы жеткізілген болатын.

Сондай-ақ музей қорының та­ғы бір тамаша табысы – Күләш Бай­­се­йітова атындағы Камералық зал галереясынан қазақстандық әртіс­тердің шығармашылық және тұр­мыстық заттарын, олардың өмір­лері ту­ралы мазмұнды очерктерді, тари­­хи құндылыққа ие театрлық кос­тюм­дерін де көруге болады. Бар­лық жә­дігерлерде өткен кезеңдердің қай­таланбас әрі бай мәдениеттің энергетикасы сақталған. Демек, кө­ру­­­шісіне сыйлар рухани әсері де ерек­ше.

Қазір де театрда көптеген тама­ша көрме жүйелі түрде өткізіліп ке­леді. «Астана Операның» музей ісін жалғастырушы, білікті маман Ирина Кусенова «мәрмәр ертегісі» аталып кеткен театр фойесіне ай сайын 5-ке жуық түрлі экспозициялар көрік беретінін зор мақтанышпен әңгімелеп берді.

– Біз театр музейін насихаттау, оған жас ұрпақтың қызығушылы­ғын арттыру мақсатында көп жұмыс істейміз. Сондықтан жаңа әрі ерекше жобаларды жүзеге асыруға тыры­самыз. Мәселен, спектакльге келген көрермендер қойылым алдында дәл сол операға немесе ба­летке орайластырылған және сол кеш­те көрсетілетін көрмемен та­ны­сады. Экспозиция заттары әлем­ге әйгілі қоюшы суретшілер – Франка Скуарчапино, Софья Тасмағамбетова, Павел Драгунов, Манана Гуниа жасаған театрлық костюмдер, реквизитпен қатар, орын­даушылардың партиялары жа­зылған жинақтары, портреттері мен фотоматериалдардан тұрады. Қойылым алдында көпшілік назарына ұсынылған мұндай дүниелер театрға келушілердің спектакльден алған эмоционалдық әсерін танымдық тұрғыда одан әрі арттыра түсетіні анық, деді Ирина Кусенова.

Сондай-ақ музей қызметкері қазір спектакль алдында әйгілі су­рет­шілердің арт-көрмелерін өткі­зу­дің жаңа, танымал үрдісінің қалып­тасқанын да атап өтті. Осылайша, көпшілік бір жерде қатарынан бір­неше іс-шараға қатысады. Ең бас­тысы, білім алып, өзі үшін кескінде­мешілердің жаңа есімдерін ашады.

– Біздің галереямыз соңғы жылдары суретшілердің, атап айтсақ Венециядағы Биеннале қатысушысы Наира Туманянның, «Экспо-2017» және Дубайда өткен «Экспо-2022» көрмелерінде Қазақстанды та­ныс­тырған суретші Арыстан Сма­ғұлов­тың, дарынды суретші Әділ­бек Шайкамаловтың картиналары­мен толықты. Италиялық ерікті Ро­берто Болтри бізге Орталық Азия­да тұратын италиялық туралы кі­тап тарту етті. Болтридің біздің театр­ға деген ықыласы жетекші со­ли­сіміз Медет Шотабаев өнерін та­ма­шалағаннан кейін тіпті арта түсті. Сонымен қатар қазақстандық ерікті Маргарита Верещагина да үнемі қолдау көрсетеді. Ол музей архивін құруға үлкен үлес қосты. Біз де өз тарапымыздан жас, дарынды суретшілерге қолдау білдіреміз. Мәселен, «Ғажап адамдар» теле­жоба­сының финалисі, Ресей, Италия, Армения және басқа да елдерде өт­кен халықаралық байқаулардың бір­неше мәрте жүлдегері Ренат Елу­баевтың көрмесін өткіздік, деп мәліметке толы мазмұнды әңгі­ме­сін жалғаған музей маманы Ири­на астаналық бас театрдың Қазақ­станның басқа қалаларында да көр­мелер ұйымдастырып, сол арқылы өзге өңірлердегі жұртшылықтың әлемде жоғары бағаланған және шетелдік әріптестер театр әкімші­лігінен үнемі сұрататын танымал елордалық қойылымдардың декорация элементтері, костюмдері, рекви­зитімен танысуына жола ашатын жарқын жобаларды жүзеге асыру жоспарымен де бөлісті.

Театрда жүзеге асқан тағы бір табысты жоба – балалар шығарма­ларына арналған көрмелер. Маман әңгімесінен білгеніміз – «Астана Опера» ең жас аудиторияны да айна­лып өтпепті: – Қазіргі таңда Қазақ­станда өтіп жатқан «Балалар жылы» аясында «Астана Операның» «сахна сыртындағы сиқыршылары» екін­ші үлкен экспозициясын дайын­дау­дамыз. Көрменің қолдан жасалған бұйымдары мен суреттері біздің театр қолөнер студиясында оқитын балалардың авторлығына тиесілі. Кішкентай шеберлер тәжірибелі ма­ман­дардың, соның ішінде Назым Жай­лаубаеваның жетекшілігімен алғашқы шығармашылық қадам­да­рын жасауда, деді Ирина Кусенова.

Музей театры қызметкерінің жұ­мыс күні көбінесе ағымдағы ре­пер­туарға, сондай-ақ мәде­ниет қай­раткерлерінің шығар­машы­лы­ғын­­дағы атаулы даталарға байланысты. Театр қабырғасында жүзеге асқан сондай жарқын жобалар­дың негізгісі – Ғазиза Жұбанованың 95 жылдығына, Күләш Байсейітова­ның 110 жылдығына орай «Астана Опера» әзірлеген қызықты экспозициялар топтамасы. Ұлы тұлғалар ұрпақтарының музей қорына ар­найы тапсырған жәдігерлері негізінде ұйымдастырлған көрмелердің театр көрермендеріне берер танымдық мәні зор. Мәселен, Күләш Байсейітова­ның қызы Қарлығаш Байсейітова атақты анасының сирек фотоматериалдарын театр музейінің қорына өткізсе, Ғазиза Жұбанованың да тарихи жәдігерлері алдағы уақытта көрер­менін қуантады деп күтілуде.

Сонымен қатар театр фойесінде өткен есте қаларлық көрмелердің бірі – жуырда өмірден озған италия­лық көр­некті сценограф Эцио Фрид­жериоға арналыпты. Есімін әлем мо­йын­даған аңыз адам «Астана Опе­ра» үшін ондаған қайталан­бас спек­такль жасап кетті. Көрме­ге оның де­корация сызбалары, сон­дай-ақ театр архивінен суреттер және ­Ла Скала театрының италиялық шебер­­ге арналған кітаптары қойылды. Мұн­дай ауқымды жобалар алдағы уақыт­та да мазмұнын байытып, же­місті жалғасын таба беретіні сөзсіз. Себебі музей – тарих. Өткен мен бүгіннің өнер кеңістігін жалғаушы алтын көпір үзілмей, болашақта да қанатын кеңге жайып, жандана берсе – бұл қазақ өнері үшін үлкен олжа, бағаға баланбайтын байлық екені даусыз.