Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы іске қосылғалы бір аптадан асты. Осы аралықта халықтың талабына сәйкес бағдарлама талаптарына біршама өзгеріс енгізілді.
Өнеркәсіпті дамыту қоры басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева атап өткендей, бағдарлама іске қосылған уақыттан бері (16 мамыр) ел тұрғындарынан 14 507 өтінім түскен. Оның 4 834-і мақұлданды. Бұл дегеніміз – 35,7 млрд теңге. 2 857 өтінімді «Банк ЦентрКредит» мақұлдаса, қалған 2 013 өтінімге «Еуразиялық банк» оң жауап берген.
Әзірше республикада 34 автокөлік берілді. Оның 11-і Нұр-Сұлтанда, 6-ы Шымкентте, 4-і Алматыда ресімделген. Павлодар және Жамбыл облыстарында 4 көліктен берілсе, Ақтөбе облысында 3 көлік өз иесін тапқан. Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында бір-бір көліктен ресімделген.
Өкінішке қарай, бағдарлама басталған сәтте тұрғындар арасында түсініспеушіліктер орын алды. Сондықтан бағдарлама операторы жобаға біршама өзгеріс енгізді.
– Халықтың талабына сәйкес, екінші деңгейлі банктерге төлем шотын ұсынатын кезде автомобильдің VIN-кодын қоса беру туралы талап жойылды. Сонымен қатар тұрғындар КАСКО сақтандыруына қатысты көп шағым айтты. Сол себепті Өнеркәсіпті дамыту қоры халықтың қаржылық жүктемесін жеңілдету мақсатында банктерге сақтандыруды несиенің толық мерзіміне емес, бір жылға есептеу туралы талап енгізді, – деді Ж.Ибрашева.
Еске сала кетейік, жеңілдетілген автонесие бағдарламасы 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сол уақыттан бері 155 млрд теңгеге 29 650 несие берілген. Яғни осыншама адам көлікті болды деген сөз. Ал негізі биылғы бағдарламаға дейін бұған 82 млрд теңге бөлінген. Бағдарлама револьверлік жүйемен жұмыс істейтіндіктен, халықтан қайтарылған қаржы қайтадан осы жобаға жұмсалады. Соның нәтижесінде әу баста бөлінген 82 млрд теңге жеті жылда 155 млрд теңгеге дейін ұлғайған.
– Биылғы бағдарлама 16 мамырда іске қосылды. Мұның 2015 жылы басталған бағдарламамен салыстырғандағы басты айырмашылығы – операторларында. Бұған дейінгі бағдарламаның операторы Қазақстан даму банкі болса, бұл жолы Өнеркәсіпті дамыту қоры жауапты. Алдыңғысымен салыстырғанда тағы бір ерекшелік бар. Ол – несиені бастапқы жарнасыз-ақ ресімдеу, – деп нақтылады ол.
Бағдарламаға бөлінген қаржы – 100 млрд теңге. Бұл сомаға шамамен 10 мың көлік беріледі деп күтілуде. Бағдарлама револьверлік жүйемен жұмыс істейтіндіктен, алдағы 30 жылда нарыққа 70 мың жаңа көлік ұсыну жоспарланған. Бүгінгі таңда «Банк ЦентрКредит», «Еуразиялық банк», «Халық банк» өтінімдер қабылдауда. Осы аптаның басында бұл қатарға Forte Bank те қосылды.
23 мамырда «Еуразиялық банктің» бағдарламаның алғашқы траншпен бөлген қаржысын бір аптада игеріп тастағаны белгілі болды. Сондықтан банк әзірше тұрғындардың өтінішін қабылдамай жатыр. «Еуразиялық банк» АҚ филиалы директорының бөлшек сауда жөніндегі орынбасары Жансерік Сабыржанның айтуынша, алдағы маусымда тағы да қаржы бөлінбек. Міне, сол кезде өтінімдерді қабылдау қайта жанданады.
– Алғашқы траншпен біздің банкке 15 млрд теңге бөлінді. Оны бағдарламаның алғашқы төрт күнінде игердік. Өтінімдерді қабылдау сол себепті тоқтатылды. Маусымда жұмысты қайта жалғастырамыз. Жалпы, біздің банкке жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша 35 млрд теңге қарастырылған, – деді Ж.Сабыржан.
Қазір ел ішінде «бағдарлама аясында берілетін дайын көліктер жоқ екен», «жаңа көліктерді бірнеше ай күту керек» деген әңгіме айтылып жүр. Қазақстан автобизнес қауымдастығының өкілі Қайрат Еламанов осыған қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, автосалондардың қоймасында 8 мыңға жуық автокөлік резерві бар.
– 2020 жылы қазақстандық зауыттар шамамен 93 мың автомобиль шығарды. Көлік тапшылығы жоқ. Өйткені өндірушілер бағдарламаның іске қосылуына дайын болды. Біз жеткілікті көлемді жинай алдық. Биыл өндіріс көлемі шамамен 20 пайызға артады деп күтілуде. Маусым айында дилерлік орталықтарға 9 мыңға жуық автомобиль жеткізілмек. Автомобильдер клиенттерге айтылған мерзімде жеткізіледі, – деп сендірді Қ.Еламанов.
Айта кетейік, әзірге өтінім берушілер арасында Chevrolet үлкен сұранысқа ие. Екінші орында Hyundai тұр.