• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 20 Мамыр, 2022

Кедендік бақылау саласындағы ынтымақтастық кеңейеді

215 рет
көрсетілді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында Сенаторлар Қытаймен ядролық материалдардың заңсыз тасымалдануының алдын алу туралы келісімді ратификациялады.

Атап айтқанда, депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Рес­публикасының Үкіметі арасындағы Ядро­лық материалдарды, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және ра­диа­циялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбаудағы өзара іс-қимыл жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.

Құжат жөнінде баяндама жасаған Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, Келісімді рати­фикациялаудың артықшылығы көп. Мәсе­лен, ядролық, радиоактивті материалдарды, радио­активті қалдықтарды, радиациялық-қауіп­ті заттарды кеденнен заңсыз өткізуге жол бер­мейді. Бұл мақсатта кедендік бақылау сала­сындағы ынтымақтастық кеңейтіледі. Заман­ауи технологияларды енгізу мәселелері бойын­ша ынтымақтастық жасалып, бірлескен оқу-жаттығулар мен оқыту семинарлары өткізіледі.

«Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Тараптардың халықаралық мiндеттемелердi орындауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Тарап­тардың кедендік шекарасындағы өткізу пункттерінде радиациялық бақылау жүргі­зіледі. Азаматтарының радиациялық қауіп­сіз­дігі қамтамасыз етіледі.

Мемлекеттердің заңнамасына сәйкес әке­луге тыйым салынған ядролық, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды, радиациялық қауіпті заттарды Тараптар мем­ле­кеттерінің аумағына әкелуге жол беріл­мей­ді. Яғни радиация аясы белгіленген нормалардан асатын әкелу елінен тауарлар мен көлік құралдарын тасымалдауға қатысты Тараптар мемлекеттері заңнамасының талап­та­ры сақталмаған жағдайда, мұндай тауарлар екінші Тарап мемлекетінің аумағына әкетілмейді», деді Е.Жамаубаев.

Ведомство басшысының сөзіне сүйен­сек, кедендік бақылау кезінде тауарлар мен көлік құралдарының сәулелену дең­ге­йін­де айырмашылық болса, онда бірлескен бақылау жүргізіледі. Бірлескен радиациялық бақылауды жүргізу тәртібін Тараптар мем­ле­кет­­тері кеден органдарының өкілдерінен және оқу орталықтарының мамандарынан тұратын бірлескен жұмыс тобы айқындайды.

«Қабылданған заң жобасы ядролық және радиоактивті материалдарды кедендік ше­ка­рада заңсыз өткізудің алдын алуға ар­нал­ған. Құжат Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы біріккен іс-қимылдардың құқықтық негізін қалыптастыруды көздейді. Алдағы уақытта бұл заң екі мемлекет арасындағы кедендік ба­қы­лауға қатысты ынтымақтастықты одан әрі да­мытуға оң үлесін қосады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар сенаторлар «1992 жылғы 13 наурыздағы Салық саясатының келісілген принциптері туралы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер үкімет­тері арасындағы келісімнің қолданысын тоқ­тату туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң қабылдады. Бүгінде бұл Келі­сімге қол қойылғанына 30 жыл уақыт өтті. Қазіргі таңда құжат, оның ішінде Келісім­нің қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінім­дердің болмауы­на байланысты өзінің өзекті­лігін жоғалтты. Соған байланысты ТМД-ға мүше мемлекеттер Келісімнің қолданысын тоқтату туралы шешім қабылдады.

Бұдан бөлек, сенаторлар ел Президентінің ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Ерден Әріповті басқа қызметке тағайындалуына байланысты қызметінен босатты.

Отырыс кезінде сенаторлар өздерінің де­путат­тық сауалдарын да жолдады. Сенатор Рысқали Әбдікеров Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауа­лында лифтілердің нашар жағдайына және оларға қызмет көрсету деңгейіне қатыс­ты проблемаларды атап өтті. Сенатор 2012 жылы лифт саласын лицензиялау алынып тас­­тал­ғанына тоқталып, соның салдарынан жауап­­кершілігі төмен компаниялар пайда бол­ға­ны­на наразылық білдірді.

«Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан Лифтшілері ұлттық қауым­дас­тығының мәліметтеріне сүйенсек, 2018-2022 жылдар аралығында елімізде лифт ақауынан 13 төтенше жағдай тіркеліп, оның 8-і қайғылы жағдаймен аяқталған. Бүгін­гі күні, еліміздегі көпқабатты тұрғын үйлер­де шамамен 30 мыңнан астам лифт болса, со­ның 4 мыңнан астамы жөндеуді немесе ауыс­тыруды қажет етеді. Әсіресе Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақ­стан, Ақтөбе облыстарындағы тұрғын үй­лердің лифтілері әбден тозған. Сондықтан бұл мәселе жұртшылықты қатты толғандырады», деді Р.Әбдікеров.

