• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 19 Мамыр, 2022

Тарихи таным тағылымы

472 рет
көрсетілді

Елорда төрінен орын тепкен Ұлттық музейге қарай ағылған халықтың қарасы бүгін тіпті қалың. Әсіресе тарихын танып, өткеннің өнегесін бойына жиғысы келген жастардың ықыласы жанға қуат, жүрекке жігер сыйлайды. Жұмыс күнінің аяқталғанына қарамастан жанталасып алып ғимаратқа анталай асыққан әлеуметтің музей алдындағы қарбалас тіршілігіне қарап көңіл сүйсінгендей.

Себебі бұл түннің тарих үшін де, ха­лық үшін де танымдық тағылымы мол. Әр жылдың 18 мамырында әлем бо­йынша аталып өтетін халықаралық музей күні аясында жүзеге асатын «Музей түні» акциясы бүгінде елордалықтардың асыға күтетін маңызды мерекесіне ай­нал­ған. Ұлттық музей ұжымы бұл жо­лы да жылдағы дәстүрінен танбапты. Сәрсенбінің сәтіне дөп түскен тағылымды шара «Музей құдіреті» деген тақырыппен тарихын танығысы келген жұртшылықты тәнті етті. Кешкі сағат 18.00-ден 00.00-ге дейін жалғасқан мазмұнды кеш қызықты бағдарламаға толы болды. Атап айтсақ, мәдени іс-шара музейдің орталық кіреберіс алаңында Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық Ұлан құрметті қарауыл ротасының және әскери оркестрлерінің салтанатты дефилесінен бастау алып, «Астана Опера» театрының оркестрі, Астана циркі өнерпаздарының қойылымы, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік акаде­миялық филармониясының классикалық және эстрада бөлімінің концерті, сондай-ақ театрландырылған экскурсия мен Нұр-Сұлтан қаласы «Шаңырақ» театрының көрінісі көрермен назарына ұсынылды.

Мәдени құндылықтарды, халқымыздың тарихын, мәдениетін бір кеңістікке бірік­тіре отырып, әртүрлі жанр мен стильдегі өнер туындыларын ұсыну, музей қызметін, ондағы экспонаттар мен жәдігерлерді кеңінен насихаттауды мақсат еткен тағылымды кештің ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының орынбасары Назгүл Қадырымбетова іс-шараның маңыздылығына тоқталып өтті:

– Музей – ғылым мен білімнің ортасы. Ол әрбір мемлекеттің ұлттық құн­дылықтарын ұлықтайтын, рухын ас­қақтататын құдірет. «Музей түні» акциясы Ұлттық музейде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Тарихи жәді­герлердің сырын халыққа бүкпесіз жеткі­зетін музей саласының мамандары бұл күнді асыға күтері анық. Іс-шараның мақ­саты тарихымызға, мәдениетімізге, ру­хани құндылықтарымызға деген жас­тар­дың құрметін арттыру,  – деді Н.Қады­рымбетова.

Иә, тарихпен тілдескің келсе – музейге бар. Өйткені тағылымды мекен төрінен орын алған шежіре тұнған жәдігерлер галереясы тарих тарамдарын көне заманнан бүгінге дейін шебер тарқатады. Биылғы музейдегі түнінің ерекшелігі сол,  «Жұлдызды гид» жобасы аясында халықаралық байқаулардың лауреаттары Рухия Байдүкенова, Ақерке Тәжібаева, Севда Алиева, Әділхан Макин және теле­жүргізушілер Гүлназ Әлімгерей, Әйге­рім Есенәлі  келушілерді музей залдарымен таныстырды. Көптеген қызықты әрі танымдық мәдени бағдарламалар ұйым­дастырылды, музей қызметкерлері бала­л­арға арналған ойындар мен викто­риналық сайыстар өткізіп, құнды жәді­герлерді қалпына келтіру процесі көрсе­тілді. Бұдан бөлек іс-шара аясында Қазақ­стан бейнелеу өнерінің классик және заманауи суретшілерінің кескіндеме туын­­дыларынан жинақталған тұрақты экс­­позициялық залының ашылуы өтті. Келу­шілер Қазақстанның ежелгі дәуі­рі­нен қазіргі заманға дейінгі тарихы мен мәдениетін, нақтырақ атап айт­сақ, классикадан авангардқа дейінгі бірегей мұражай коллекцияларын, экспозициялар мен арнайы тақырыптық көрмелерді тамашалады. 

