• RUB:
    4.82
  • USD:
    439.43
  • EUR:
    473.31
Басты сайтқа өту
Экология 18 Мамыр, 2022

Аң патшасы көбейді

409 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасындағы хайуанаттар бағында аң патшасы арыстанның екі күшігі дүниеге келді. Абдандардың екеуі де еркек екен. Бүгінгі күнде туғанына бір ай болған олардың әрқайсысының салмағы жеті килоға жеткен.

Хайуанаттар бағының директоры Гүлнәр Адамбекова егіз күшіктердің әкесі бұрын циркте өнер көрсеткен «Роман» деп аталатын арыстан көрінеді. Ал енесі бұрын Алматыдан әкелінген «Майя» атты қаншыр екен.

Күшіктердің екеуі де еркек болған соң, оның біреуі ұрғашысына айырбасталуы мүмкін. Қазіргі уақытта еліміздегі басқа да хайуанаттар бақтарымен осы мәселе бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді.

Гүлнәр Адамбекова биыл хайуанаттар бағында төлдің күрт көбейгенін айтады. Мысалы, қыстан бері мұнда 30-ға жуық аң төлі дүниеге келіпті. Олардың арасында бөлтіріктер, лақтар, бота да бар екен.

Одан бөлек, биыл сегіз жылдан бері көбеймеген аюлардың жұбы өмірге үш бірдей қонжықты әкеліпті.

Мамандар мұндай жағымды жаңалықты хайуанаттар бағындағы оң өзгерістердің жемісі екенін айтады. Мысалы, мұнда вольерлер кеңейтілген, аңдарға берілетін тамақ та жақсара түскен. Сосын, аңдардың жұптарын таңдау жұмыстары да дұрыс жолға қойылған көрінеді.

 

ҚАРАҒАНДЫ