Сенатор сонымен қатар отандық лифт жасаушыларды қолдауды күшейтудің маңы­зын атап өтті. Ресми деректер бойынша Қазақ­станға жыл сайын 5 мыңнан астам лифт әкелінеді. Ал отандық компаниялар бұл сұраныстың тек 21 пайыздан астамын ғана қанағаттандыра алады. Депутат осыған байланысты саланы қолдауды күшейтуді, апаттық лифтілерді ауыстыруға несие бөлуді, күмәнді лифтілерді жеткізуді шектеуді ұсынды. Сондай-ақ ұлттық стандарт талаптарының сақ­талуын қатаңдатуды және оларға сәйкес келмеген жағдайда әкімдіктердің осындай лифт компанияларына айыппұл салуына рұқсат беруге кеңес берді.

Үкімет басшысына жолдаған сауалында Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстандағы «Қазсушар» кәсіпорнының гидротехникалық нысанын жөндеу жұмыстарын жедел аяқтау керектігін атап өтті. Депутаттың айтуынша, бірнеше жыл бойы жөндеуді негізсіз кешіктіру жобаның қымбаттауына және шаруалардың шығынға ұшырауына алып келеді.

Мәселен, 2014-2016 жылдары 5 бірдей жоба бойынша гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға тиіс еді, бірақ жұмыс әлі аяқталмаған. Жөндеу жұмыстарының негізсіз кешігуіне байланыс­ты Зайсан ауданындағы Үйден су қоймасын қалпына келтіру құны 851 миллион теңгеге өсті. Қарғыба өзеніндегі бөгетті жөндеу 320 миллион теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін.

«Осы жобалардың уақтылы аяқтал­мауына байланысты 28 646 гектар суармалы жер көп жыл бойы тиімді пайдала­ныл­май, ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­ші­лер­дің қаржылық жағдайына және ондаған елді мекеннің әлеуметтік-эко­но­ми­калық жағдайына үлкен нұқсан келтірді. Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында аталған жобаларды аяқтауды қаржыландыруды қарастырып, шешімін табуға көмектесуіңізді сұраймын», деді Д.Мусин.

Сенатор Ақылбек Күрішбаев Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жол­даған депутаттық сауалында азық-түлік инфля­циясының рекордтық деңгейге жеткенін атап өтті. Сенатор Қазақстан ауылшаруа­шылық өнімдерінің негізгі түрлерін экспорттай­тын әлемдегі 10 елдің қатарына кіретініне қара­мастан, азық-түлік бағасының өсуі маңызды мәселеге айналғанын жеткізді. Депутат бұл ретте біздің еліміз азық-түлік инфляциясының деңгейі бойынша көптеген басқа елдің алдына түсіп кеткеніне назар аударды.

«Қазіргі уақытта мемлекеттік органдарымыз өрт сөндіру әдісімен жұмыс істейді деп айтуға болады. Олардың іс-қимылы алдын алу сипатындағы шараларды қолдануға емес, аяқасты туындаған жағдайға жауап қайтаруға ғана бағытталған. Ең сорақысы, бізде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәсе­ле­лерінде жүйелілік жоқ», деді А.Күріш­баев.

Сенатор «азық-түлік тәуелсіздігі» ұғымын заңнамалық деңгейде дәл анықтап, бекітілуі тиіс және тамақтану нормасын анықтауда нақты тәсілдерге көшу керек деп санайды. «Бізде азық-түлік қауіпсіздігі доктринасы қабылданып, оның нақты көрсеткіштері, бағалау өлшемшарттары мен қамтамасыз ету тетіктері айқындалуға тиіс. Дамыған елдер­де бұл мәселелер ұзақмерзімді эконо­микалық байланысты қалыптастыра отырып, белгіленген бағамен форвардтық және фьючерстік келісімшарттарды дамыту арқылы ше­шіледі. Сондықтан оларда азық-түлік тауар­ларын ішкі нарыққа белгіленген бағалар бо­йынша жеткізудің тұрақты көлемі сақталып отырады. Осы себептен аталған елдерде азық-түлік инфляциясы біздегідей көтеріл­мейді», деді сенатор.

Ақылбек Күрішбаев сондай-ақ өсірілген өнімді ішкі азық-түлік нарығына форвардтық келісімшарттар бойынша және белгіленген бағаларға сәйкес жеткізуді субсидия алудың міндетті шарты ретінде енгізу қажеттігін атап өтті.