 «Музей түні» акциясы Ұлттық музейде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. 2015 жылы өткен алғашқы іс-шараға 23 мың адам қатысса, 2016 жылғы 18 мамыр күні Ұлттық музейге 30 мыңнан астам адам келген. 2017 жылы аталған акция 2 рет өткізіліп, 39 мыңнан аса адам келді. Оның алғашқысы «Наурыз» мерекесіне орай ұйымдастырылса, екіншісі Халықаралық музей күніне арналды. 2018 жылы 37 мыңнан аса қонақ, ал 2019 жылы 42 мыңнан аса адам келді. 2020-2021 жылдары елімізде орын алған карантин жағдайына байланысты аталған іс-шара музейдің әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы онлайн форматта жүзеге асқан болатын.

Тарихқа сәл шегініс жасасақ, «Халық­аралық музей күні» мерекесі 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында бекітілген. Аталған датаға орай 1997 жылы тұңғыш рет «Музей түні» шарасы Берлин қаласында өтті. Бүгінде Музей күнін әлемнің 150-ден астам мемлекеті мереке ретінде атап өтеді. Қазақстандағы алғашқы «музейдегі түн» 2006 жылы Алматы қаласындағы Орталық музейде өтті. Осы мәдени оқиғадан кейін бұл бастаманы еліміздің түкпір-түкпіріндегі музейлердің барлығы дерлік қолдап, жыл сайын «Музей түні» акциясын өткізу дәстүрге айналды.

Қазақстандағы ең алғашқы музейлік бас­таманы 1883 жылы Жәңгір хан көтерген. Сол жылы ол өз ордасында музейлік көрме залын ашты. Музейтанушы Нұрсерік Жолбарыстың келтірген деректерін негізге алсақ, қазақ жерінде арнайы мекеме ретінде ұйымдастырылған алғашқы музейлер 1831 жылы 1 сәуірде Орынборда, 1883 жылы Семейде, 1898 жылы Верныйда, 1859 жылы Оралда ашылды. Революцияға дейін Қазақстанда осы 4 музей болса, бүгінде елімізде 230-дан астам музей жұмыс істейді екен. Жалпы, «Музейдегі түн» идеясы ең алғаш рет 1970 жылдары ұсынылғанымен, ұсыныс қолдау таппай, ұзақ үзілістен кейін 1997 жылы Германия мемлекетінің бастамасымен Берлинде жүзеге асқан. Lange Nacht der Museen («Музейдегі ең ұзақ түн») деген атаумен өткен жарқын жобаға Париж қызығушылық білдіріп, айтулы іс-шара кейін атақты Луврда жалғасын тапқан.  Музейдегі түн осылайша жаһандық сипат алып, шартарапқа тараған.     

Иә, бүгінде музей мәдениеті десек, ойымызға бірден Санкт-Петербургтегі Эрмитаж, Париждегі Лувр, Версаль, Лондондағы Ұлттық галерея, Тауэр, Британ музейі бастаған жәдігерлер ордасы оралады. Аталған елдерге барып тұрып, айтулы мәдени орындарға соқпай кетуді орны толмас олқылық көретін сана қалыптасқан жаһандық түсінікте. Қаншама мыңжылдық тарихты бір шаңырақ астына түйістірген сол мекендер мерейін Ұлттық музей төріне көшірсек, қандай ғаламат болар еді деген ойдың да тарих сөйлеген осы бір түнде көкейде қылтиғаны белгілі. Оған Қазақстанның бай тарихы да, құнды жәдігерлері де сөзсіз септесер еді. Аумағы 14 мың шаршы метрді алатын Ұлттық музей ғимараты дүние жүзіндегі ең үлкен мұражайлардың қатарына кіреді. Әртүрлі тақырыптар бойынша жүйеленіп, бөлінген 8 көрме залының халқымыздың ғасырдан-ғасырға тамыр тартатын өткенін, тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа таратуда рөлі ерекше. Жиналған жәдігерлер еліміздің өткені мен бүгінгісі туралы ой салып, жастарды отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеуде ықпалы зор. Музей төрінде әр экспонатқа зерделей қарап, таңырқай тіл қатқан отандық қана емес, шетелдік қонақтардың ықыласы да осы ойымызды бекіттіре түскендей. Әлем назарын бұрғызған Ұлттық музейімізді ұлттық брендке айналдыра алсақ, қанеки?!