Қазақстанның стратегиялық мақсаты – мықты және жауапты жеке бизнесті құру. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бизнесті қорғау тетіктерін күшейту жөніндегі қадамдардан басқа, тартымды инвестициялық ахуал қалыптастыруға да ерекше назар аудару қажет. Жаһандық турбуленттік пен белгісіздік, сыртқы және ішкі сын-қатерлердің күшеюі кезінде, әдетте мемлекеттің рөлі күшейе түседі. Алайда біздің стратегиялық мақсатымыз - әрқашан мықты және жауапты жеке бизнесті құру болып қала береді», деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, қуатты және тұрақты нарықтық экономика құру үшін әркелкі бәсекелестік факторларын анықтау және жою бойынша жүйелі жұмыс қажет. Оның туындау тәуекелдері мемлекеттік қолдау шараларының тиімсіз рәсімдерінде жатыр. Бұл салық жеңілдіктеріне, жер телімдерін бөлуге, мемлекеттік сатып алуларға және жалпы әкімшілік реттеуге қатысты.
«Мысалы, қазір шағын және орта бизнес үшін жерге қол жеткізудің бірден-бір тәсілі - әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың міндетті қатысуымен инвестициялық жобаларды іске асыру болып отыр. Басқаша айтқанда, өндірістің негізгі факторымен бірге, кәсіпкерге мемлекеттің қатысуы мәжбүрлі түрде таңылады. Бизнес жер телімін жалпы негізде алу мүмкіндігінің жоқтығына шағымданады. Бұл мәселенің жүйелі шешімі – жер ресурстарының ашық картасын жасау деп те болжанды. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс өте баяу жүріп жатыр. Қолданыстағы электронды ресурс пайдаланушылар үшін ыңғайсыз, деректердің өзектілігі мәселесі басы ашық күйінде қалып отыр, басқа жүйелермен интеграция жоқ. Үкімет бұл мәселені айрықша бақылауға алуы керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл жобаны тиімді іске асыру - келесі қадамға өтуге, яғни жер алуға өтінім беру мен қараудың автоматтандырылған тетігін енгізуге жедел көшуге мүмкіндік береді. Тоқаев мұндай жүйені жыл соңына дейін іске қосу қажеттігін айтты.
«Бәсекелі нарықтарда баға шектеулерін қолдану мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Баға шектеулері азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да бөлшек сауда нарықтарында белсенді қолданыла бастады. Мүмкін дәл қазір, біздің дамуымыздың күрделі кезеңінде бұл қажет те шығар. Бірақ Үкімет бағаны реттеудің нарықтық тетіктерін қолдану жөнінде ойлануы керек. Қорыта айтқанда, барлық салаларда бәсекелестікті жедел қарқынмен күшейту керек. Жалған қадағалау жолы жалпы тапшылыққа және тауарлар сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Тепе-теңдік қажет. Бәсекеге қабілетті тауар нарықтарының шамадан тыс бағалық реттелуі елді жеке инвестициялардан айырады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.