• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 19 Мамыр, 2022

Алуа алтын үшін айқасады

198 рет
көрсетілді

Кеше Түркияда әйелдер арасында өтіп жатқан әлем чемпиона­ты­­ның чем­пион­дық ата­ғына та­ла­са­тын бокс­шы­лар то­лық­­тай анық­талды. Жарты­лай фи­нал­дық са­йыс­тың күн­діз­гі бағ­дар­­ла­масында төрт спорт­шы­мыз шар­шы алаң­ға шы­­ғып, солар­дың біреуі ғана өз жекпе-жегін жеңіспен аяқтады. Ол – Алуа Бал­қы­бекова. Ал осы межеде сүрінген Жайна Шекербекова, Карина Ибра­гимова және Валентина Хальзова қола медальды қанағат тұтты.

Аса жеңіл салмақтағы Азия чемпионы Алуа Балқыбекова 2018 жылғы Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері, болгариялық Севда Асе­новамен күш сынасты. 37 жас­тағы ардагер боксшы жалынды жастың қарқынына шыдай алмады. Бәсеке басталған бетте тізгінді мықтап қолына алған Балқыбекова ауыр соқ­­қыларын көптеп дарытты. Бі­рінші раундтың соңғы ми­нутында Аксенованы қатты ұрып, қабыр­ғасын қайыстырып жі­берді. Нокаут! Фи­налда Алуа түр­кия­лық Айсе Чагирырмен қол­ғап түйіс­тіреді.

52 кило салмақтағы Жайна Шекер­бекова Джутамас Джитпонг­пен кездесті. Әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Азия чемпионы және Азия ойындарының қола жүлдегері деген атағы бар сақа спорт­­­шымыз қанша талпын­ғанымен, өзінен сегіз жас кіші таиланд­тық былғары қолғап шебе­рінен айласын асыра алмады. Джитпонг өзінің бойы мен қолының ұзындығын ұтымды пайдаланып, алғашқы екі раундты өз пайдасына шешті. Шешуші кезеңде біздің бокс­шы басым көрінгенімен, жеңіс Тай елі өкілінің уысында кетті.

57 кило салмақтағы Карина Ибра­ги­мова өте азулы боксшымен жұ­ды­рықтасты. Тайпейлік Лин Ю-Тин Олим­пиададан басқа жарыс­тардың бар­лығында жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтсақ, 2017-2019 жылдары ол әлем және Азия чемпионы, Азия ойын­дары мен әлем біріншілігінің қола жүл­дегері атанды. Карина атағы алысқа жайылған қарсыласымен аянбай ай­қасты. Бірақ мықтының аты мықты ғой. Қарымта шабуылға жүгінген Лин көздеген мақсатына қол жеткізді.

70 кило салмақтағы Валентина Хальзова Мозамбик өкілі Алсинда Хелена Пангуанмен кездесуді қар­қынды бастады. Бірінші раундта төрт төреші жерлесіміз жеңді деп есептеді. Үзілістен кейін таразы басы теңесті. Ал соңғы раундта қара құр­лықтың өкілі тегеурінін күрт күшейтті. Валентина жиі қателесті. Бір мезетте Хальзова құлап қалды. Ринг­тегі қазы нокдаун белгіледі. Одан кейін де екпіндеп шабуылдаған Пангуа жеңісті қазақстандық бокс­шының уысынан жұлып әкетті.

Ал кешкі бағдарламада 54 кило салмақтағы Дина Жоламан румы­ниялық Лакрамиоара Пери­шочпен күш сынасты. Бұл бәсекенің қалай аяқталғаны жайында ертең толық ақпарат береміз.